Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қиындықтарға мойымай, ілгері жылжу керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қиындықтарға мойымай, ілгері жылжу керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қиындықтарға мойымай, ілгері жылжу керек
ашық дереккөзі
Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына қатысты. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйы­мының ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің саммитінде талқыланған негізгі тақырыптар – аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту және халықаралық терроризмге қарсы тиімді күрес жүргізу мәселелері. Ал Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстанның мемлекет басшылары бас қосқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында одақ жұмысының алғашқы жылы қорытындыланып, интеграциялық бі­­рігуді тереңдете түсудің жай-жап­сары талқыға түсті. Кеңеске қа­ты­су­шылар одақтың нормативтік-құқық­тық базасын дамыту, басқа ин­тег­рациялық бірлестіктермен және елдермен ынтымақтастықты нығай­ту мәселелеріне айрықша ден қойды. Сонымен қатар, келесі қар­жылық жылға Кеңес бюджетін және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа құрамын бекіту де кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер ретінде қаралды. Аталмыш жиындарға қатыспас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ең әуелі, Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллмен кездесті. Кездесуде Патриарх Кирилл Нұрсұлтан Назарбаевты І дәрежелі Сергий Радонежский орденімен марапаттады. Бұл марапат орыстың православие шіркеуінің иерархтары мен клириктері, сонымен қатар, халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың нығаюына мол еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ Орыс православ шіркеуіне еліміздің конфес­сияаралық келісімді нығайту­ға бағытталған саясатына жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді: «Тәуел­сіздік жылдары біз үнемі қатынас тең­дігін, барлық діни конфессияларға сыйластықты қолдадық. Әрине, Қазақстанда негізгі дін ислам мен православие болып табылады. Бұл рухани әлемнің екі діңгегін – қоғамымыздағы келісімнің негізі десе болады. Қазір әлемде діни және этникалық негізде түрлі қақтығыстар жүріп жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан арамыздағы тұрақтылық пен түсіністікті мақтан етуіміз қажет», – деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын да атап өтті. Бейбітшілік пен татулықты ту­ еткен Қазақстанның бірегей тә­жі­ри­бесін жоғары бағалаған Патри­арх Кирилл конфессиялар мен эт­нос­тар арасындағы достықтың қазақ­стан­дық моделі әлемнің барлық мемлекеттеріне, әсіресе қақтығыстан көз ашпайтын аймақтарға үлгі болуы керегін айтты: – Сіз – әлем таныған, көрнекті мем­лекет қайраткерісіз. Сіздің бас­шы­лы­ғыңызбен Қазақстан қысқа мерзімде қуатты даму жолына түсті. Көпэтникалық мемлекет ретінде Қазақстан түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт қарым-қатынас орнату жағынан әлемге үлгі десе болады, –деді Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кирилл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге сапары аясында Ресейдің халықтар достығы университетінің ректоры Владимир Филипповпен де кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының өзара ықпалдастығы мәселелері, сондай-ақ екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығының бағдарлары талқыланды. Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі көшбасшылардың бірі болып саналатын білім ордасы біздің ел үшін де білікті мамандар даярлау ісіне елеулі үлес қосып отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде Ресейдің халықтар достығы универ­си­тетінде Қазақстанның 500-ден аса студенті оқып жатыр. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемнің 150 мемлекеті арасында 2 орында тұр. Мемлекет басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі де екі ел әріптестігінің маңызды мәселелерін қамтыды. Алғашқы жылы талай қиындыққа тап болса да, ЕАЭО-ның құрылуы оң шешім болғанын баса айтқан Елбасы одақ аясындағы ынтымақтастықты ілгерлете түсудің маңызына тоқталды: «Еуразиялық экономикалық одақтың бірінші жылы оңай болмады, дағдарысқа тап болдық. Қандай шығындар болатынын білдік. Сонда да дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, қиындықтарға мойымай, ары қарай жылжу керек. Барлық елдердің ІЖӨ 30 пайыз дең­гейінде қалды, тауар айналымы төмендеді, алайда қарым-қатынас, ашық шека­ра, бірлескен кәсіпорындардың рөлі өте зор. Бұл туралы Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия­ның отырысында айтамыз. ҰҚШҰ оты­рысында бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары – сириялық және түркиялық түйткілдерді қарасты­рамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин де Қазақстан көшбасшысымен кездескеніне қуанышты екенін білдірді. «Біздің стратегиялық серіктестігіміз дамып келеді. Біздегі өсімге әсер етіп отырған әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан, кедендік реттеу ереже­лерін, техникалық және өзге де мәсе­лелерді үйлестіру бойынша жұмыс­ты жалғастырып жатырмыз. Бұл оң әсерін тигізбей қоймайды». Ресей – солтүстіктегі қуатты көршіміз ғана емес, стратегиялық серік­тесіміз. Тамырын тарихтың терең қатпарларынан алатын екі ел достығы экономика мен саясатта ғана емес, мә­дениет пен әдебиетте де игілігін көрсетіп келеді.