Алғашқы ғылым кандидаты

Алғашқы ғылым кандидаты

Алғашқы ғылым кандидаты
ашық дереккөзі
2017 жылдың көктемі еді. Петербор қаласында ғылыми ізденіс жұмыстарымен жүрмін. Псковская көшесіндегі №18 үйде орналасқан Санкт-Петербор қаласының Орталық Мемлекеттік архивінің қорымен жұмыс істейтінмін. Қаланың бір сұрық­сыз­дау, жұпыны тартқан қалтарысындағы осынау көшеХХ ғасыр басындағы орыс тарихының куәгер шежіресі, тақуа тарихы сияқты еді. Олай дейтінім, ең ескі әрі сұлу шаһардың дәл осы же­рінде І орыс революциясы өткен, демонстрациялық толқу бол­ған, дәл осы жерде қазақ балалары да оқыған, олар да алаңға шық­қан. Сондай ыстық, сондай жылы. Бірақ ажары тайып, көр­кі сұрланған ескі ғимараттар, жұпыны үйлер көріксіздеу кө­рі­нетін. Сол ескі үйлердің қабырғасында жасырылған сыр қан­ша­ма! Менің бар мақсат-мұратым – ХХ ғасыр басындағы Алаш қайрат­кер­ле­рі, қазақ зия­лы­лары жайлы құжат табу. Алғашқы екі-үш күнде тек каталогпен жұмыс істеп, құжаттарды іздедім. Дәл жұма күні қолыма –  № 14 қордың № 25876 де­лосы түсті. Ашып, қарап отырып, тоқсаннан ас­там құ­жат­тың ішінен Бақты­керей Ах­мет­ұлы Құлманның дипломын таптым. «О, Жасаған!» деп қуанып отыр­мын. Айқайлап, шаттанғым да келді. Бірақ оқу залының іші лық толы. Ерсі қылық көрсетпейін деп ішім­нен тындым. Бақты­ке­рей Құлман деген Алаш­тың ақсұңқары болған. Қа­зақ­тан шыққан алғашқы ғылым кан­­дидаты. Ендігі сөз – осы азамат­тың Санкт-Петер­бор Мем­ле­кеттік Им­пе­­ра­тор­лық универси­те­тіндегі сту­дент­тік жыл­да­ры турасында. Бақтыкерей – төре тұқымынан, сұлтан әулетінен. Әбілқайыр хан – Нұралы хан – Есім сұлтаннан тараған. Ол 1859 жыл­дың 22 жел­тоқ­­санында қазіргі Атырау об­лысының Құрманғазы ауданында дүниеге кел­ген. 1872 – 1881 жыл­дары Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқып, оны күміс медальмен тәмамдаған санаулы қазақ баласының бірегейі. Оқуға ынтық, зерек те, алғыр төре ба­ла­сы 1881 жылы қияндағы еуропаның ең көрікті шаһары, сол замандағы мәдениет ор­талығы, өркениет пен руханият ордасы –  Петерборға барып, емтихан тап­сы­рып, Им­ператорлық универ­си­теттің тегін оқы­татын бөліміне түседі. Бү­гінгі жүйемен айт­қанда, гранттық оқумен мүмкіндігін иелен­ген. Бақ­ты­керей бастапқыда заң факуль­те­тіне түсіпті. Архив құжатымен та­ны­сып отырып, оның 1 курсты қата­ры­нан үш жыл оқығанын байқадық. Сөйтсек, оқу бөліміне, деканатқа өз еркімен арыз жа­зып, «заңтану», «заң ілімдері», «конс­ти­туциялық-құқық­тық ережелер», «по­ли­цей­лік құқық», «саясаттану» курстарын толық мең­геруі үшін қайта-қайта қызығып, құ­нығып оқыпты. 1884 жылы оқу орнының бас­шы­лығы оны 2 курсқа көшіру ке­ректігі туралы талап қояды. 2 курс­қа өткен қазақ баласы ары қарай бі­лімін шығыстану факуль­те­тінде оқуды жөн санапты. Шығыстану факульте­тінде оқуда қата­ры­ның алды, озаты болыпты. Араб, парсы, осман, татар тілдерін өте жақсы меңгеріп, сол тіл­дердің грамматикалық-лек­си­калық ұқ­сас­­тықтарын зерт­теу­ге ден қо­йып, профессорлар­ды таң­ғал­ды­рыпты. Оның оқу үлгерімі туралы мінездемесінде факультет оқы­ту­шылары өзде­рі­нің ақеділ пейілдерін жазып, жоғары бағалаған. В.Григорьев, В.Радлов, Н.Веселовский сынды атақты профес­сор­лар­дың сү­йік­ті шәкірті болған. Шы­ғыс­тану факультетін үздік тә­мам­да­ған соң, екі жылдық ас­пи­рантурасын оқып тауысқан. Ар­хив қорында 1889 жылдың 9 нау­рызында берілген №877 диплом куәлігі сақталған. Біз тапқан олжа – осы. Сонымен, Бақтыкерей Құлман – қазақтан шыққан ал­ғаш­қы ғылым кан­ди­даты, «филология ғылым­да­ры­ның кандидаты» ғылыми дә­режесін алып, дис­сертация қорғаған ойы ұш­қыр ақыл-ой иесі. Шоқжұлдыз Шо­қаннан соң, шығыстану са­ласын­да өш­пес із қалдырған, орыс ғұла­ма­ларын қызықтырған сәулелі үркер еді... Еңбексүйгіш, ізденгіш сту­дент­тің оқу үлгерімін ескеріп, ас­пи­рантураға алып қалған факультет оқытушылары аспи­ран­­ту­раға қалдырып, оқуына мұрсат берген екен. «Ұша білген қанатқа дүние кең» дегендей, білім теңі­зін­де еркін жүзіп, шығыс ха­лық­тарының қызық та, құпиясы мол әлеміне зор құлшыныспен еніп-ақ кетіпті. Оның кандидаттық ғылыми ізденісі – шығыс ха­лық­та­рының мәдениеті мен тұр­мы­сының ерекшеліктері хақында болыпты. Бәлкім, алдағы уа­қыт­та тұлғаның диссерта­ция­лық жұмы­сын қазіргі әліпбиге түсіріп, ғы­лы­ми түсінігі мен алғысөзін жазып, оқырман наза­рына ұсы­на­р­мыз. 1888 жыл­дың 17 қыркүйе­гін­де Петер­бор Императорлық уни­вер­­ситетінің Ғылыми кеңесі ізденуші Бақтыкерей Ахметұлы Құлманға ғылым кандидаты дәрежесін беру туралы шешім шығарған-ды. 1887 – 1888 жылдары Петербор университетінде оқып жат­қан қазақ жастары жетісу­лық Бар­лыбек Сырттанұлы, оралдық Бақытжан Қаратаев, қостанайлық Жансұлтан мен Жиһанша Сейдалиндер, қар­қ­а­ра­лылық Жақып Ақбайұлы, ақ­мо­лалық Айдархан Тұрлы­бай­ұлы, ташкенттік Серәлі Лапин сияқты қазақ жастары жина­лып, «Жерлестер» ұйымын құ­рып, бір-біріне оқуда да, тұр­мыста да қолдау көрсетіп, сүйеу болыпты. Жыл сайын қазақ да­ла­сының әр қиянынан оқуға келген боз­өкпе студентке туған аға­сын­дай бауырын ашып, мейірім танытып, құшақтарына қысыпты. Жер түбінде білім іздеп кездескен қазақ балалары осылай өнеге көр­­сетіп, Петер­борға дәстүр қал­дырыпты. Сол дәс­түр желісі, ұрпақтар жал­ғас­тығы үзілмей әлі күнге дейін сақталғанына қайран қалып, таңданып едім. Тамсанып едім. Таңданғаным – менің ауылдас досым, сыныптас құрбы Жә­лім­бек Сая Берікқызы Қапал-Ара­сандағы орта мектепті бі­ті­ре сала, Барлыбек Сырт­тан­ұлы ата­сы­ның жолымен сонау шал­ғай­дағы Петерборға оқуға кетті. Алып шаһардағы Технология, бизнес және сервис университетіне оқуға түсіп, қазақ­тың қаракөз қызы сол қалаға тұ­рақтап қалды. Мен ары-бері ғылыми сапармен Пе­тербор, Мәскеуге жиі-жиі қаты­нап тұ­ра­мын. Әрбір барған са­па­рым­да сол Саяшым мені кү­тіп алып, Питерді аралатып, қы­дыр­тумен болады. Бірде ол мені Мем­ле­кет­тік Думаның ғи­ма­раты болған Таврия сарайына кіргізіп, Әлихан Бөкейхан­ның, Мұ­хамед­жан Тыныш­бай­ұлы­ның, Мұстафа Шо­қай мен Шай­мерден Қосшы­ғұл­дың, осы Бақтыкерей Құл­ман­ның ізі қалған қасиетті сарайды көр­сетіп еді. Сонда Сая мені Қа­зақ­станның түкпір-түкпірінен Ресейге келіп, түрлі оқу орнында оқып жүрген қазақ жастарымен, қатарластармен кез­дес­ті­ріп, әң­гімелестірді. Сол баяғы «Жер­лестер» ұйымы сақ­та­лып­ты, тек аты «Бірлік» деп өз­гер­гені болмаса, заты сол қал­пында екен. Намысшыл жігіт­тер қыздарды қорғап, қа­рындастарындай аялап бақса, қыздар жігіттерге бауырларындай сүйіспеншілік танытады екен. «Жарайсыңдар, жа­рық­та­рым!» деп риза болып, сүйсініп едім. Алаштың жолымен жүр­ген, игі жақсылардың жолын ұстанып, еліне қызмет етемін деген сол жастардың алды қазір елге келіп, мемлекет ісіне араласып, қазаққа қызмет етуге кіріскен-ді. Петербор архивінде гимназист Бақтыкерейдің аттестаты да сақталған-ды. Орынбор гимназиясын бітіргендігін дәлел­дей­тін құжатта: «Математика – 5, мұ­сыл­ман діні – 5, логика – 5, латын тілі – 5, француз тілі – 5, жағы­ра­пия – 5, тарих – 5, орыс тілі мен әдебиеті – 5, физика – 5, математикалық жағы­ра­пия – 5» деп жазылған. Оқуға деген ынта-ықыласы, тәртібі, ғылымға деген сүйіспеншілігі зор болған. Оқу бітіргеннен кейінгі тағ­ды­ры туралы аз-кем айтар болсақ, 1889 жылдан бастап Ас­тра­хан губернаторының қа­ра­мағындағы Қамыш-Самар ауданының әкімі қызметін бас­таған. Әкім қыз­ме­тіне кіріскенде ауылдардан мектеп ашып, ба­ла оқыту ісін қолға алған. 1901 жылы, жаңа ғасыр табал­ды­рығын аттағанда, Бөкей Ордасы қазақтарының аттарынан Ресей патшасының қабыл­дауы­на барып, ІІ Николаймен кез­дес­кен. Қазақ депутациясы аты­нан сөз сөйлеп, патшаға қа­зақ­тар­дың жер үлесі, алым-салығы хақында батыл ойларын айтып, үкімет мүшелері көп қысым көрсетпесін деп талап қойған. 1903 – 1906 жылдары Бө­кей Ордасының Уақыт­ша кеңе­сін бас­қарған, кейіннен кеңес­ші қыз­метінде болғаны бар. 1906 жылы Үкіметтің ше­ші­мімен отставкаға шы­ға­рыл­ған. Биліктен кетуінің басты себебі – саяси көзқа­ра­сы­ның қайшылығы. Қызметтен кеткен соң, жаңа заман басындағы сая­с­и қозғалыстар жолында табыс­қан Алаш ардақты­ла­ры­мен, бір жылдары бірге оқыған сту­денттік ескі достарының толқу­ла­рына қосылған. І, ІІ Мем­лекеттік Думаға сайланып, қатарынан екі рет депутат болған. Думада Мұсылмандар фрак­циясының мү­шесі, құқық­тық-саяси бюро­ның хатшысы қызметінде болған. Думада жүр­ген шағында Әлихан Бө­кей­хан, Шаймерден Қосшы­ғұл­ұлы, Мұхамеджан Тыныш­бай­ұлы, Бақытжан Қаратаев, Ал­пыс­бай Қалменов, Ахмет Бірім­жан­ұлы сынды қазақ серкелерімен пікірлесіп, мемлекеттік шовинизм, империялық саясат үстем­ді­гіне қарсы батыл ойларын ор­таға салып, талан-таражға түскен қа­зақ­тың жерлерін қорғау үшін депу­таттық сауал жолдап, өзінің қай­рат­керлігімен көзге түс­кен азамат еді. Бақтыкерей 1917 жылға де­йін, яғни азаттық таңы атқан – Алаш заманына дейін Бөкей Ордасында тұрып, сол жердегі жергілікті халықтың тірлігін шешіп, «Қа­зақ», «Айқап», «Қа­зақ­стан», «Улфат», «Шора» басылымдарына ма­қала жазып, қазақтың әлеу­мет­тік өміріне алаңдап отырған. 1917 жылдың 5 – 13 жел­тоқ­са­нында Орынборда өткен ІІ жал­пы­қазақ сиезінде делегат ретінде ар­найы шақы­ры­лып, Бөкей Ор­дасының игі жақсыларын бастап барған. Сол алқалы кеңесте Алаш Орда ұлттық-территориялық ав­то­номиялық мемлекетінің төр­ағасы үшін Әлихан Бөкейхан, Ай­дархан Тұрлыбайұлы сынды аза­маттармен қатар сайлауға тү­сіп, бақ сынаған. Сайлау нәти­же­сінде халықтың сеніміне ие болып, Әлихан Бөкейхан төраға ретінде сайланады. Ал, 19 дауыс иеленген Бақтыкерей Құлман Алаш Орда үкіметінің Халық кеңесіне сайланып, министр қызметін атқарған. Екі жыл, бес айдай өмір сүрген ұлттық мемлекетіміздің іргесін қалаған қайраткер болатын. Ғылымға ынтық, заң және құ­қық ілімдерін үш жыл оқы­ған, орыс, француз, татар, парсы, араб, осман тілдерін жетік мең­гер­ген, шығыстану ғылы­мы­на ын­тызар болған қайран ер «ерге – тұсау, зорға – бұғау» бол­ған саяси қысымы мен тауқы­ме­ті мол за­манда ілім жолына түсіп, қа­на­тын кеңінен жая алмай қалды. Егер, ол ғылым қуып, жаңалық аша­мын десе, шығыстану сала­сы­ның ең танымал өкілі болар еді. Бірақ тіршілігі тауқыметті, орысқа құл болып, бодандық езгісінде жүр­ген еліне пана, қорған боламын деп ғылымнан бас тартып, саясат ісіне амалсыз келген... Биыл, сол Алаш қайраткері, қа­зақ оқығаны Бақтыкерей сұл­тан­ның туғанына 160 жыл, өмір­ден өткеніне 100 жыл болып отыр екен. Ол – Алаштың үмі­ті сөніп, Ордасы ортасына түс­кенде, Семейден туған жеріне кө­шіпті. Еліне қайтарда Мір­жа­қып Дулатұлы мен Тұрағұл Абай­ұлы «Жан бауырым, есен бол!» деп қимай-қимай қош­тас­қан екен. Жүрегіне мұң артып, дертке шалдыққан Бақтыкерей 1919 жылдың қарашасында ал­пысқа қараған шағында, екі жастың біріне келмей дүниеден өтті де, кетті. Оның сүйегі Жаңа­қалаға жерленген дерек барын естіген едік. Бірақ нақты қай жерде екені беймәлім. Қайраткердің қабірін білмеген соң, оның рухына батиқа етіп, аруағы үшін бейітіне қойған гүлім осы болсын деп арнайы осы мақаланы жазып, тарихи құжатты жариялап отырмын. Кейін, мүмкіндік болса, өзім­нің жеке архивімдегі осы тұлғаға қа­тысты құжаттарды жүйе­леп, жи­­нақ қылып шыға­рар­мын. Бі­рақ оны қолдайтын, Бақт­ы­керейді аға деп ескерер қалталы азамат бар ма екен?! Бақтыкерейдей арыстың есімі де, өнегесі де атаусыз, елеусіз қалып барады...  

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының

 лауреаты