24 Қазан, 11:59 657 0 Нұр Отан Túrkistan Gazeti

ТҮРКІСТАН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

Соңғы кездері елімізде болып жатқан өзгерістер, қоғамдық және саяси сананы жаңғырту бағытындағы бастамалар елге оң әсерін тигізіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында көптеген өзекті мәселені қозғап, оны шешу үшін Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік орган басшыларына тапсырмалар берді. Бұл ортақ істе «Nur Otan» партиясы алғашқылардың бірі болып белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия жұмысын жандандыру жөніндегі тапсырмасы да батыл әрі маңызды шешімдер қабылдауды талап еткені анық. Осы тапсырмалар Түркістан облысында қалай жүзеге асырылып жатыр? Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтан сұрап білген едік.

 – Бейсенбай Дәулет­ұлы, тамыз айында партияның Сая­си Кеңесінің кеңейтілген отырысында ауқымды мәселелер талқыланды. Осы жиын­дағы міндеттерге сәйкес Түркістан облысында нақты қандай іс атқарылып жатыр?

– «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы ел дамуының стра­тегиялық мақсаттарына қол жет­кізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынына жан-жақты тоқталғаны мәлім.

Осы орайда, аталған жиында қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні атты бағдарламасына сәйкес белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, лайықты емес мүшелерді шығару, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру, сондай-ақ билік тұғырында отырғандарға жауапкершілікті арттыруды тапсырған болатын.

Осыдан соң, іле-шала Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесінің отырысы өтіп, алдағы жоспарларды белгіледік. Өңір басшысы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев 7 бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Мәселен...

– Елбасы тапсырмасынан кейін бір ай өтпей жатып партияның облыстық Қоғамдық қабылдау кеңсесі «Open space» форматында ашылып, жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазір тұрғындарға жүйелі түрде қызмет көрсетіп келеді. Айта кетерлігі, ғимаратты Түркістандағы тұрғындар жиі келетін орталықтан аштық. Халық пен билік арасын жақындатып, түйткілдерді тиянақты шешуге арналған диалог алаңы ретінде құрылған орталықты түркістандықтар оң қабылдады. Сол күннен бастап филиал төрағасының және орынбасарлар мен басқарма басшыларының халықпен кездесуі тұрақты түрде ұйымдастырылып, қабылдаулар әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіле бастады. Қоғамдық қабылдау кеңсесі «Open space» форматына көшкелі бері мұнда облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев халықты қабылдап, арыз-шағымдарына жауап берді. Бұл тұрғындардан түсетін шағымның барынша оңтайлы шешілуіне, жазылатын арыз-шағымдардың азаюына тікелей әсер етуде. Өркениетті елдерде әрбір мәселе ашықтық, шынайылық және диалог арқылы шешіледі. Тұрғындар үшін де басшылармен тікелей жолығып, проблеманы көзбе-көз айтқаны тиімді екені анық.

Биылғы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығының қорытындысы бойынша партия филиалының барлық Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6047 арыз-шағым түскен: оның 2358 (яғни 39%) оңтайлы шешілсе, 3611 өті­­­ніш­ке заң аясында кеңестер бе­рі­ліп, 78 өтініш қаралу үстінде. Бұдан тыс бүгінге дейінгі 9 айда 2006 қабылдау жүргізіліп, 9937 жеке азаматтардың өтініштері бетпе-бет тыңдалды және олардың өтініш-тілектерінің басым бөлігі оң шешім тауып, қанағаттандырылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдауы да іске қосылды. Біз осы бастамалар арқылы Жолдаудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдаманы іске асыруға кірістік. Осы арада тағы бір айта кетерлік мәселе, партия филиалы тарапынан алдағы уақытта қоғамдағы, өңірлердегі ең өзекті мәселелерді ашық талқылайтын «Түркістан талқы» диалогтық алаң­ын іске қосуды да жоспарлап отырмыз.

Партияның жұмысын жаңғырту бағдарламасын іске асыра отырып, партияның беделін көтеру мақсатында облысымызда жемқорлықпен күресті күшейту, лайықты емес мүшелерді партиядан шығару, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруын бақылайтын партияның белсенді мүшелерінен тұратын бақылаушы топтар құрылды. Облыста ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды қарқынды ұйымдастыру, партия төңірегіне жастарды біріктіру мен оларды партия қатарына қабылдау мақсатында облыстағы 90 мыңға жуық мүшесі бар 255 бастауыш партия ұйымына талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде 2,5 мыңнан аса мүше партия қатарынан шығарылса, жаңадан бес бастауыш партия ұйымы ашылып, кәсіпорын мен шаруашылық ұйымдарының өкілдері партия қатарына тартылды. Осы жылдың соңына дейін ашылатын бастауыш партия ұйымдарының санын онға жеткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда партия филиалы халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын белсенді насихаттауға көшті. Аталған бағдарлама шең­берінде биылғы жылы облыстан солтүстік аймақтарға 436 отбасы қоныс аударып, елдің қызығушылығы артуда. Мәселен, өткен жылы Арыста 11 отбасы қоныс аударса, биыл 33 отбасы, яғни 110 адам көшті. Бұл тағы еселене түседі. Осы мақсатты іске асыру әрі бүгінгі таңға дейін солтүстікке қоныс аударған жерлестеріміздің жай-күйімен танысып, жағдайларын білу үшін таяуда облысымыздағы 10-нан астам қоғам белсенділерін, блогерлер мен журналистерді солтүстік облыстарға іссапарға жібердік. Келген соң өздері көріп келген жағдайларды ел-жұрттың арасында насихаттау мақсатымен оларды аудандарды аралауға шығардық.

– Арыстағы жарылыс тұтас елге ауыр соққаны белгілі. Осы апаттың салдарын жою, халыққа көмектесу жолында партия филиалы не істеді?

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласы үлкен қиындықты бастан өткерді. Қаланы қалпына келтіруге күллі қазақ елі атсалысқанын, ел билігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін білесіздер. Осы қиын кезеңде «Nur Otan» партиясы да елдің қасынан табыла білді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арысқа арнайы келіп, тұрғындардың жағдайымен танысты: құрылыс барысы және қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен жай-күйі партияның бақылауында екенін және ешбір тұрғынның көмексіз қалмайтынына көз жеткізді. Өйткені, «Nur Otan» партиясы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты алғашқы күннен бастап-ақ белсенді түрде жұмыстар атқара бастады және күні бүгінге дейін атқарып келеді. Бүгінде төтенше жағдайдан зардап шеккен 474 үй бұзылып, орнына жаңадан үй салынса, 7160 тұрғын үй күрделі әрі ағымдағы жөндеуден өтті. Партия құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қызыл­орда, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан келген отандастарымызбен тығыз байланыста болып, жоспарлы әрі нәтижелі де игі істердің әрдайым көшбасында болды. Бүгінгі Арыс жаңаша түрленіп, өзгеше көрікке ие болды. Қала халқы игі жұмыстарға ризашылық білдіріп, Мемлекет басшысына, үкімет пен облыс әкімдігіне, соның ішінде «Nur Otan» партиясына алғыстарын айтуда.

Тұрғындар арасында туындаған на­разылықтардың алдын алу мақсатында партияның облыстық филиалы Арыста тұрақты қоғамдық қабылдау өткізіп, әр азаматқа жете көңіл бөлді. Түскен арыз-шағымдардың мазмұнына орай тұрғын үйлеріне барып, мердігер мен мекемелерге нақты тапсырмалар беру арқылы мәселелердің оңды шешілуіне ықпал етіп отырды. Партияның Арыс қалалық филиалына түскен 154 арыз-шағым мен тұрғын үйлерге жүргізілген құрылыс жұмыста­рының сапасына келіспеген 311 үй­дің иелерімен кездесулер өткізді. Нәти­жесінде, үйлеріне жасаған сараптама қорытындысына келіспеген 198 тұрғынмен белсенді партия қызметкерлері мен қаланың зиялы қауымдарының жүргізген жұмыстарының ар­қасында 185 проблемалық нысан шешімін тапты.

– Қазір бүкіл елдің назары Түркістанға ауды деуге болады. Құрылыс өте қарқынды жүріп жатыр. Бұл ретте партияның облыстық филиалының қосар үлесі қандай?

– Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сапарын Түркістан қаласынан бастап, қасиетті қаладағы жұмыстардың жалғасатынын айтты. Нақты тапсырмалар берді. Бір сөзбен айтқанда Түркістанның жаңа дәуірі басталды деуге болады. Бір жылдан аса уақыттың ішінде облыс орталығы өзгеріп шыға келді. Көшелерге асфальт төселіп, жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Биылдың өзінде медиаорталық, әкімшілік ғимараты, амфитеатр, әуенді субұрқақ сияқты өзге де нысандар ел игілігіне беріледі. Халыққа қызмет көрсету орталығы, неке сарайы, Олимпиадалық резерв даярлайтын спорт мектебі, музыка мектебі, Нұр-Сұлтан алаңының да құрылысы аяқталар күн жақындап келеді. Түркістан қаласы маңында азық-түлік белдеуі қалыптасып, көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Өңірдің даму жоспары жасалып, аудандар мен қалаларға да көңіл бөлінуде. Облыс аумағында 600 мыңнан астам көшет отырғызылып, жасыл белдеу ұлғайып жатыр. Осы сияқты игілікті істермен қатар әртүрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, Түркістан өңірінде туылған мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың еңбектерін, өнегелі өмірін ел арасында насихаттау мақсатында «Nur Otan» партиясының бастамасымен, аудан әкімдіктерінің қолдауымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты экспедиция ұйымдастырылып, «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми-тәжірбиелік конференция, танымдық-тағылымдық мәдени іс-шаралар өткізілді. Сол сияқты «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің бастамасымен Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өту мақсатында ұлы ғұлама Фарабидің туған елі Отырарда «Фараби мен Абай шығармаларындағы сабақтастық» атты тақырыпта кеңестің көшпелі отырысын ұйымдастырып, Фарабидің кіндік қаны тамған жері ежелгі Оқсыз қаласының орнына саяхат жасауды жоспарлап отырмыз.

Қорыта айтқанда, осынау тарихи сәтте әрбір азамат Ұлы Түркі халқының кіндік қаны тамған Түркістан өңі­рінің дамуына үлес қоса білуі керек. Өйткені, Түркістан – көне қала, түркілердің ата жұрты ғана емес, тұрақтылықтың да тұғыры болған қала. Тұрақтылық барда бірлік пен келісім бар. Жаңғырудың да негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім. Демек, Түркістан – тұрақтылықтың тірегіне айналуы тиіс. Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деген екен. Демек, елге қызмет ету үшін бүгінгі қоғам біздерден, Қазақстан сияқты ұлы да ұланғайыр даланы мекендеп отырған ұлттар пен ұлыстардан адалдық, қайраткерлік, отаншылдық мінезді, өзара татулық пен бірлікті талап етеді. Сол үшін партия бірлікті ту етеді және халықпен ашық әрі шынайы жұмыс жүргізуді басты қағида ретінде ұстанады. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз.

 

Сұхбаттасқан

Бейбіт Тоқтарбай

Соңғы жаңалықтар