Сәбиінің мұрны түсіп қалған әйел маңғыстаулық дәрігерлердің үстінен шағым түсірді

Сәбиінің мұрны түсіп қалған әйел маңғыстаулық дәрігерлердің үстінен шағым түсірді

Сәбиінің мұрны түсіп қалған әйел маңғыстаулық дәрігерлердің үстінен шағым түсірді
ашық дереккөзі
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы перинаталдық орталықта арнайы аппаратқа қосылған сәбидің мұрны бір түн ішінде шіріп түсіп қалды, деп хабарлайды "КТК" арнасы.  «Шала туылса да, бір айдай балам сап-сау болды», - дейді анасы. Ол нәресте жансақтау бөліміндегі аппаратқа қосылған соң осындай жағдайға жетті деген сенімде. "Медбикелерге бір күн бұрын «қараңыз, мынау жара боп жатыр» деп айтқанмын. «Ештеңе болмайды» деп, екі медбике қарамады. Бұл сол күні түнде болған жағдай. Дәрігерлер, медбикелер кінәлі. Мен әділдік орнағанын қалаймын. Баламның өмірімен ойнады. Сәбиді қанша қинады", - дейді нәрестенің анасы Бақыт Бекназарова. Мұрынсыз қалған шақалақ төрт айдан бері жансақтау бөлімінде жатыр. Содан бері анасы облыс пен елордаға шағымды қарша боратуда. Перинаталдық орталықты тексерген облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасанды тыныс аппаратының мұрынды қажап, содан сәбидің нәзік терісінде жара пайда болғанын және бірден мұрын некрозына ұшырағанын анықтаған. Бала жатқан бөлімшенің кезекші дәрігерлері мен медбикелеріне түгел сөгіс те беріпті. Аз уақытта екі рет ота жасатқан нәрестенің анасы енді моральдық шығын ретінде орталықтан 10 миллион теңге талап етіп, сотқа берді. Ал перинаталдық орталық «бәленің бәрі сәбидің анасы мен сирек кездесетін ауруда» деп ақталып отыр. "Баланың анасы қауын мен газдалған сусын ішіп, нәрестесін емізген. Содан ішек ауруы қозып, сәби жансақтау бөліміне түсті. Ағзасы әлсіреген балада бет тіндерін бұзатын "нома" деген сирек ауру пайда болған. Мұндай диагнозды Алматы мен Нұр-Сұлтаннан арнайы келген екі хирург та растап отыр. Әйтпесе, қанша нәресте апаратта жатыр ғой. Барлығы сап-сау", - деді Маңғыстау облыстық периниталдық орталығының бөлім меңгерушісі Әлия Тасырова.