31 Қазан, 10:52 401 0 Сыртқы саясат Túrkistan Gazeti

Невзат Уянык: Біздің мақсатымыз – халықтың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау

Түркия Республикасы биыл 9 қазанда Сирияның солтүстігіне қарай «Бейбітшілік қайнары» атты әскери операция бастаған еді. Тілшіміз аталған операцияның мән-мақсатына қатысты Түркия Респуб­ли­ка­сының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уяныктан сұхбат алған болатын.

– Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бір сөзінде «мақса­тымыз– Евфраттың шығысын бейбітшілік бұлағымен нәрлендіру, лаңкестерден босаған жерлерге 2 миллиондай ел қондыру» деген еді. Ұзамай 9 қазанда «Бейбітшілік қайнары (бұлағы)» атты операцияны бастап жібердіңіздер. Нақты себебін тарқатып айтып берсеңіз.

– Түркия биыл тоғызыншы жылға ұлас­қан Сириядағы тұрақсыздықты шешу үшін күш салып келе жатқан елдердің ең басында тұр. Астана үдерісіне де кепіл ел ретінде белсенді атсалысып келеміз. Бұл жерде бауырлас Қазақстанның, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев­тың бітімгер саясаты ар­қа­сында Астана үдерісі де Сириядағы тұ­р­ақтылықтың артуына үлес қосты. Қазақстанның «Жусан» операциясын да айрықша атап өту керек. Бұл жерде айт­пағым, біздің мақсат – Сирияда ты­ныш­тық орнатуға бар күшімізді салу. Тоғыз жылдың ішінде туған жерлерінен босып, Түркияға бас сауғалаған 3 миллион 600 мың сириялық азаматты бауы­ры­мызға басып отырмыз. Олардың өмір сүруі үшін, белгілі бір кәсіпке ие болып, жалпы жұмыс, тіршілік жасауы, балала­ры­ның оқуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ал өкінішке қарай, Сирия­дағы соғыс пен бастарына төнген қауіп-қа­тер­ден қашқандардан босап қалған жерлерді, яғни дәл шекарамыздың арғы бетінде ДАИШ, PKK («Күрдістан жұмыс­шы партиясы») мен оның Сириядағы қанат­тары YPG («Халықтық қорғаныс жасақтары») және PYD («Демократиялық бірлік партиясы») атты лаңкестік ұйымдар иеленіп, топтасып алған. Біз олардың террорлық шабуылдарынан да ең көп зардап шеккен елдердің біріміз. Олар біздің шекара аума­ғы­на жақын жерлердегі ауыл-аймақ­та­рымызға шабуылдар жасап келді. Соңғы екі жылда 200-дей рет әуе­ден ракеталармен шабуыл жасалып, ондаған жер­лесіміз көз жұмып, жүздегені жараланды. PYD/YPG террорлық ұйымдары Сирияда және сириялықтарға қарсы лаңкестік әрекет­тер­ді де жүзеге асырды. Олардың балаларды әскерге алу, оппозицияны қорқыту, демо­гра­фиялық құрылымды өзгерту және бақы­ла­у­ын­дағы аудандарда адамдарды қатарына мәжбүрлеп тарту сияқты адам құқығын бұзу­шылық фактілері тіркелген әрі дәлел­ден­ген. Жергілікті халыққа жаппай қысым көрсетуде. Сонымен қатар, біз қаупсіздік аумақ құрғалы отырған жер­лер­­де тұрған халықтың үштен екісінен астамы араб ұлты өкілдері болатын, олар лаңкестердің елді мекендердегі зорлық-зомбылықтарынан қашып, 350 мыңнан астамы Түркияға келсе, өзгелері басқа жер­лер­ге босып кетті. Әлбетте, біз көрші іргемізде болып жатқан мұндай қылмысқа қол қусырып, қарап отыра алмаймыз. Оларға қарсы белсенді кү­ре­суді дұрыс деп таптық. Сондықтан құрметті Президентіміз Режеп Тайып Ердоғанның Бас қол­бас­шы ретінде берген бұйрығы негізінде Түрік­тің қарулы күштері 9 қазанда «Бей­біт­шілік қайнары» атты әскери операция­сын бастады. Ал лаңкестерден таза­лан­ған ше­карамыздан, яғни Евфрат өзенінен Ирак­тың шекарасына дейін 30 шақы­рым­ға дейінгі 444 км²-ден аса жерде қауіпсіз аумақ құрмақпыз. Ондағы мақсат – ха­лық­тың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасап, бұрын осы жерлерден кеткен сирия­лық бауырларымыздың өз еріктерімен өз Отандарына, атамекендеріне оралып, тір­шілігін жалғастыруына жан-жақты қолдау көрсетіп, жол ашу. Естеріңізде болса, 2017 және 2018 жылдары Евфрат­тың батысында жүзеге асқан «Евфрат қал­қаны» мен «Зәйтүн бұтағы» операциялары арқасында 4000 км²-ден аса аумақ­ты аталған лаңкес­тер­ден тазарт­тық. Ол жер­лерден террор ұйым­дары қы­сы­мынан, соғысынан, зорлық-зом­бы­лы­ғынан сүр­гін етілген 360 мыңнан аса си­рия­лық бауыр­ларымыз Түркияның қо­л­дауы­мен өз ауылдарына қайта оралып, қа­лып­ты өмірге көшті. Әкімдіктер өз жұ­мыс­тарын жа­сап, халық тіпті жергілікті мәсли­хат­тарын құрып, тірліктерін жал­ғас­тыруда. Түр­кияның қоғам­дық ұйымдары кө­мек­те­сіп, БҰҰ органдарымен де бірлесіп, олар­­дың өмірін, тұрмы­сын жақ­сартуға күш салып жатырмыз.

– Әскери операцияларыңыз халықаралық талаптарға, қарар­ларға қаншалықты сай келеді?

– Нені меңзегеніңізді түсіндім. Бұл бәз­біреулер айтып жүргендей біреудің жеріне көз тігу емес. Барлығы заңдық негізде жасалуда. «Бейбітшілік қайнары» басталарда мақсат-мұратымыз туралы БҰҰ Бас хатшысына, БҰҰ Қа­уіп­­сіздік кеңесінің іс басындағы төр­аға­сына және НАТО-ның Бас хатшысына, серіктестерімізге алдын ала хабар бердік. Сонымен бірге, Сирия режиміне де Ыстамбұл қала­сын­дағы Бас консульдығы арқылы диплома­тия­лық нота жөнелтіп, құлағдар еттік. Сонымен қатар, Түркия халық­ара­лық құқық негізінде БҰҰ жарғысының 51-бабына сай өзін-өзі қор­ғау құқығын қолданды. Сонымен қатар, 1998 жылдың қазан айында Сирия үкіметімен бірге «Адана келісімін» жасаған болатынбыз. Онда Сирия жерінен Түркия аумағына қауіп төндіруі мүмкін террорлық қатер туындаса, алдын алу туралы тайға таңға басқандай жа­зыл­ған. Міне, осындай нақты халықаралық құқықтық негіздерге сүйендік. Жалпы, ұлттық және ше­ка­ралық қауіпсіздігімізге қатер төн­ген­діктен, ол ғана емес, шекараның арғы бе­тін­дегі Сирия халқының бірлігі мен тірлігіне қатер төндірген, жерінің саяси бөлшек­те­луіне қауіп төндірген бұл террорлық ұйым­дар­­ды тайраңдатып қо­йып, қарап отыра  алмаймыз. Кез келген елдің осын­дай қа­дамға барарына сенімдімін.

– Мұны күрдтерге қарсы операция деп сипаттап жүргендер де баршылық...

– Өкінішке қарай, халықаралық аренада террорлық ұйымдарды қолдайтын­дар, солар­дың негізінде Сирия мен Таяу Шығыста өзде­рінің жасырын күн тәртіп­те­рін қалып­тас­тыруға тырысатын белгілі бір топтар бұл әскери операцияға қатыс­ты қара пропаганда мен манипуляция жасауда. Түркия ол жерде бейбіт халықты өлтіріп жатқандай етіп ақпарат жариялап, күрдтерге қарсы операция деп жал­ған ақпараттар таратуда. Біріншіден, ең ал­дымен бұдан бұрын іске асырған опе­рация­лар кезіндегідей бейбіт тұрғын­дар­дың зардап шекпеуі үшін барлық тиісті ша­ралар қолға алынған. Ал күрдтерге қатысты мифтерге келер болсақ, бұл барып тұрған өтірік дүние. Себебі, күрдтер біздің бауырымыз, мың жылдан бері бірге өмір сүріп, бірлік-берекеде жасап келеміз. Түркияның ішінде болсын, Таяу Шығыста болсын күрдтер де өзге ұлттар сияқты біздің тағдыры ортақ бауырларымыз. Тіпті бұл операция олардың да қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Егер бұл науқан күрд­т­­ерге қарсы жасалған болса, тек PKK-ның зұлымдығынан, оның Сириядағы қанаттары саналатын YPG мен PYD зорлық-зом­бы­лы­ғынан туған жерден қашып, Түркияға келіп өмір сүріп жатқан 350 мың күрт ұлтының тағ­дарын кім, қалай түсіндіріп бере алады, айтың­ызшы?

– Жаңа белгілі топтар деп қалдыңыз, сосын босқындар мәселесі де ушығып тұрғандай?

– Евфрат өзенінің шығысында лаң­кес­тік ұйымдарға кейбір одақтас делініп жүрген ел­дер қару-жарақ жеткізіп беріп, Сирияны бөлшектеп, көзіміздің алдында терроршылардан құралған мемлекет құруға талпынды. Тіп­ті жылдар бойы бір террорлық ұйымды басқа бір террорлық ұйымға қарсы қолданған кейіп танытып, екіншісін заңды ұйым етіп көрсетіп келеді. Мұндай халықаралық құ­қық­қа да сай келмейтін әрекеттерден, теріс пи­ғыл­­дар­дан бас тартқан абзал. Керісінше Түр­кияның үндеуіне құлақ асқандары дұрыс деп ойлаймын. Ал босқындарға келер болсақ жағдай күрделі. Түркия 3 миллион 600 мың сириялыққа пана беріп отыр­ғанын жоғырыда айттым. Оларды қолда бар мүмкіндігімізбен асырап отырмыз және бұл орайда халық­аралық қауым­дас­тықтан күткен қолдауды да көре ал­мадық. Ал кейбір Еуропа елдерінің Сириядан босып, Отанынан айырылған жү­рек­тері жаралы жандарға қатысты ұста­ным­дары адамгершілікке мүлде жатпайды. Олардың бар ойлары, біздің шекара­ла­ры­мызға келмесін, мүмкін болса, бізге мүл­де жо­ламасын деп бастарын алып қа­шады. Түр­кия Сириямен шекаралас, со­лар айналыссын деп өздері қашқақтайды. Мұн­дай көзқарас ада­ми түгілі халық­ара­лық құқыққа да сәйкес келмейді ғой. Пре­зидентіміз Режеп Тайып Ердоған атап өт­кендей, Түркия өз мүм­кін­дік­терімен бүгін­ге дейін 40 миллиард АҚШ дол­ла­ры­ның мұғдарындағы қаржыны осы салаға жұм­сады. Өкінішке қарай, біз халық­аралық қоғамнан бос уәде, қызыл сөздің сыртында нақты бір қолдау көре алмадық.

– Өзіңіз атап өткен террорлық мемлекет құруға дейін жеткен ДАИШ террорлық ұйымдарына Түркияның бүйрегі бұрады дегендей де ақпарат тарады.

– Бізге террорлық ұйымдардың бір-бірі­нен айырмашылығы жоқ. Барлығымен күре­се­міз. Түркия ДАИШ лаңкестік күш­те­ріне қарсы да халықаралық коалиция шеңберінде ең белсенді түрде күресіп келе жатқан ел­дер­дің бірі. Қауіпсіздік күштеріміз де, Түрік Қарулы күштері де бұл мәселеге өте қатты мән береді. Атап айтқанда, Сирияда «Евфрат қалқаны мен «Зәйтүн бұтағы» операциялары кезінде 3 мың ДАИШ террористерінің көзін жойдық. Ал Иракта 4 мың мүшесін жоқ еттік. Бұл ретте, Түркиядан басқа белсенді күрес­кен өзге мемлекет жоқ деп нақты айта аламын. Біз мұны бүкіл әлемге де ашық айтып келеміз. Себебі, біз де ДАИШ лаңкес­терінен зардап шеккен елдердің басында тұрмыз, олар қалаларымызды бомбалады, адамдарымызды да өлтірді. Сондықтан олар біздің ең басты дұшпан­да­рымыздың арасында. Біз оларға қарсы күресімізді де бір сәт те тоқ­тат­паймыз.

– Бірер күн бұрын әскери опе­рацияға қатысты АҚШ пре­зи­ден­ті­нің көмекшісі Майк Пенс Түр­кияға арнайы келіп, президент­те­ріңіз Режеп Тайып Ердоғанмен белгілі бір келісімге келгендей болды.

– Иә, бұл 120 сағаттық, яғни бес күндік бір кезең. Негізінен Америка мен біздің ара­мызда жасалған келісім, операцияны тоқ­тату деуге келмейді. Себебі, біз террор­лық ұйым­дардан ешқашан келісімге бармаймыз. Аме­ри­каның сұрауы бойынша құры­латын қауіп­сіз аумақтардағы тер­рор­лық ұйым өкілдері қаруларын тастап, ондағы халықты өз жөніне қалдырып, өз бақылауларындағы өзге жерлерге кетуі үшін белгілі бір уақыт 120 сағатта, яғни бес күнді сол үшін бердік. Осы мезгіл біткен соң, операция жасалатын аумақта PKK мен оның Сириядағы қанаттары YPG жә­не PYD сынды террорлық ұйым өкіл­де­рінің бар екені нақтыланса, Президенті­міз айтқандай опе­рацияны тіптен күшей­те­міз. Аймақ тер­рорлық элементтерден таза­ланғанға дейін, шекаралық қауіп­сіз­дігіміз орнығып, Сирия халқы PYD/YPG және ДАИШ зұлматынан құтылғанға дейін операциямызды жалғас­ты­ра беруге ниеттіміз.

 

Сұхбаттасқан

Бейбіт Тоқтарбай

Соңғы жаңалықтар