Шарындағы «Эко парк» кешені

Қызғылт қамалдағы жалғыз жол бізді «Эко парк» кешеніне алып келді. Паркте туристер үшін барлық жағдайлар жасалған. Алматы облысындағы ең үлкен Шарын өзені бойында жағалай орналасан демалыс орнында қонуға болатын қазақ үйлер маңғаздана, әдемі жерге көрік болып орналасқан. Іші қазақы нақышта көркемделіп, безендірілген. Паркте бірнеше кафелер де бар. Бір күнге келуші саяхатшылар үшін тапшандар өзен бойы орналасқан. Қазақ үйлер арасында орналасқан табиғи газондарда жатсаң, көк жайлауда жатқандай боласың. Тамағы қолжетімді. Өкініштісі, интернет жоқ. Ғаламтор мен ұялы байланысты қосу үшін күші мықты 380 вольтті электр желісін тарту қажет, дейді парк өкілдері. Парк электр қуатын күн батареяларынан алуда.

Шарындағы «Эко парк» кешені
ашық дереккөзі

Парк инспекторы Акрамов Максимнің айтуынша, көктем және күз мезгілінде туристердің легі көбейеді екен. Былтырғы жылы 15 000 саяхатшы келсе, биылғы жылдың 9 айында 18 807 мың адам келген. - Жылдан жылға Шарын шатқалын көруге келушілер саны артуда. Біз келген барлық саяхатшыларды тіркеп отырамыз. Көбіне, Корея, Франция, Қытай, Америка, Польша, Еуропадан туристер көп келеді, дейді ол. Біз де жол-жөнекей Эстония, Америка, Индия, Польша, Қытай, Кореядан келген туристермен танысып, кейбірін әңгімеге тарттық. Бірі үшінші рет келсе, екінші бірі  Қазақстанға алғаш рет келіпті. Қытайлықтар Қазақ елін Димаш арқылы танып келсе, кореялықтар жұмыс сапарымен, ал, Польшадан келгендер арнайы саяхаттап келіпті. Барлығы Шарын шатқыланан керемет әсер алғандығын жеткізді және туризмді дамыту үшін таптырмас бірегей жер екендігін айтты.

«Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Көптен бері келуді армандаған едім. Бүгінгі саяхаттан алған әсерім керемет. Мынандай әдемі, көз тартар жерді бұрын соңды көрмеппін. Бұл жартастар, табиғат, мына таза ауа, бәрі-бәрі керемет. Маған Қазақ елінің тағамы, табиғаты, адамдары да ұнады!», - деді Үнді елінен келген американдық Бил Дэвид. Биылғы жылдың басты жаңалығы 

- «Эко парк» кешені қыстың күні де жұмыс істейтін болады. Бұған дейін қыстың күні шатқалға түсуге рұқсат берілмеген еді. Енді, «Шарын» ұлттық табиғи паркіне жыл бойы келсеңіздер болады. Келемін деушілер үшін ақпарат:

Кіру құны 1 адамға - 752 тг. Экскурсиялық гидтің қызметі бір топқа — 2500 тг. Оған 20 адам кіреді. Тамаққа 1 адамға шамамен — 2-3 мың тг. кетеді (Палау, салат, нан, шәйін қосқанда). Қазақ үйлерді жалға беру 1 күнге — 45 мың тг. (8 адамға/ тамағы кірмейді). Өз тағамдарымен келгендер үшін арнайы үстелдер, тегін тапшандар бар. Ішін көлікпен аралап, тамашалаймын десеңіз, 1 бағытқа 1000 теңгеден парк көліктері жүреді. Айта кетейік, шатқалдың ішіне жеке көліктеріңіз кіргізілмейді. Қауіпсіздік мақсатында рұқсат етілмейді. Саяхатшылардың қауіпсіздігін арнайы патрульдік топ қамтамасыз етеді.