25 Қазан, 12:34 408 0 Әлеумет Анар ЛЕПЕСОВА

2,5 млн теңге: Алматыда жалға берілетін ең қымбат пәтер қайда орналасқан?

Елімізде жалға берілетін баспана бағасы шарықтады. Баға өсімі, әсіресе, алматылықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ салуда.  Бүгінде қаладағы бір бөлмелі пәтерді кем дегенде 90 мың теңгеге жалға алуға болады.

Мамандар бағаның бұлай құбылауына ипотеканың қолжетімді болмай отырғанын айтады. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.

Қала сыртында тұратын Гүлнәз Жұмахан жұмысқа жету үшін 3 сағатын жұмсайды екен. Шеткі ауданда тұратын ол жарты жылдан бері орталықтан жалдамалы пәтер іздеп жүр. Бірақ бір бөлмелі баспанаға қалтасы көтерер емес.

"Жұмысқа жақын жерлерден пәтер іздегенмін, көп жерлерде қымбат 130-150, 100 мың теңгенің үстінде. Бір айға 100 мыңның үстінде пәтерге төлейсін, коммуналкасы бар, барлығы қалтаға ауыр түседі. Көп пәтерлерге хабарлассаң өтіп кеткен немесе риелторлар болып жатады. Пәтер иесі емес көбінесе олар өзі тауып бергені үшін өзіне ақша алады", - дейді Гүлнәз Жұмахан.

Осы тұрғыда риелторлар қауымдастығының вице-президенті Нина Лукьяненко, жарнама беретіндер көбіне жалған риелтор дейді. Сарапшы пәтерді жалдау кезінде сараңдық танытпаған жөн деп отыр. Ал баға 90 мың теңгеден төмені жоқ екенін мойындайды.

"Соңғы екі жылда бағаның өскендігі байқалады. Бұдан 2-3 жыл бұрын 1 бөлмелі пәтердің,  30 шаршы метрі 60-80 мың теңге болса, бүгінде 90 мың теңгені көрсетіп тұр", - дейді Нина Лукьяненко.

Жалға берілетін пәтер құны құбылып тұрғандығын ғаламтордағы сайттардан да аңғаруға болады. Мұндағы баға ең алдымен, орналасқан жеріне байланысты өсіп отырады. Орталыққа неғұрлым жақын болса, соғұрлым қымбат. Пәтер еурожөндеуден өткен болса, ол баға үстіне баға қосады.

Ең қымбат пәтерлердің үштігіне Медеу ауданындағы жеті бөлмелі пәтер кіреді. 500 шаршы метр аумақты қамтитын пәтерлерде джакузи, терраса және бірнеше жатын бөлме бар. Бағасы айына 2 миллион теңге. Жалпы қаланың жоғарғы бөлігіндегі бес бөлмелі пентхаустар 300 мың теңгеден басталады. Ал ең қымбат пәтерлер Әл-Фараби даңғылындағы "Esentaі" аумағында орналасқан. Мұндағы үйлерді бір айға жалға алу құны 2,5 миллион теңгеден басталады.

Сарапшылардың пайымынша, қарапайым тұрғындар үшін ипотека салмақ салады. Сондықтан жалдап тұру қолайлы болып отырғанын жеткізді.

"Қазіргі таңда тұрғындар үшін пәтер сатып алудан гөрі оны жалдап тұру тиімдірек болып тұр. Өйткені пәтерді сатып алу қымбатқа түседі. Ал несие немесе ипотекаға алайын десе бастапқы жарна болуы керек. Соның себебінен қазір қалада жалдамалы баспаналарға сұраныс жоғары", - дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшылар жылжымайтын мүліктің бағасы нарықта сатуға да, жалға алуға да тиімді ұсыныстар түскенге дейін өсе беретініне сенімді.

Соңғы жаңалықтар