Бейнетіңнің зейнеті бұйырғанға не жетсін

Бейнетіңнің зейнеті бұйырғанға не жетсін

Бейнетіңнің зейнеті бұйырғанға не жетсін
ашық дереккөзі
Қазақта «Бейнетіңнің зейнетін көр» деген жақсы тілек бар. Сондай-ақ, «Бейнет түбі – зейнет», «Жасыңда бейнетін көрсең, қартайғанда зейнеті бұйырар» деп те мақалдатып жатады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек ете білгенге оның рахаты да бұйырады дейді халық даналығы. Әрине, бұрында зейнет ұғымы қартайғанда өзің жиған мал-дүниенің рахатын көріп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздың қамқорлығына бөлену мағынасында түсінілсе, қазір зейнетке шығу, зейнеткер, зейнетақы деген ұғымдар еліміздің Ата заңымен белгіленіп, ел азаматтарына түрлі жағдайда берілетін өтемақы. Ол азаматтарға заңда көрсетілген белгілі бір жасқа толғанда, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айрылғанда, арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін беріледі. Зейнетақы жүйесі әлем мемлекеттерінің бәрінде бар, тек оларды жинақтау мен беру мәселесі ғана әртүрлі. Қазақстан 1998 жылы 1 қаңтардан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің артықшылығы – зейнетақыға жеткілікті ақша жинай алмаған адамдарды да зейнетақымен қамтамасыз ете алады. Одан беріде түрлі дербес жекеменшік зейнетақы қорлары құрылып, түрлі мекемелерде істеген адамдар өз мекемесімен келісім-шарт жасасқан зейнетақы қорларына ақша аударып отырса, 2013 жылғы 22 тамызда қызмет сапасын көтеру, зейнетақы активтерін дұрыс есепке алу, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін көтеру арқылы зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда салымшыларға ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қоры – «БЖЗҚ» АҚ құрылып, содан былай елі­міз азаматтарының салымдары бір жерге жиналып, бір орталықтан басқарылатын болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесінде әрбір азамат өз еңбекақысының 10 пайызын зейнетақы жарнасына аударып, өз зейнетақысын өзі жинайтын да, зейнетке шыққан кезде жинақталған қаражат салымшыларға олардың жеке зейнетақы шоттары арқы­лы төленіп отыратын. (Бұның бә­рі Қазақстан Республикасында зей­­нетақы тағайындау және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңымен және өзге де заң актілерімен жүзеге асырылады). Дегенмен соңғы жылдарда еліміздің зейнетақы қорына қатысты бірнеше реформалау жұмыстары жүріп, түрлі даулы мәселелер туындап жүрген жайы бар.

Зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі өзгере ме?

Өзгереді. Өйткені 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, жұмыс берушілер әр қызметкерінің зейнетақысы үшін негізгі жарнаға қоса (әр адамның бұрыннан аударып келе жатқан 10 пайыздық жарна), өз қаржы қорынан 5 пайыз жарна аударатын болады (азаматтық келісім шартпен жұмыс істейтіндерге жұмыс беруші тарапынан қосымша 5 процент жарнаны аудармайды). Ол заңмен міндеттелген. Бұл болашақ зейнеткерлердің зейнетақысының мөлшерін көбейту үшін жасалған екен. Алайда, қызметкер зейнетке жетпей қайтыс болса, жинақталған қаражаты мұрагерлеріне берілмейді. Өйткені зейнетақы қорындағы қаражат тек жинаушы иесіне ғана тиесілі деп саналады.

Зейнетақы мөлшері өсе ме?

2020 жылғы қаңтардан бастап зейнетақы өседі. Ол туралы осы айдың басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтқан болатын. Елімізде қазір зейнетақының ор­таша мөлшері 86 мың теңге болса, жоғары мөлшері 117 мың теңгеге жетеді екен. Бұл жөнінде баяндаған Б.Нұрымбетов: «Өткен жылдың ортасында базалық зейнетақы әжеп­тәуір өсті. Бүгінде ең төменгі зей­нетақының мөлшері – 35 мың теңге. Базалық зейнетақы 54 мың теңге болып отыр. Бүгінде зейнетақы төлеу жағынан проблема жоқ. Төлемдер уақытында беріледі, – деген еді. Министр зейнетақының мөлшері жыл сайын инфляциядан 2 процентке көтеріліп отырғанын айта келіп: «2020 жылы қаңтар айынан бастап біздің барлық зейнеткеріміз үшін зейнетақы төлемдері міндетті түрде өсетін болады. Төлемнің мөлшері инфляцияның орташа деңгейіне қарай есептеледі», – деп тұжырды сөзін. Қазірге кезде елімізде 2 миллион 190 мың зейнеткер есепке алынған. Оның 1270-і соғыс ардагері және осы санатқа теңестірілген 22 мың адам бар.

Зейнетақы қорындағы ақшалар қалай пайдаланылмақ?

Біраз уақыттан бері қоғам арасында зейнетақы қорындағы жинақталған ақшаны белгілі бір мақсаттарға жұмсау мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жүр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру мәселесін шешуді тапсырған болатын. Бұл бойынша жауапты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалануға қатысты ұсыныстар жасауға дайындалып жатқаны белгілі. ҚР премьер-министрдің бірінші орын­басары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты тапсырма бар екенін айта келіп, «Үкіметке халықтың жекелеген санаттарына зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана мен білімге жұмсауға рұқсат беру туралы тапсырма берілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, тиісті ұсыныстарды әзірлейді. Олар бекітілген мерзімде қажетті ұсыныстарды дайындап, қоғамдық талқылауға шығарады деп ойлаймын», – деген болатын.

Зейнетақы қорын басқа мақсатқа пайдаланудың қаупі бар ма?

Жалпы зейнетақы қорындағы жиналған қаражатты белгілі бір мақсатқа тиімді пайдаланып, оны көбейтіп отыруға септігін тигізетін шаралар жасау мәселесі жоғары жақ­та біраздан бері әңгіме болып келеді. Оған себеп, кейбір салымшылар зейнет жасына жетпей өмірден өтсе, олардың қаржысы жұмсалмай қалады, сондай-ақ қозғаусыз тұрған қаражатқа жыл аралатып келіп тұратын құнсызданудың әсері тиюі мүмкін. Сондықтан оны жинақтаушы азаматтардың пайдалануына рұқсат ету (несиесін өтеуге, ипотекалық несиеге пайдалануға) керек деген де әңгімелер болып жүр. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смо­ляковтың пікірі назар аударарлық. «Мен өзім зейнетақы жинақтарын кредитті жабу үшін пайдалануға қарсымын. Бұл – менің жеке пікірім. Иә, неше түрлі жағдайлар болады. Қаржылай қиындықтар болғанда несие алуға тура келеді. Кепілдік те бар. Ал кредитті ақшамен, я болмаса, кепілдікпен өтеу керек. Бірақ БЖЗҚ-дағы жинақтар зейнетке шыққаннан кейін керек қой. Мәселен, ол ақшаны пайдалануға рұқсат берілсе, несие алған адам зейнетақы жинақтарын жұмсап, кепілдіктен де айрылуы мүмкін. Меніңше, ондай жағдайда зейнетақы жинақтарын кредитті жабу үшін пайдаланған қисынсыз сияқты», – дейді ол. Расында еліміздегі барлық азаматтың зейнетақы жинақтары бірдей емес. Сондықтан зейнетақы қорындағы ақшалар бөгде мақсаттарға пайдаланылса, кейбір азаматтарға зейнетақысыз қалу қаупі төнуі мүмкін. 2014 жылғы қазанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан Әзербайжан халықаралық банкіне 250 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы салынып, арада үш жыл өткенде – аталған банк өзін соттан банкрот деп тануды сұраған кезде, қазақстандықтардың қаражаты шетелден қайтпай қала ма деген қорқыныш болған ел арасында. Бірақ Қазақстан үкіметі оны бақылауда ұстап отырғанын, қаржының біртіндеп қайтып жатқаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Жасыратын несі бар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан еліміздегі банктерді дамыту үшін талай рет қаржы аударылған. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 21 банкке 397 млрд теңге салынғаны белгілі болған еді.

Зейнетақы қорынан кімдер ақша ала алады?

Қазақстан Республикасының қол­даныстағы заңына сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнет­ақы жинағы ай сайын төленеді. Бұл зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтуге және оны ұзақ уақыт алуға мүмкіндік береді. Дегенмен кей жағдайда зейнетақыны бірден ше­шіп алуға да болады. Қалай? Азамат зейнет жасына келген соң оның шотындағы ақша ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, жинақталған бар қаражатты бірден алуына болады. Мысалы, бірден шешіп алуға болатын қаражаттың көлемі 2019 жылы 433 296 теңге деп есептелген. Осы жылы зейнетке шыққан адамның зейнетақы қорында жинаған бар ақшасы осы мөлшерден артпаса, толық алуға мүмкіндік берілген. Зейнет жасына жеткен салымшылар мен 1, 2 топтағы өмір бойына мүгедек болып қалған адамдар зейнетақыны ай сайын ала алады.

Зейнетақы қорындағы қаражат жөнінде не білеміз?

2019 жылғы 1 қаңтарда зейнетақы қорындағы қаржы көлемі 9,38 триллион теңгені көрсеткен. Ұлттық банк баспасөз хабарламасында осы жылда зейнетақы жинақтары 1,5 триллион теңгеге көбейгені айтылған. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттары саны 9,9 миллион екен. Былтырғы зейнетақы төлемдерінің сомасы 168,6 миллиард теңгеге жеткен. P.S. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар халқымызда. Дегенмен, қалтасы бардың бәрінің көкейін ақша тескен заманда ел азаматтарының зейнетке шыққасын қажетіме жұмсармын деп жинаған қаражатының талан-тараж болмауын қадағалау да оңай емес. Жиналған ақшаның құнын түсуден сақтаймын деп инвестицияға салынған қаражаттарға қауіп төніп, халыққа берген несиесінен үстеме ақша алып отырса да қиын жағдайға түсіп қала беретін банктерді құтқаруға зейнетақы қорынан ақша бөліне бергені салымшыларды алаңдататыны анық. Қандай реформа жасаса да үкімет ел азаматтарының бейнетпен тапқанының зейнетін көруіне қиындық тудырмауы тиіс.