«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының жеңімпаздары

«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының жеңімпаздары

«Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының жеңімпаздары
ашық дереккөзі
  Астанада Тәуелсіздік сарайында ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мемлекет тарапынан марапатталып, жылда дәстүрге айналған «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Биыл аталған шараны ұйымдастыру міндеті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Қазақстанның кәсіп­орын­дары мен тауар өндірушілерінің жұ­мысын бағалайтын «Алтын сапа жүлдесінің тұрақты өткізіліп келе жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Байқаудың мақсаты  ̶  тауар өндіруші және қызмет көрсетуші ком­паниялардың арасынан жеңім­паз­дарды анықтау арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, кәсіп­орын­дарда халықаралық сапа стандарттарын енгізу, сондай-ақ, тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Салтанатты шараға Мемле­кет басшысы Н. Назарбаев, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері мен Парламент депу­таттары және көптеген ұйымдардың өкіл­дері, сондай-ақ, еліміздің әр айма­ғын­дағы жетекші шаруашылық, кәсіп­орындардың басшылары мен маман­дары қатысты. Елбасының «Алтын сапа» сыйлығы «Өн­ді­рістік мақсаттағы үздік кәсіп­орын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша табысталып, ал Қазақс­­тан­ның ең үздік тауары «Халық тұты­натын ең үздік тауар», «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауар» және «Ең сапалы азық-түлік тауары» атты үш аталым бойынша тоғыз жүлде көлемінде анықталды. Бұдан бөлек бизнестің әлеу­­меттік жауапкершілігін артты­руға бағыт­тал­ған «Парыз-2015» сый­лығының иегер­лерін мара­паттау рәсімі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер па­латасы ұйымдастырған «Іскер» арнайы сыйлығы да табысталды. Ал жыл сайын Елбасы табыстап келе жатқан «Парыз» бас жүлдесі бойынша жеңімпаздар «Әлеу­меттік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын», «Ең үздік ұжымдық келісім­шарт» номинациялары бойын­ша мара­пат­талса, осы сыйлық аясында тағы бір кәсіпорын «Экологияға қосқан үлесі үшін» «Парыз» сыйлы­ғын иеленді. Айта кетерлігі «Алтын сапа» өткі­зіліп келе жатқан 2006 жылдан бері қатысушылар қатары үш есеге артқан. Алғашқы кезде бұл байқауға қатысуға 52 кәсіпорын өтініш берген болса, биыл олардың саны 153-ке жеткен. Ал енді оның ішінде 69 ұсыныс шағын кәсіпкерлік субъектілерден, 44-і орта және 40-ы ірі компаниялардан келіп түскен. Демек, шағын кәсіпкерлікпен шұғыл­данатын азаматтардың «Алтын сапа» сыйлығына талпынысы алдағы уақытта олардың санын еселеп арт­тыратыны анық. Сонымен, «Парыз» жүлдесінің «Әлеуметтік жауап­кершілігі ең­ жоғары кәсіпорын» аталымы бойын­ша алтын белгісіне Қызылорда облысындағы «Саутс-ойл» ЖШС компания директоры Серікжан Сейітжанов, «Ең үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының алтын белгісіне Ақтөбе облысындағы «Ақбұлақ» АҚ компания директоры Айбек Сағиев, «Халық тұтынатын ең сапалы тауар шығарушы» арнайы сый­лығына Алматы қаласындағы «Рахат» АҚ компаниясының эконо­мика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш Төлеубаева ие болды. Келесі кезекте «Парыз» сыйлығының шағын кәсіпорындарға берілетін алтын мүсінге «Үздік әлеуметтік жауапкершілік кәсіпорны» ата­лымында Қызылорда облысындағы «Абзал және К» серіктестігінің директоры Абзал Ералиев, «Еңбекті қорғау бойынша үздік кәсіпорын» номинациясында «Каспиан Салфа Компани» ЖШС-нің директоры Дүйсенбай Елсейітов, «Үздік ұжымдық келісім» аталымында «Мойылды шипажайы» АҚ-ның бас директоры Фуат Сатыбаев, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында үздік деп танылған «ГорКомТранс» ЖШС-нің директоры Атпан Омарова иеленді. Биыл алғаш рет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрал­қасының төрағасы Тимур Құлыбаев «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында «ASTANA Ютария ltd» өндірістік инно­вациялық компаниясы, «РауанНалко» ЖШС, «Жанарыс» ЖШС, «Стрелец А.В.» жеке кәсіпкерлігін «Іскер» сыйлығымен марапаттады. Сонымен қатар, «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында Астана қаласындағы «МЕДИКЕР» ЖШС, «Халық тұты­на­тын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында «Тұң­ға­та­рова А.Қ.», «Свет» ЖШС, «Құдай­бергенов» ЖШС үздіктер қатары­нан көрінді. Еңбегі бағаланған кәсіп­кер­лер­дің ұйымдасқан шарадан алған әсер­лері де жоқ емес. «Парыз-2015» бай­қауы­ның жеңімпазы, «Мойылды» шипажайының бас директоры, Фуат Сатыбаев: «Бұл байқауда алған сыйымыз болашақта үлкен жетістіктерге жетуге мүмкін­дік береді деген ойдамын. Шара ұйым­дастырушыларына ай­тар алғы­сым шексіз. Алдағы уа­қыт­та да ел экономикасының да­муына үлес қоса­мыз деп сенім білді­ре­мін»,  ̶  деді. Ал «Алтын сапа-2015» бай­қауы­ның жеңімпазы, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Қуаныш Бишімов: «Петропавл ауыр машина жа­сау зауыты – машина жасау сала­сын­дағы ең ірі мекеменің бірі. Біз химиялық, мұнай-газ салаларына қондырғылар жасауда көшбасшымыз. Соның арқасында осындай жоғары деңгейдегі мара­патқа жетіп отырмыз. Біз биылғы «Алтын сапада» жүлдегер ата­нып отырғанымызға өте қуаныш­тымыз», ̶ деп ақжарма тілегімен бөлісті. Kazmedpribor Holding компаниясының басшысы Рахат Байзақов болса, өз сөзінде берілген жоғары баға, көрсетілген құрмет ары қарай белсенді, нәтижелі жұмыс жасауға ынталандыратындығын жеткізді. Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Алтын сапа» байқауының жеңім­паз­дарына мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар жеңіл­діктер жасалады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуын­ша, «Алтын сапаның» жеңім­паз­дарына мемлекеттік сатып алуда жеңілдіктер беріліп, байқауда топ жарған кәсіпорын­дар­мен ұзақ мерзімді шартқа қол қойылмақ. Отандық тауар сапасының жақсаруы ең алдымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығы артып отырғандығын аңғартса керек. Бұл ізгі бастама алдағы уақыт­та да өз жалғасын таппақ.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы