Байлауға көнбейтін баға

Байлауға көнбейтін баға

Байлауға көнбейтін баға
ашық дереккөзі
Еліміздің барлық өңірлерінде ай сайын баға шарықтап, қарапайым халықтың қалтасын жұқарта түсуде. Базардағы бағаның бағамына қарап, зәрезап болған жұрт мұндай қымбатшылыққа да амалсыз бой үйрете бастаған.

 Баға, қайда барасың?

Қазіргі бағаның тұрақсыздығын әр­кім әртүрлі саралайды. Бірі ба­ғаның өсуін саудагерлердің қолынан жа­салатын жайт деп бағаласа, енді бірі мұ­ның себебін азық-түлік қорының азды­ғы­нан іздейді. Үшінші топ жалақы, зей­нетақы, жәрдемақының көбеюі бағаның да шарықтауына әсер етеді деп санайды. Ал саудагерлер бәрін экономикалық жағ­дайға доллардың көтеріліп, теңгенің құл­дырауына сілтейді. Теңгенің құнсыздануы азық-түлік бағасының өсуіне әсер етіп, қар­жылық қиындықтар қыспаққа алған­да, қарапайым халық шарасыз күйге түс­кендей болған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі ста­тистика комитетінің деректері бойын­ша, 2019 жылғы тамыз айындағы азық-түлік тауарларының бағасы 2018 жылдың тамызындағы көрсеткішпен салыс­тыр­ған­да 9 пайызға өсті. Ресми дерекке сүйен­сек, нан өнімдері мен жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май мен тоңмай, көкөністер, қант, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады. Жарма өнімдері тобында бағаның әр бағытта өзгеруі белгіленді. 2019 жылғы тамызда күріштің орташа бағасы 374 теңге, ал қарақұмық жармасы 241 теңгені құрады. Құм­ше­кер­дің орташа бағасы 2019 жылғы тамызда ки­лограмына 233 теңге, 2018 жылғы тамызда 223 теңге болды. Ет және ет өнімдерінен сиыр еті­нің жауырын-төс бөлігінің орташа бағасы 1 килограмы 1713 теңге (2018 жылғы та­мызда – 1506 теңге), сүйегі бар қой еті – 1648 теңге (1433 теңге), сүйегі бар жыл­қы еті – 1933 теңге (1695 теңге), шошқа еті­нің жа­уырын бөлігі – 1416 теңге (1281 теңге), ша­ла ысталған шұжық – 2109 теңге (1928 теңге), тауықтың сан еті – 812 теңге (663 теңге) болды. Ал күз мезгілі басталғалы бері азық-түлік бағасы тағы да шарықтай түсті. Яғни, уақыт өткен сайын бағаның өсуі байқалуда. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы ба­зар­­ларындағы баға ырыққа көнер емес. Нұр-Сұлтан қаласында баға бірден 15,1 пайызға өсті. Жезқазғанда 11,8 пайызға, ал Талдықорған қаласында тауарлар 10,4 пайызға қымбаттаған. Алматы жұртшы­лы­ғы болса, азық-түлік құнының шарық­та­ғанын әр маусым сайын байқайды. Дегенмен, қалалық әкімдік бұл жағдайды реттеуге барын салуда. Алматы әкімдігі биылғы жылдың тамыз айына дейін негізсіз баға көтерген 115 жағдайды дер кезінде тоқтатқан. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді дейді мамандар. Қаладағы 29 сауда нысанына тұрақты түрде мониторинг жасалады. Сондай-ақ, Алматыда құрылған тұрақ­тан­дыру қоры төмен бағаға кепілдік береді. Соңғы 2 жылда оның резерві шамамен 6 тонна тауармен толыққан. Олар дүкен­дер­де нарықтағы бағадан арзан етіп саты­лады. Осылайша, азық-түлік құнының ша­рықтап кетпей, тұрақты болуы қатаң бақылануда. Елордадағы бағаның қымбат екенін ел Президенті де Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі отырыста растаған болатын. «Нұр-Сұлтан қала­сын­да азық-түлік және күнделікті өмірге қа­жетті тауарлардың бағасы қымбат еке­нін айту керек. Бұл белгілі мәселе. Мысалы, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 па­йыз­ға, сүзбе 17 пайызға, пияз 14,5 па­йызға, күн­ба­ғыс майы 9,6, сиыр еті 6,7 па­йызға жоғары. Бұл қалада тиісті ин­фра­құрылым және азық-түлік белдеуі орнық­паған деген сөз. Сауда орын­дары тапшы. Ұйымдастырушылар кө­біне белгілі бір саудагерлерге ғана мүмкіндік береді. Яғни бәріне бірдей жағдай жасалмайды. Елорда әкімдігі мен көршілес облыстар арасын­дағы байланыс өз деңгейінде емес», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал мамандар «Өндірушінің бағасы мен нарықтағы сату бағасының айырма­шы­лығы жер мен көктей» дейді. Мәселен, бағбан баудағы сәбізін 67 теңгеге сатса, дүкен сөрелеріне жеткенде 1 келі сәбіздің құны 151 теңге болады. Делдалдар үстінен 84 теңге қосып сатып жатыр. Бағаны өсірмеу үшін Ұлттық экономика ми­нис­трлігі кешенді шараларды қолға алмақ. Соның ішінде тауарды жеткізушілерден сауда орындарында қосымша ақы алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, Ұлттық эко­номика министрлігі ырыққа көнбейтін бағаны бақылауда ұстау мүмкіндігін ха­лықтың қолына бермек. Ол үшін ар­найы платформа құрылады. Сол арқылы Үкімет әлеумметтік маңызы бар тауарларды қада­ғалап отырмақ.

Негізгі себеп неде?

Шын мәнінде, азық-түлік баға­сы­ның қымбаттауына негізгі се­беп­ті қайдан іздеу керек? Үкімет мү­ше­лері еліміздегі баға тұрақсыздығын әлемдегі азық-түлік бағасының жаппай өсуімен байланыстырады. Қарапайым ха­лық­тың азық-түлік бағасының қымбат­тауына наразылығынан хабардар болған түрлі деңгейдегі билік өкілдері бағаны ырыққа көндіру үшін барын салған. Тіпті, әкім­дер­дің базар аралап, бағаны негізсіз кө­тергендерге қарсы түрлі шараларды қолға алғанының да тиімділігі бола қоймады. Бір жылдары елімізде сауда қызметін рет­теу­ге бағытталған заң қабылданып, сол арқылы азық-түлік бағасын ауыздықтауға күш салынған. Алайда бүгінгі күні ха­лық­тың сол заңның игілігін көріп отырғаны ша­малы. Әсіресе, жыл басында жағадан алатын қымбатшылықпен күрес те елімізде қаңтар айынан басталған. Содан бері азық-түлік бағасының күрт өсуі мен оны тұрақтандыру мәселесі күн тәрті­бі­нен түскен емес. Үкімет қымбатшылықтың алдын алу­ға және нарықтағы бағаны қадағалап отыруға тырысқанымен, қараша халық оның нәтижесін көре алар емес. Бағаның өсуіне ең алдымен сол бағаны реттейтін мемлекеттік институттардың дәрменсіз­дігі әсер ететін сияқты. Сонымен қатар, ба­ғаның шарықтауына өндіріс көлемінің қысқарып, импорт үлесінің ұлғаюы, ұлт­тық есеп жүргізудің жетілмеуі, көлеңкелі эко­номиканың әсерлері, агроөнімдер на­рығында бәсекелестіктің өте төмен болуы да өз ықпалын тигізеді дейді мамандар. Бағаның ретсіз өсімімен күресуге кедергі келтіретін осындай техникалық сипат­та­ғы қателіктер қалай түзелмек? Сол қате­ліктердің шешімін тапқанда ғана, бағаның шектен тыс өсуіне кедергі кел­тіруге болады. Елімізде баға өсімін ба­қы­лайтын арнайы мекемелер бар. Олар қанша қадағаласа да, бағаның өсуіне тоқтау сала алмайтынына қоғам әбден көн­діккен. Тағы бір кілтипан – кәсіп­кер­лерде. Орта және шағын кәсіпкерлікпен айна­лысатындар өздері қалаған бағаны қоятыны бесенеден белгілі. Олардың айтар уәжі де бар. Кәсіпкерлер ком­му­налдық тарифтердің өскенін айтып ақта­ла­ды. Сонымен қатар, тауардың саты­лым­дағы бағасына жемқорлық әрекеттері де өз әсерін тигізетіні айдан анық. Кедендегі, жол­дағы тексерушілердің, заңсыз алым-салықтардың көптігінен де кәсіпкерлер тауарлар құнын шарықтатып жібереді. Өйткені тексеру көп болған сайын кәсіп­кердің қалтасындағы тиын-тебен азая түсетіні жазылмаған заңдылыққа ай­нал­ған. АҚШ доллары құнының қымбаттауы еліміздегі барлық азық-түлік түрлерінің бағасына әсер етті деу ақылға қонымсыз. Өйткені қазіргі уақытта отандық нарықта өз өнімдеріміздің алар үлесі де ай­тар­лықтай. Ендеше, саудагерлер доллардың ба­ға­мына неге байланады? Тұрғындардың түсінбейтіні – отандық өнімдердің ба­ғасы өзгелерден неге қымбат? Сырттан келген өнімдердің бағасы біршама арзан, алайда ондай бағаға қазақстандық тауар­ларды таба алмайсыз. Мәселен, Өз­бек­станнан келетін бау-бақша өнімдері елі­міз­дегі жылыжайларда өсірілген өнім­дер­ге қарағанда әлдеқайда арзан. Мұндай жайт сүт өнімдеріне де қатысты. Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасынан ке­ле­тін сүт өнімдерінің бағасы отандық өнімдерге қарағанда төмен. Мыңдаған шақырым қашықтықтан жеткізілетін өнімдер бағасынан өз жері­мізде өндірілген тауарлар қалай қымбат болуы мүмкін? Бұған кім кінәлі? Ма­ман­дар мұндай жағдай тауар өндірушілердің ірі сауда желілеріне тікелей тәуелділігінен туындап отырғандығын алға тартады. Яғни, олардың келісімшарттары көбіне екі тарапқа бірдей тиімді болмайды екен. Ал тауар өндірушілер сауда желілерінің отандық өнімдердің бағасын өз қалау­ла­рынша қымбаттатып сататын­дығын айтады. Қош, бағаны реттеп отырған меке­ме­лер, басқармалар мен департаменттер бар. Олар қадағалауын қадағалайды, алай­­да сәт санап өскен бағаға тоқтау сала ал­майды. Сондықтан нарықтағы бағаны ырыққа көндірудің нақты жолын табу керек.