Миллиондап табыс тапқан кино ұлтқа не береді?

Миллиондап табыс тапқан кино ұлтқа не береді?

Миллиондап табыс тапқан кино ұлтқа не береді?
ашық дереккөзі
Өткен аптада «Томирис» фильмін тамашалаудың сәті түсті. Көп күткен кино үдеден шықты. Сыншы көзілдірігімен қарағандағы кем-кетікке көз жұмғанда, Ақан Сатаев көрермен көңілі тоярлықтай-ақ дүние жа­сап­ты. Бас-аяғы жұп-жұмыр. 2,5 сағатқа созылған фильм жалық­тырған жоқ, бір деммен көріп шықтық. 2,5 жылда жұмсалған 2,5 млрд теңгенің ақталарына сендік. Киноны да тауар десек, нарық заманында өндірушіге өнімінің өтімді болғанынан маңызды мүдде бар ма? Жасыратын несі бар, бүгінде отан­дық фильмдердің сапасын про­кат­тан түскен табысымен таразы­лай­тын сыңаржақ көзқарас қалыптасқан. Кассалық түсімі қомақты болса, фильмнің көрермені көп болғаны даусыз. Алайда залдың лық толы болғаны киноның дең­гейіне анық­тауыш бола алмайтыны ескеріле бермейді. Мәселен, өткен жылы қазақ киносының қоржыны кез келген жұртқа ұялмай көр­се­тетін бірнеше тұғырлы туындымен толықты. Арасында көпке ой салары да, фестивальдарда жүлде алғандары да, жас актерлердің жұлдызын жаққандары да баршылық. Тек пайда табуды көздеген арзанқол дүниелер де жоқ емес. Алайда жыл соңында бәрін сарапқа салып, көрер­мен көңілінен шыққандарын екшегенде, топ­жарғандардың қатарынан шын үздік­терді көре алмай дал болдық. Өйткені тө­ре­лікті кино көргендер емес, билет сат­қандар айтты. «Тикетон» онлайн билеттер серви­сі­нің деректері негізінде жасал­ған рейтингте отандық прокаттан 573 883 750 теңге жинаған «Африкадағы қазақша бизнес» фильмі көш бастады. 390 617 555 теңге табыс тапқан «Құдалар» фильмі екінші орыннан көрінсе, кас­са­лық түсімі 195 559 200 теңгені құраған «Биз­нес­мен­дер» үшінші орынға жайғасты. Үздік ондыққа «Ұлы дала комедиясы», «Мен – күйеумін», «Гудбай, мой бай», «Таи­­ландтағы каникул», «Сиситай» «Әмі­ре», «Свадьба.kz» фильмдері кірді. Аталған 10 фильмнің жетеуі – комедия. Жеңіл сценарий, арзан күлкіні айналшықтаған бұл комедиялардың барлығы дерлік әуес­қойлардың жұмысы. Арасында әншісі бар, әзілкеші бар – атағы мен ақшасы барлардың өнімі өтімді болып тұрғаны жасырын емес. Жарнамасы жер жарып тұрса, көрерменнің көзі мен құлағы ғана емес, уақыт өте келе талғамы да арба­ла­тыны өкінішті. Әйтпесе, көп қаралған фильм­дер көшін кино сыншылары «қ­азақ киносындағы төңкеріс» ретінде жо­ғары бағаланған «Талан» неге бас­та­мады? Қазақтың қаракөздері «Тар заманға» неге таласа билет алмады? «Алтыншы постқа» неге асығып бармады? Біздіңше, өткен жылы отандық про­катқа шыққан фильмдердің көш басында қазақтың кинонарығына соны сүр­леуі­мен енген «Талан» психологиялық дра­ма­сы тұруы керек. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Қалымбетовтің төл туындысы жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» хикаятының желісі бойынша түсірілген. «Талан» – кешегі кеңестік отарлау саяса­ты­ның кесірінен тұс-тұсына тұрым­тай­дай тентіреп кеткен, ашық аспан астында сүйектері шашылып қалған қазақтың қасіретті тарихының тағдырлы карти­на­сы. Режиссер 30-жылдардың аштығын бастан кешіп, ата-аналарынан айырылған Тағай мен Керім атты екі баланың тауқыметі мол жеке тағдырлары арқылы ұлт басына төнген қасіретті терең оймен астарлай жеткізуді жөн көрген. Басты рөлдерде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Оң­да­сын Бесікбасов, Асан Мәжітов және Ер­жан Нұрымбет ойнады. Өкініштісі, та­ғы­лымдық мәні зор киноға кіру үшін кезек күткен жастарды көре алмағанбыз. Көп касса жинай алмаса да, көрер­мен­нің жан-жүрегін тебіренте алған тағы бір фильм – «Алтыншы пост». Шынайы оқиғаға негізделген туынды Ербол Отар­баев есімді сарбаздың әскерде боры­шын өтеп жүргендегі ерлігі туралы. 2010 жыл­ғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу колониясынан 21 жазасын өтеуші қашпақ болады. Сонда оларға жалғыз өзі тосқауыл қоя білген Ербол осы ерлігі үшін ол Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапат­тал­ған еді. Осы оқиғаны негізге алған ки­нода бүгінгі күннің күйіп тұрған, ең өзек­ті тақырыбы – діни экстремизм мәселесі қаузалған. Дінді желеу етіп, тіпті сылтау етіп деп айтайықшы, арам пиғылын іске асырып жүргендердің іс-әрекеті, образы ашық көрсетілген. Киноның көтерген тақырыбы ғана емес, актерлік құрамы, олардың ойнау шеберлігі де көптің көңілінен шыққан-ды. Басты рөлдерді сомдаған Ғани Құл­жа­нов, Саят Исембаев, Санұржан Сүлей­меновтердің ойыны көпке дейін жұрт аузында жүрді. Туындының тағы бір ұтымды тұсы – соңы шынайы өмірдегі кадрмен жалғасып кетеді. Бұл да кө­рер­менге ерекше әсер сыйлады. Оны көрген қаншама адам көз жасын тыя алмағанын, фильмнің эмоционалды әсері күшті екенін айтып, ерлік жасауға, Отанға қызмет етуге жігерленіп шық­қан­дарын әлеуметтік желілерде әсерлене жазған еді. Бірақ қанша жерден әсерлі болса да, фильмнің прокаттан жинаған табысы небары 5,6 млн теңгеден асқан жоқ. Есесіне, өзгенің қалтасын қалыңдаттық. Әлемдік прокатты дүр сілкіндірген «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» («Мстители война бесконеч­нос­ти») фильміне таласа билет алып, онсыз да көл-көсір табысын 832 305 443 теңгеге арттырдық. Отандық тұғырлы туындылардың, ұлттық киностудиямыз қомақты қар­жы­ға түсірген ауқымды фильмдердің көп көрермен жинай алмауының сырын режис­сер Елзат Ескендір түсіндірді. Оның айтуынша, «Қазақфильм» көптің сұранысын қанағаттандыру бағытында емес, көрерменді рухани тәрбиелеуге жұмыс істейді. «Қазақфильмнің» мақсаты – кассалық фильм түсіру емес. Негізгі бағыт – идео­ло­гиялық, тарихи, авторлық-интел­лек­туалдық фильмдер. Түсірген фильмдер не себепті коммерциялық жетістікке жетпейді деп кінә тағуды сауатсыздықтан деп айтар едім. Өйткені кассаны қуатын болса, «Қазақфильм» көрерменнің дең­гейі­не түседі. Мемлекет ақша бөліп отыр­ғаннан кейін, мақсат – ақша табу емес, халықтың рухани-мәдени деңгейінің өсуі» – дейді режиссер. Мемлекет барлық шығынды өз мой­ны­на алып отырған соң, киностудия ки­но­театрлардың кассасын аңдымайтыны түсінікті. Десе де, атқарылған еңбектің қаншалықты ақталғанын, кинодағы ай­тыл­­ған ойдың қанша көрерменге жет­кенін білу үшін де прокаттың нәтижесіне тел­міретініміз ақиқат. Сондықтан отан­дық фильмдердің қомақты табыс тап­пауы­ның себебі неде деген сауалды айналып өте алмаймыз. «Қазақфильм» түсірген туынды­лар­дың көп көрермен жинай алмауының бірінші себебі – олардың көркемдік ба­ғы­тына байланысты. Ұлттық кино­сту­дияда көбіне авторлық-интел­лек­туал­дық бағыттағы фильмдер түсіріледі. Олар ұлттық прокатта ұзақ уақыт жүре қой­майды. Фестивальдарға қатысып, жүлделі орын алып келіпті дегенді естіп, марқаятынымыз болмаса, кейбірі тіпті жалпақ жұртқа көрсетілмейді де. «Авторлық фильмдер кинотеатрдан көрсетілсе, пайда әкеледі дей алмаймыз. Себебі ол фильмдердің көрермені – кинотеатрға көп бармайтын аудитория. Бірақ біздің мәдени-рухани кеңістігі­міз­дегі бос қуысты толтыратын аса қажет дүниелер бөлек қой. Мәселен, биыл көк­темде прокатқа «Айка» фильмі шыққанда, әлеуметтік желілерден залда 5-6 адам ғана отырдық деген жазбалар оқыдым. Бірақ бұған қарап «Айканың» деңгейін «Брат или брак» фильмімен салыстыруға бол­майды ғой. «Айка» – авторлық бағыт­тағы туынды. Көрерменді өзінің деңгейі­не шақырады. Қоғамда біз білетін, біл­мей­тін қандай адамдар тіршілік етеді және қалай өмір сүреді деген сұрақты қояды, сол арқылы адамның санасына ой салып, жүрегін қозғайды. Ал айтып отырған комедияның мақсаты көрер­мен­нің деңгейіне түсіп, сол арқылы ақша табу. Екеуінің бағыты екі түрлі болған соң салыстыруға мүлде келмейді», – дейді режиссер Елзат Ескендір. Ұлттық киноөндірістің табысын ор­тай­татын тағы бір түйткіл – еліміздің ха­лық тығыз қоныстанған, мәдени ша­ралар жиі өтетін үш-төрт қаласынан өзге өңір­лерде киноға бару мәдениетінің кенже дамуы. Ауылдардың көпшілігінде кинотеатр жоқтың қасы. Қазақстанда 60-70 кинотеатр болса, Америкада 6000, Ресей аумағында 4000-ға жуық кинотеатр бар. Осыған қарап-ақ, отандық кино­ин­дустрия неліктен қарыштап дами алмай отырғанын ұғуға болатындай. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Қа­зақ киносының саны жылдан-жылға артып келе жатқаны көңілге медеу. Сан артқан сайын бәсеке күшейеді. Бәсеке бар жерде сапа болады. Ал сапа – биік талғам мен мол табыстың кепілі.

2018 жылы прокаттан ең көп табыс тапқан отандық фильмдер

Фильмнің атауы Табысы
Африкадағы қазақша бизнес (Бизнес по-казахски в Африке) 573 883 750 теңге
Құдалар 390 617 555 теңге
Бизнесмендер (Бизнесмены) 195 559 200 теңге
Ұлы дала комедиясы 183 463 410 теңге
Мен – күйеумін! (Я – жених) 161 742 400 теңге
Гудбай, мой бай! 146 089 950 теңге
Таиландтағы каникул (Каникулы в Таиланде) 127 101 927 теңге
Сиситай 99 408 465 теңге
Әміре 74 803 200 теңге
Свадьба.kz 73 028 323 теңге