Ішімдікті жарнамалау қажет пе?

Ішімдікті жарнамалау қажет пе?

Ішімдікті жарнамалау қажет пе?
ашық дереккөзі
БАҚ пен арақ-шарап. Бұл түсініктердің бір-біріне қандай қатысы бар дейсіз бе? Ендеше, назар салыңыз. Алдағы уақытта ішімдік жарнамасы ақпарат құралдарының жағдайын жақсартып, тіршілігін түзетуіне көмектеспек. Бүгінде ақпарат құралдарының көбі жарнама арқылы күн көріп отырғаны жасырын емес. Ал алкогольдік өнімдерді жарнамалауға нақты рұқсат берілсе, отандық БАҚ-тың қалтасы қампаюы әбден мүмкін. Бірақ бұл қаншалықты орынды? 15 жыл бойы тыйым салынған мұндай жарнамаға рұқсат беруден не ұтамыз?

 Жарнамалауға жол ашық

2004 жылдан бастап еліміздің «Жарнама туралы» заңын­да алкоголь жарнамасына тыйым са­лынған. Алайда Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі Еуразиялық одақ елдерінде мұндай тәжірибенің жоқтығын алға тартып, заң нормасына өзгеріс енгізу қажет деп шешкен. Сонымен заң тұжырымдамасы бойынша, телеарналар сыра мен шараптың жарнамасын сағат 22.00 мен 06.00 аралығында көрсетуге құқылы. Жарнама алкогольді шектен тыс тұтыну зиян екені туралы міндетті ескертумен қоса берілуі тиіс.  Ал газет пен журналдарда бірінші және соңғы беттен басқа барлық жерде алкогольдік өнімдерге жарнама жасай алады. Министрліктің мәлімдеуінше, тек Қазақстанда өндірілген алкогольді сусындарды жарнамалауға ғана рұқсат беріледі. Шетелдік өнімдерді жарнамалауға бұрынғысынша тыйым салынған. Ведомствоның мұндай шешімге келуіне отандық кәсіпкерлер мен БАҚ-ты қолдау ниеті себеп болып отыр. Өйткені бұған дейінгі тыйым кәсіпкерлер мен БАҚ-қа қолайсыз жағдай туындатып келген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлімдемесінде: «Ұсынылып отырған норманың негізгі мақсаты – отандық БАҚ-ты қолдау. Өйткені көптеген БАҚ субъектілері жарнама қаражаты есебінен жұмыс істейді. Жарнамадан түскен табыс журналдардың 60 пайызын, газет көлемінің 70 пайызын, ал теле және радиобағдарламалардың эфир уақытының шамамен 100 пайызын құрауы мүмкін. Өз кезегінде, БАҚ-тағы жарнамадан табыс алу мүмкіндігі жаңалықтар лентасы бағдарламаларының сапасына тікелей әсер етеді. Алайда Қазақстанда «Жарнама туралы», «БАҚ туралы» заңдар арқылы 2004 жылдан бері алкоголь өнімін жарнамалауға тыйым салынған. Бұл ретте ЕАЭО елдерінде, атап айтқанда, Беларусь, Армения және Қырғызстанда БАҚ-та алкогольсіз өнімдерді жарнамалауға тыйым салынған жоқ», – делінген. Жаңа заңға сәйкес, өнімнің өзін емес, тек тауарлық маркасы мен аталымын ғана жарнамалауға рұқсат беріледі. Ондай жарнамада балалар мен жасөспірімдерді көрсетуге және мультипликация немесе анимация түрінде түсіруге болмайды. Роликте жарнамаланатын өнімнің емдік қасиеттері бар деп сендіруге, шексіз тұтынуға үндеуге, оны ішпейтіндерді айыптап, мазақтауға, өзге адамдармен өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді деп айтуға тыйым салынады.

Кімге қандай  пайда бар?

Сонымен елімізде ішімдік жарнамасына рұқсат берілмек. Бұл БАҚ пен кәсіпкерлер үшін тиімді болғанымен, қарапайым халыққа қандай пайда бермек? Халыққа зиянды дүниені жарнамалауға неге құштар болып тұрмыз? 2004 жылы алкогольді өнімдерді жарнамалауға тыйым салынғанда, қоғамда әртүрлі пікірлер айтылды. Содан бері ішімдік жарнамасы жөніндегі талқылаулар толастаған емес. Түрлі жайтты себеп қылып, тыйымды жеңілдетуге тырысқандар да табылды. 2015 жылы депутаттар қауымы сыра жарнамасына салынған тыйымнан бас тарту туралы ұсыныстарын білдірген. Депутаттардың сол кездегі сөзіне сүйенсек, өзімізде өндірілетін алкоголі аз сусындарды телеарналарда жарнамалау ауадай қажет. Өйткені Қазақстанда ақпарат құралдары арқылы сыраны көрсетуге тыйым салынғалы бюджет сатылымнан салық ретінде түсетін миллиондаған теңгеден қағылып отыр екен. Есесіне жұрт жарнамасы жер жарған Ресейдің өнімін сатып алуға ден қойған. Яғни, қомақты пайданы да көршілеріміз көріп жүргендігін айтады. Ал көршілес Қырғызстан керісінше ішімдік жарнамасына салынатын тыйымды күшейтуге ден қоюда. Мәселен, өткен жылы Қырғызстан президенті Сооранбай Жээнбеков елде интернетте алкогольді ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салуды қолдайтындығын мәлімдеген. «Жарнама туралы» заңда спирттік ішімдіктерді жарнамалағаны үшін 10 мыңнан 70 мың сомға дейін айыппұл салу қарастырылған. Заң бұзылса жарнама беруші, жарнаманы жасаушы және оны таратушы да жауапқа тартылады.

Ішімдікке сұраныс көбейгені рас па?

Әу баста ішімдік жарнамасын тоқтатудағы басты мақсат – маскүнемдікті азайту болған. Алайда одан ащы суға еліргендердің саны азайған жоқ. Өндіріс көлемі де жыл санап артып барады. Өйткені алкогольді өнімдерге деген сұраныс көп. Бүгінде елімізде алкоголь өнімін саудалайтын 50 мыңға жуық сауда орны тіркелген. Мұның тым көп екендігін мамандар да растап отыр. Ал шет елдерде бәрі басқаша. Мысалы, Францияда 3 мың тұрғынға 1 алкоголь дүкенінен келсе, Исландияда 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға келеді екен. Қазақстанда 400 тұрғынға 1 дүкеннен айналады. Көз алдымыздағы мұндай цифрлар елімізде маскүнемдік дертінің алдын алу шараларын жүзеге асырудың қиындау екендігін ұғындырса керек-ті. Әйтеуір елімізде кешкі 21.00-ден кейін спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғандығы көңілімізге медеу. Бірақ мұның өзі толық жүзеге асырылып жатыр дегенге сену қиын. Барлық дүкендердің бірдей бұл талапқа бағынып жатпайтыны белгілі. Тіпті, ресми тіркелместен, арақ-шарап сатумен айналысатын дүкендер де бар. Дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жан басына бір адам жылына 11 литр таза этил спиртін қолданады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққандағы алкоголь тұтынуының шекті деңгейін есептеген. Ұйымның дерегінше, алкогольді тұтыну деңгейі жылына 8 литрден аспауы тиіс. Ал ішімдікті одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ішімдіктерді шамадан тыс қолдану адамзат денсаулығының және олардың еңбекке қабілеттілігінің нашарлауына себеп болады. Әлем ғалымдарының зерттеу жұмыстары дүние жүзінде әрбір 10 секунд сайын ащы судың кесірінен шамамен 1 адам көз жұматындығын дәлелдейді. Жыл сайын әлемде ішімдікті шамадан тыс тұтынудың нәтижесінде 3,3 миллион адам қаза табатын көрінеді. Ал 20-39 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлім-жітімнің 25 пайызы алкогольдің әсерінен орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше, әлемдегі түрлі ауруларға алып келетін үшінші фактор – ішімдік. Ал ТМД елдері арасындағы өлім-жітімге басты себепкер болатын алкоголь екен. Шын мәнінде, алкоголь – адамның жүйке жүйесін қоздыратын жасанды зат. Ол миға бірден әсер етіп, психикалық және мінез-құлық ауытқуларына, оның ішінде ішімдікке тәуелділікке, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне, жүрек-қан тамырларының аурулары және тағы басқа ауыр жұқпалы ауруларға әкеп соғады. Ішімдіктің әсерінен адамдар түрлі қылмыстарға барады. Қалай десек те, ведомство тарапынан ұсыныс айтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қамын күйттеген минис­трліктің ұсынысы қанағаттандырылса, алкогольді өнімдер еркін жарнамаланатын болады. Ал бізде мұның қоғамға еш зияны тимеуін тілегеннен өзге шара жоқ.