Депутат Білім және ғылым вице-министрін қызметінен босатуды талап етті

Депутат Білім және ғылым вице-министрін қызметінен босатуды талап етті

Депутат Білім және ғылым вице-министрін қызметінен босатуды талап етті
ашық дереккөзі
Сенат депутаты Еділ Мамытбеков плагиат төңірегіндегі даудан кейін Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованы қызметінен босату мәселесін қозғады, деп хабарлайды  Sputnik Қазақстан.  Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында Мамытбеков білім саласында қордаланған мәселелерді көтерді. Соның бірі білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Жақыпованың "жалған ғалым" атануы. "Сіздер білесіздер, бір айдан астам уақыт бойы отандық БАҚ пен шетелдік ұйымдар қазақстандық вице-министрдің плагиатын талқылап жатыр. Қазір әлемде мойындалған екі антиплагиаттық жүйе басқа біреудің ғылыми жұмысын пайдалану фактісін растап отыр. Мұндай жағдайда ведомстволық ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын пайдаланып, қазақстандық қоғамды жаңылыстыру - мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін бұзу болып саналады", - деді депутат. Мамытбеков ғылыми ұйымдар арасында қаржыны бөлу кезінде түйткілді мәселелер орын алып жатқанын алға тартты. Айтуынша, қазір елімізде ешқашан еш жерде қолданысқа енгізілмейтін жобаларға қыруар қаржы бөлінеді. Ал құнды, қоғамға пайдасы бар жобалар назардан тыс қалады, немесе бөлінген ақша оны сапалы жүзеге асыру үшін мардымсыз. "Басқаша айтқанда, бізде ғылымды басқаратын өкілетті органда объективтілік пен әділдік жоқ", - деді ол. Сенат депутаты "жалған ғалым" деп айыпталған вице-министрдің әлі де өз қызметінде жүргенін айтты. "Неге әлі күнге дейін кадрлық шешім қабылданған жоқ?", - деді Мамытбеков. Сөз соңында сенатор ғылыми қоғам мен жоғары білім жүйесін өзге елдер алдында Қазақстанның беделін түсірген лауазымды тұлғаның масқарасынан құтқаруды талап етті.