Киік қырылған күз

Киік қырылған күз

Киік қырылған күз
ашық дереккөзі
Киік – тұмса табиғаттың ерек жа­ра­тылысы. Жәудіркөз жануар әлемнің үш-ақ бұрышында табиғи жол­мен өсіп-өнеді екен. Киелі аңға тал бесік болған сол санаулы ме­кеннің бірі – қазақ топырағы. Өт­кен ғасырдың ортасында дала­мыз­дағы киіктің саны 2 миллионнан асып жығыл­ған. Мамандар­дың есебінше, бүгінде елімізде не­бәрі 334 мыңға жуық киік тұяғы қал­ған көрінеді. Бейресми деректер тіпті 200 мыңға жетуі неғайбыл де­ген­ді меңзейді. Өзекті өртейтіні – дала жануа­рының он есе азаюына та­би­ғаттан гөрі адамның  қос­қан «үлесі» көбірек. 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында киікті ғылыми негізден бө­лек мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Бірақ бұл тыйым браконьерлерді тоқтатар емес. Мәселен, былтыр бір ғана Батыс Қазақстан облы­сын­да браконьерлерден киіктің 616 денесі мен 955 мүйізі, 25 мылтық, 1 025 оқ, 18 пышақ пен 19 ара тәр­кі­лен­ді. Оған 14 көлік, 3 моторлы қар шаңғысы мен квадроциклді қосыңыз. Бас про­куратураның деректеріне қарағанда, 2017-2018 жылдары еліміз­де бра­ко­ньер­лер шамамен 3 мыңдай киікті қыр­ған. Биыл да дала киесіне мылтық ке­зен­гендер азаймады. Наурызда Ақмола және Қарағанды облыстарында мүйіздері кесілген жүзден астам өлі киік табылса, маусымда Ақтөбенің Шал­қар ауданының төрт тұрғынынан үш киіктің еті мен 6 дана мүйіз тәр­кі­ленді. Киікке қырғидай тиген тағы бір браконьерлер тамыз айында Қостанай об­лысы Науырзым ауданының Ақжол ауы­лы маңында қолға түсті. Полиция із­деріне түскенде көліктеріне өңгеріп алған екі киікті лақтыра қашқан қас­көйлердің арам пиғылы іске аспады. Күз келгелі киік қырғыны тіпті үде­­ді. Өткен жексенбі, 10 қарашада Ба­тыс Қазақстан облысында браконьер 348 дана киік мүйізімен ұсталды. Табиғат қорғау полициясының қыз­меткерлері шекара қызметімен бірге шекара бекетінде Орал қаласының 1972 жылы туған тұрғыны айдап келе жатқан «Крайслер» автокөлігін тоқ­татып тексергенде, көліктегі екі чемоданнан 348 дана киік мүйізі табылды. Алай­да қос дорбасын бөкеннің мүйі­зіне толтырған оралдықтың «олжасы» өткен айдың соңында Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті қолға түсірген қылмыс­тық топ «та­бы­сы­­ның» жанында түк емес. Атырау, Ақ­төбе, Батыс Қазақстан, Түр­кістан және Қызылорда облыс­тары­ның, сон­дай-ақ Алматы және Шым­кент қа­ла­ла­ры­ның аумағында ұзақ уақыт бойы киік мүйізін дайындап, одан ары Қы­тайға контрабандалық жол­мен сатқан қыл­мыскерлерді тінту бары­сында  1 тон­на 118 келі киік мүйі­зі табылды. Бұл кем дегенде 3 мың бө­кеннің атылғанын ай­ғақтайды. Сарап­шылардың есебі бойын­ша 18 адамнан тұратын қыл­мыс­тық топтың мем­лекетке келтірген зияны – 5 млрд 664 млн теңгеге тең. Қоғамда үлкен дүмпу тудырған бұл оқиға Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа орны толмас залал кел­тіргендерді қатаң жазалауды тап­сыр­­ды.  «Браконьерлер табиғат байлы­ғы – киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық киікті өлтірген қылмыс­кер­лерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәй­кес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құ­қық қорғау органдары мұндай заң­сыз әрекеттерге тоқтау салуы керек», – деді Президент.

Заң жетілдірілді, жаза қатаңдатылды

Мемлекет басшысының тапсырма-сынан кейін Қылмыстық кодекске бір­қа­тар өзгертулер мен толықтырулар ен­гізілді. Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-министрі Ерлан Ны­санбаевтың айтуынша, бұдан былай бра­коньерлер жасаған қылмысы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. «Заңсыз аңшылық үшін қыл­мыстық шешім белгілері кеңейтілді және санкциялар ұлғайды. Мәселен, бұ­рын осы бап бойынша браконьерлер аң­шылықта жануарға зардап келті­ретін жарылғыш құралдар, кеме мен қар­да жүретін машина қолданғанда ға­на жазаланатын еді. Енді онда ату құ­ралы, пневматикалық және суық қару, ит­тер мен аңшылық құстары енгізілді. Браконьерлер жазаға тартылатын Қыл­мыс­тық кодекстің 339-бабы жетілдірілді. Бұрын 5 жылға дейін бас бос­тан­ды­ғы­нан айыру жазасы берілсе, енді бұл жаза 12 жылға созылады. Бұдан бөлек, ше­телдіктерді табиғатқа келтірген за­ла­лы үшін 5 жылға ел аумағынан шы­ғару қарастырылған. Заңнаманы жетілдіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр», – дейді вице-министр. Бұған дейін заңды белден басқан бра­коньерлер оңай жазамен құтылып келді. Кейбіріне салынған айыппұл аң атудан тапқан табысының оннан бір бөлігіндей ғана. Мәселен, құқық қорғау органдарының дерегінше, киік мүйі­зінің Қазақстандағы бағасы 2 келісі үшін 200 мыңнан асып отыр. Ал Қытай базарларында 3 500-5 000 доллар арасында. Сонда 4 мүйіз 1 келі бол­са, әр мүйіздің бағасы Қытай ба­за­рын­да 1 000 доллар төңірегінде. Ал браконьерлерге киікті атқаны үшін небәрі 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып келді. Көк қағаздың астында қалған қаскөйге көлденең табысының оннан бір бөлігін айыппұл­ға жұмсау сөз боп па? Демек, табиғат қор­ғаушылардың  киікке қару кезену­ші­лердің күрт көбеюін заңның сол­қыл­дақтығынан көруі негізсіз емес. Жыл басынан бері браконьерлердің ізіне түсу кезінде үш инспектордың көз жұ­муы заңнамадағы табиғат қорғау­шы­лардың құзыретін де қайта қарау қа­­­жеттігін көрсетті. Қаңтарда Қара­ған­ды облысында қорықшы Ерлан Нұр­ғалиев қаскөйлер қолынан қаза тапса, шілдеде браконьерлер «Охотзоопром­ның» тағы бір инспекторы – 43 жас­тағы Қаныш Нұртазиновты мерт қыл­ған еді.  Екі оқиғадан кейін ес жиып үлгермей жатып қазанның соңында Қызылорда­дан тағы бір инспектордың өлімі жайлы суыт хабар жетті. Жалағаш ауданы­ның аумағында браконьерлерді қуу ке­зінде «Охотзоопром» қызмет­кер­лерінің көлігі аударылып, ауыр жарақат алған инспекторлардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Осы оқиғалардан кейін елімізде инс­пекторлардың құзыреті кеңейіп, олар­дың өмірі мен денсаулығын қорғау шаралары күшейтілді. «Кейбір заң­на­ма­лық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан заңы бойынша бұдан былай табиғатты қорғау инспекторлары құқық бұзушыларды ұстап, қыл­­мысты тіркей алады. Сондай-ақ мем­­лекеттік инспекторлардың қыз­мет­тік автокөліктеріне дауыс зорайт­қыш құралы мен арнайы дабылдар орнатылатын болды. 2012 жылдың 24 мамырындағы Үкіметтің №670 Қаулысымен реттеле­тін қызметтік қару мен арнайы құ­рал­дарды қолдану тәртібін де қайта қарап жа­тырмыз. Онда инспектор өзіне оқ атылған жағдайда ғана қару қолдануға құқылы. Заң арқылы Орман кодексіне, «Айрықша қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жануарлар әлемін қор­ғау, пайдалану туралы» заңдарға ве­домс­т­воға уәкілетті орган мен оның ау­мақ­тық бөлімшелерін қадағалау функциясы жөнінде өкілеттік беру туралы түзетулер енгізілді, – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев. Қа­дағалау функциясының болуы инс­пек­торларға жеке және заңды тұлғалардың заңға қайшы әрекетіне жедел жауап қатуға – тоқтату, құжат тек­серу, ұстау, ау­лау құралдарын, қару-жарақты тәркі­леу секілді жедел шара қабылдауға мүм­кін­дік береді. Одан бөлек, табиғат қор­ғау инспекциясының ма­мандары ау­ланған аң-құс пен ба­лық­ты да тәркі­леуге құқылы.

Инспектор да олжаға ортақ

Заңнамаға енгізілген аталған өз­гертулер мен толықтырулардан бөлек, инс­пекторларды өз кәсібін адал ат­қаруға ынталандырудың жаңа әдісі енгізілмек. Сирек жануарларды атқаны үшін ұсталған браконьерлер мемлекетке айыппұл төлейді. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлігі сол айыппұлдың 30 пайызын заңсыз аңшылық жасаған адамдарды ұстауға көмектескен инспекторларға сыйақы ретінде табыстау мәселесін қа­растыруда. Мұндағы мақсат – қорық­шылардың өз міндеттерін ұмытып, аң аулаушылармен сыбайласып кетуіне жол бермеу. Өйткені инспекторлардың бәрі Нұрғалиев пен Нұртазиновтай кә­сібіне адал емес. Соңғы уақытта браконьерлерді қолға түсіргендер жайлы ға­на емес, қаскөйлердің ізін жасыруға көмектескен қорықшылар туралы да жиі еститін болдық. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жыл мен биылғы 9 айда осындай 10 оқиға тір­келген. Мәселен, өткен аптада 154 бас ақбөкенді қынаша қырып, мүйіз­де­рін Нұр-Сұлтан арқылы Ресейге жібер­мек болған қылмыстық топқа қатысты сот ісі аяқталды.  Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчуктың айтуынша, сегіз айға созылған тергеу қорытындысы бойын­ша іске «Охотзоопромның» өңір­лік филиалының Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғауға тиіс екі қыз­меткердің қатысы бары дәлел­денген. Биыл қаңтарда Атырау және Маң­ғыстау облыстарында балық инспекциясы мен полицияның «қамқорлығы­ның» арқасында емін-еркін қылмыс жасап жүрген топ ұсталды. 2017 жыл­дың желтоқсанында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ырғыз-Торғай ре­зер­ватының инспекторы қолға түсті. Оның көлігінен киіктің 8 мүйізі, аңшы мылтығы мен оқ-дәрі табылған. Бұл де­рек­тер табиғат қорғау инспектор­лары­ның арасында да ала жіпті аттайтындар кездесетінін айғақтайды.  Демек, браконьерліктің артында жең ұшына жалғасқан сыбайлас жемқорлық тұр. Иен даланың аң-құсын аяусыз атып жүргендердің құқық қорғау органдары мен сотта да сыбайластары болуы мүмкін деген сөз ел аузында бекер жүрмесе керек. Мұндай ой түюге итермелеген оқиғалардың бірі 2017 жылы Түркістан облысында болған еді. Арыс аудандық соты табиғат қорғау инспекторы Руслан Загировты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша соттап, үш жыл бойы қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс істеуге тыйым салды. Себебі инспектор қызмет бабын асыра пайдаланған көрінеді. Іс жүзінде табиғат қорғау инспекторы Сырдария өзенінде электр тоғын пайдалана отырып, балық аулап жүрген екі адамды байқап қалған. Сөйтіп үрлемелі қайықпен заң бұзушылардың ізіне түседі, олар өз қайықтарымен мұның қайығын бірнеше рет сүзген. Инспектор браконьерлерге ескерту үшін алдымен аспанға, содан соң суға оқ атыпты. Ал заң бұзушылар мұның өзіне қарсы оқ атқан. Оқиға шиеленісіп кеткендіктен, инспектор өзеннің қарсы жағалауына жүзіп кетуге мәжбүр болады. Кейін әлгі екеу «инспектор бізді жаралады» деп шағым жасаса керек, ауруханаға да барған. Жараланғаны туралы құжаттар да алыпты. Соңында табиғат қорғау инспекторы айыпты болып шыға келген. Еліміздегі аң-құс ату істеріне қатысты тергеудің туралығы, соттың әділдігіне күмәнді көбейткен тағы бір мысал. 2012 жылдың қазан айында «Охотзоопром» мекемесінің Алматы облысындағы Шарын ұлттық паркі инспекторлары қарақұйрық атып алған екі азаматты ұстаған. Бұл оқиғаға байланысты Алматы облысы Ұйғыр ауданы ішкі істер бөлімі іс қозғады. Алғашқы сараптама аңшылардан тәр­кіленген еттің қарақұйрықтікі екенін көр­сеткен. Бірақ аңның қанына жасал­ған «сараптама» бұл жануарды кәдімгі ит деп көрсеткен. Сөйтіп жарты жылдан кейін іс жабылды. Айтпағымыз, браконьерлікпен күресте кедергі көп. Жаза қатаңда­тыл­ды. Алайда заңның орындалуын қада­ға­лайтын органдардың жауапкершілігі сын көтермей тұрғанда құжатқа өзгер­ту енгізбек түгілі, бастан-аяқ қайта жазып шығудан да қайыр жоқ-ау, сірә...