Қаныш Сәтбаев-120: Баянауылда республикалық жыр мүшәйрасы өтті

Қаныш Сәтбаев-120: Баянауылда республикалық жыр мүшәйрасы өтті

Қаныш Сәтбаев-120: Баянауылда республикалық жыр мүшәйрасы өтті
ашық дереккөзі
Баянауыл ауданында геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды pavlodarnews. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі ұйымдастырған жыр додасына 20-дан астам ақын қатысты. - Мүшәйраның мақсаты – ұлт тарихына, қазақ ғылымына, өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың адамдық болмысы мен елеулі еңбегін насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты елі мен жерін сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеу, - деді әкімдікте. Мүшәйра ережесі бойынша 16-35 жас аралығындағы ақындар үш өлең жолдауы керек болды. Бірінші өлең Қаныш Сәтбаевқа арналса, екінші өлең - Баянауыл туралы және үшінші өлең елдік, ерлік, өрлік тақырыбындағы патриоттық өлең болуы тиіс. Екі айға жалғасқан жыр бәйгесіне ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер топтастырылған «Заңғар» кітабының құрастырушысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани және ақын, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш қазылық етті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге қарағандылық Жәнібек Әлиман ие болды. Бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан Олжас Қасым еншілесе, екінші орынға Балқаш қаласынан Айдын Байыс пен түркістандық Мұқағали Кенжетайұлы лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын Шығыс Қазақстаннан Серікжан Қажытайға, баянауылдық Жоламан Әйткен және Баянауыл ауданы Шоманкөл ауылынан Мұсабек Сейсенбекұлына бұйырды. Сонымен қатар, екібастұздық Рауан Қайдар облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының арнайы жүлдесін, Ертіс ауданынан Бақберген Дариғаұлы аудандық «Баянтау» газетінің арнайы жүлдесін еншіледі. Қатысушылар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталды. Мүшәйра қатысушылары академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында сақталған құнды жәдігерлермен танысып, баянауылдық оқырмандармен кездесті. Баянауыл ауылындағы «Даналар даңқы» аллеясына саяхат жасады.