25 Қазан, 14:25 491 0 Технологиялар "Түркістан" газетінің авторлары

Ауыл шаруашылығын қалай дамытамыз?

Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның біріауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 2022 жылға дейін осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру.

Елімізде ауылшаруашылығын дамыту үшін табиғи, адам ресурстары жеткілікті. Қазақстандағы жерлердің жалпы аумағы 272 млн гектар, оның 215 млн гектары – ауылшаруашылық алқаптары. Бұл әлемдік ресурстардың 4 пайызын құрайды. Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі шамамен 4 есеге өсті. Бүгінде АӨК жалпы өнімі 4,5 трлн теңгеге жетті немесе елдің ЖІӨ-дегі үлесі – 7,8 пайызды құрайды.

Республика әлемдегі ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді. Жалпы қазақстандық астық экспортының географиясы 70 елді қамтиды, ал ұн экспорты бойынша – әлемдегі жетекші орын­дарға ие. Биыл жиналған астықтың жалпы көлемі 19 млн тонна болады деп жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы салаларын әртараптандыру бағдарламасы аясында соңғы жылдары астық дақылдарының егістік алқаптары қысқарып, майлы, мал азығы дақылдардың, көкөністердің және қант қызылшасы алқаптарының көлемі артуда. Атап айтқанда егістік алқаптары мына көлемде: майлы дақылдар – 3,0 млн гектар, мал-азықтық дақылдар – 4,5 млн гектар, қант қызылшасы – 16 есеге, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 420 мың гектар, жеміс-жидектің алқаптары 45 мың гектарға өсті. Соңғы 5 жылда мал азықтық дақылдардың егістік көлемінің артуы ет өндірісін 20,5 пайыз, сүт өндірісін 13,7 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені, әлі де болса, ұлттық экономиканың дотацияланатын салаларының бірі болып отыр.

ҚР АШМ деректеріне сай, республика өзіндік ауылшаруашылық кейбір өнім түрлерімен 60 пайызды қамтамасыз етеді, қалған сұраныс импорт (40 пайыз) есебінен орындалуда. Өнімдердің импортында ең жоғары үлес салмақ ірімшіктер мен сүзбеге (51 пайыз), сары майға (36,4 пайыз), шұжық өнімдеріне (46 пайыз), ет және етті-өсімдік консервілеріне (40 пайыз) тиесілі. Ішкі тұтынуда құрақ қантының импорты – 55 пайыз, ал дайын қанттың үлесі – 42 пайыз. Бұл жерде қолданыстағы қант зауыттарының өндірістік қуаттары 37 пайызына жүктелген. Сонымен қатар, республикада көкөніс консервілері де импортталады. Олардың үлесі – 84 пайыз. Мемлекеттік қолдау бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жалпы өндіріс көлеміндегі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің үлесі төмен болуда. Мәселен, жалпы өндірістің 24 пайызы – ет өңдеу, 30 пайызы – сүт өңдеу, 7 пайызы – жемістерді өңдеу өндірістері құрайды. Қазіргі таңда көкөністер мен жемістерді өңдейтін зауыттар тек 27 пайызына жүктелген. Сондықтан ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстаның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында «өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетінің 40 пайызын ғана пайдаланып отырғаны» туралы атап өтті.

Қазіргі таңда іс жүзінде тауар өндірушілер бірнеше себептерге байланысты әлеуетті нарыққа қол жеткізе алмай отыр. Өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұрақсыз қатынастар, нарық пен қаржылық ресурстар туралы сенімді ақпараттың болмауы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде аз көлемде өнім өндіретін шаруашылықтардың көптігі және ұсақтығы басты себеп. Сондықтан өнім бағасының 70-75 пайызын иеленетін делдалдарға қарсы тұру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Дамыған елдердегідей делдалдар өнімнің құнынан 25-30 пайызын ғана иеленуі керек. Делдалсыз өнімдерді сату ауыл шаруашылығының өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін 1,3 есеге арттырады. Ал сату құны делдалдық тізбектің қысқаруына байланысты 15-20 пайызға төмендейді.

Өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыру үшін өндірістен тұтынушыға дейінгі бүкіл тізбекті қайта қарау қажет. Ғылымға басты рөл берілген ауыл шаруашылығының қазіргі заманғы инновациялық технологиялармен нашар қамтамасыз етілгенін ешкім жоққа шығармайды. Республика бойынша 2017 жылы ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың көлемі тұтастай алғанда 68,8 млрд теңгені құрады. Ол – жалпы ішкі өнімінің 0,13 пайызы ғана. Оның ішінде ауыл шаруашылық ғылымдарына 6,5 млрд теңге бөлінген. 2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8,7 трлн теңге болса, соның ішінде 348,5 млрд теңге немесе 4 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталды.

Осы тұрғыда ауыл шаруашылығында ұсақ агроқұрлымдардың көптігі, атап айтқанда, үй шаруашылықтарының үлесіне мал шаруашылық өнімнің 68 пайызы тиесілі екендігін ескеретін болсақ, мал шаруашылығы саласының төмен тауарлығы мәселесін шешу қажет. АӨК дамуын ауылшаруашылық және тракторлық машина жасау саласының дамуы да тежеуде. Қазақстандық ғалымдардың есептеуінше, ауыл шаруашылығының материалды-техникалық базасын нығайту, малшаруашылық фермаларды, қайта өңдеуші және ауылшаруашылық өнімді сақтайтын кә­сіп­орындарды салу және басқа да инфрақұрылымды құру үшін жақын жылдарда 13 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет болады, бұл 2017 жылдағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің құнынан 18 пайызға артық.

Мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендігі, яғни ауыл шаруашылығын тікелей қолдау деңгейі (ДСҰ сары себет өлшемі бойынша) Белоруссияда жалпы өнімнің құнына шаққанда 10,9 пайыз, Ресейде 4,7 пайыз болса, Қазақстанда 4,4 пайызды құрайды. Ал ДСҰ келісімі бойынша мемлекеттік қолдаудың шекті деңгейі 8,5 пайыз болуы қажет. Бұдан келесідей қорытынды жасауға болады: АӨК әлеуетін тиімді және толық пайдалану үшін осы жоғарыда айтылған мәселелерді шешуде кешенді ықпал керек.

Мал шаруашылығындағы ет және сүт өндірісі, құс, шошқа шаруашылықтары, суғармалы жерлерді дамыту, қарқынды бақша шаруашылығы мен қант өндіру саласы АӨК-тің басым бағыттары болып табылады. Отбасылық фермалар құру есебінен фермерлердің табысын арттыру жоспарланып отыр. Тек ет өндірумен айналысатын мал шаруашылығында алдағы 10 жылда 80 мың отбасылық ферма құрылуы жоспарлануда. Ал бұл 500 мың жаңа жұмыс орны, 100 млн гектар жайылым әлеуетін пайдалану және ет өндірісін көбейтуге көзделген.

Ауыл шаруашылық өнімінің көлемін жоғарылату мақсатында «суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайту» жоспарланды. Суармалы жерлерді тиім­ді пайдалану шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан үшін өте өзекті мәселе. Республикадағы негізгі су артериялары болып саналатын Ертіс пен Іле өзендері көрші жатқан алпауыт Қытай елінен бастау алса, оңтүстігіміздегі Сырдария, Шу, Талас өзендері Қырғыз және Өзбек еліне тәуелді, ал Батыс өңіріндегі Ақжайығымыз Ресейге байланысты болып отыр. Себебі еліміздегі су қорының 40 пайыздан астамы шекаралас елдердің аумағында қалыптасып, су артериялары арқылы ағып келе­тін­діктен, ғаламдық климаттың өзгеруі мен шаруашылық іс-әрекеттің қарқынды даму барысында су иелері өз тараптарынан жіберетін су көлемін азайтпасына сенім жоқ.

Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазіргі кезде су ресурстарына байланысты өзекті мәселенің бірі – халық­аралық су ағысын пайдалануды рет­теу. Себебі, аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдерді құрайтын өзен жүйелерінің шекарасы болмайды: әлемде 261 су алабы – халықаралық болып саналады. Олар жер бетінің 45 пайызын алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде халықаралық алаптарда су проблемаларынан туын­даған 500-ден аса қақтығыс жағдайлары қалыптасып, кейбір жерлерде әскери іс-қимылдарға дейін баруына мәжбүр етті.

Халықаралық су бөлісу келісімі бойынша, кез келген мемлекет өзінің аумағынан өтетін жаңғырмалы су ресурстарынан өз үлесін алуға қауқарлы. Ғалымдардың пайымдауынша, 21 ғасырдағы ең көкейтесті қиындықтардың бiрiне айналатын су мәселесi қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн деген болжам айтады. Яғни, 2050 жылға қарай Жер шарындағы халықтардың шамамен 70 пайызы таза ауыз су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін.

Қазақстан өз тарапынан бұл мәселені шешу үшін түрлі шараларды іске асырып жатқаны белгілі. Атап айтатын болсақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қарастырылған төртінші сын-қатер судың тапшылығы болды, яғни алға қойылған міндеттерге сәйкес 2050 жылға қарай сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешілуі тиіс. Үкіметке бірінші кезеңде 2020 жылға қарай тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару мәселесін шешетін ұзақмерзімді бағдарлама жасау тапсырылған болатын. Яғни, осы орайда республика деңгейінде 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы, 2001-2030 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламалары арқылы бұл мәселе түйіні біртіндеп шешіліп келеді.

Қазақстанның АӨК-не трансұлттық компанияларды тарту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лысында «CLASS» неміс компаниясымен бірлесе қуаттылығы жылына 200 бірлікке дейін жететін комбайндар мен тракторларды құрастыратын жоба жүзеге асырылуда.

Өңделген өнім экспорты да басымдыққа айналды. Биыл сиыр еті,  рапс күнжарасы және жоңышқаны өткізу үшін ҚХР нарығы ашылды. Иранға сиыр еті және тауық жұмыртқаларын жеткізу бойынша кедергілерді жоюға қол жеткізілді. Израиль, Кувейт, Малайзия, Жапония, Оң­түстік Корея, Еуропалық одақ елде­рі­нің нарығында қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерді өткізу мақсатында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерімен келіссөздер жүргізілуде.

2021 жылға қарай ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 2015 жылмен салыстырғанда 38 пайызға дейін арттыру мақсатында ауыл кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау шараларын арттыру, атап айтқанда, қолданыстағы және жаңа қаржы құралдарын жетілдіру бойынша шаралар жоспарланған.

Автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жолымен субсидиялар алу рәсімдері барынша жеңілдетілді, сонымен қатар тиімсіз түрлері қысқарды. Сақтандыру мәселелері толық қайта қаралды. Міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу жоспарлануда. Мемлекеттік қолдаудың тиімді әдістерін енгізу саланың несиеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ары қарай несиелеу үшін несиелік серіктестіктердің бюджеттен тыс қаржыны тартуға бағытталған жұмысы қайта қаралады. Нәтижесінде болашақта олар қазіргі кездегідей бюджетке тәуелді болмайды. Субсидиялауға жасалған талдау тауарлы-спецификалық субсидиялардың тиімсіз болғанын көрсетті. Атап айтқанда, осыған дейін егістік алқабының көлеміне қарай субсидия алған тауарөндірушілер түсімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу және қаржыны үнемдеу ойластырылмаған. Ведомоствоаралық комиссияның мүшелері кейде егістік жерлердің бар-жоғын нақты тексерместен, гектарлық субсидиялау туралы шешімдер қабылдаған жайттар да орын алған болатын.

ҚР АШМ деректеріне сәйкес Қазақстандағы ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жылдық көлемі осы саланың жалпы өнімінің 4-5 пайызын құрайды, бұл қалыпты деңгейден 4,1 пайызға төмен. Ал ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің құнына шаққанда Швейцарияда – 79 пайыз, Жапонияда – 74 пайыз, Норвегия мен Исландияда – 72 пайыз, Еуроодақ елдерінде – 46 пайыз, Түркияда – 31 пайыз, Польшада -25 пайыз, Канадада – 23 пайыз, АҚШ-та – 15 пайыз, Венгрияда – 14 пайыз, Мексикада – 13 пайыз, Чехияда – 12 пайыз, Австрияда – 9 пайыз, орташа алғанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында – 38 пайызды құрайды.

Қазақстанда ауыл шаруашылығын субсидиялауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің еркін саудасына ықпал ету мақсатында Австралияның Кэрнс қаласында 1986 жылы құрылған Керн Ассоциациясына кіретін елдердің тәжірибесі қолданылады. Қазіргі таңда бұл топқа Жаңа Зеландия, Австралия, Бразилия, Аргентина, Уругвай, Канада секілді әлемнің жетекші 20 елі кіреді. Керн тобына енетін елдерде тікелей қолдау көрсетілмегенімен, ауыл шаруашылығы мол табысқа жетуде. Осы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жанама шаралар фермерлерді өндіріс тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді перспективаға жұмыс істеуге ынталандырады. Ал тікелей және бұрмалаушы дотациялар шаруашылықтарды сол даму деңгейінде ұстап тұрады немесе оларға зиянын тигізеді, яғни шаруашылықты тиімсіз жүргізуге алып келеді. Керн тобы елдерінің фермерлеріне мемлекеттік қолдау мейлінше аз көрсетіледі: Бразилияда бұл көрсеткіш фермерлік шаруашылықтардың жеке табысы көлемінің 2,6 пайыз, Австралия мен Жаңа Зеландияда 1 пайызға жуығын құрайды.

Ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы басымдықтардың бірі – импорт алмастыру және экспортқа бағдарлану екені белгілі. Сонымен қатар АӨК субъектілерінің несие жүктемесін азайту бойынша қаржылық сауықтыру шаралары, атап айтқанда, несиелеу мерзімін 9 жылға дейін ұзарту, сыйақы мөлшерлемесін 14 пайызға дейін төмендету жүзеге асуда, ал оның 7 пайызы мемлекеттік бюджеттен субсидияланады.

Жаңа құрал – аграрлық қолхатты енгізу инвесторлар мен несие берушілердің өнімді нақты жинап алуға дейін, болашақ өнімді кепілге қою арқылы қаржыландыруға мүмкіндік береді. Салықтың барлық түрлерінің орнына бірыңғай ауылшаруашылық салығын енгізу жоспарлануда.

Субсидиялардың қысқаруы ауыл шаруашылығын ынталандыруға бөлінетін қаржыландыру көлемінің азаюы дегенді білдірмейді. Жоғарыда айтылғандай, олар техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға, технологияларды енгізу, генетиканы жақсарту, тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар алу, кеңесшілер тарту, АӨК еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа әзірлемелерге жұмсалатын болады.

Дамыған елдерде білім беру мен ғылыми-техникалық салаларының ішкі жалпы өнім көлеміне қосатын үлесі қомақты. Бұл өз кезегінде білім беру жүйесінің жүйелі дамығандығына, кәсіби білікті мамандарды дайындау деңгейінің жоғарылығына, университеттердегі және мемлекеттік, сондай-ақ, жеке компаниялармен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғылыми-техникалық қызметінің ұтымды үйлесімділігіне байланысты екендігі дәлелденген. Дамыған елдерде өндіріске қарағанда білім мен ғылымға бағытталған қаржылық салымдар жоғары қарқынға ие.

Бүгінде ауыл шаруашылығы дәстүрлі сала деңгейінде қалып қоймай, инновациялық шешімдер мен бұрындары көптеген өндірістік міндеттерді шешу үшін қолданылмаған әзірлемелерге қажетті жаңа нарықтарды құра алатын жоғары технологиялық салаға айналуда.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына машиналық оқыту және нейрожелілер, цифрлы платформалар, 3D басып шығару, роботтық техникалар, биосенсорлар мен Big Data жүйесіне негізделген «ақылды» агротехнологиялар енгізілуде, яғни саланы жаңғырту мүмкіншіліктері зор. Техникалық прогресс жылдамдығы бүгін­гінің адамынан бірнеше жаңа мамандыққа бейім болуын және «өмір бойы білім алу» қағидасын ұстануын талап етеді.

Білім беруді реформалау – білімдерді беру тәжірибесінен креативті ойлау, қажет ақпаратты дәл тауып, оны дұрыс әрі тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға өтуді білдіреді. Сол себепті, бүгінгі ауылшаруашылық кәсіпорындар мен шаруашылықтарға арзан жұмыс күші емес, озық біліммен қаруланған, кәсіби білікті мамандар маңызды екені рас.

Тілектес Есполов,

Қазақ ұлттық аграрлық

университетінің ректоры, профессор,

Үкіләй Керімова,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар