«Үш арыс»: Әдебиет жауһарлары қылқалам тілінде сөйледі

«Үш арыс»: Әдебиет жауһарлары қылқалам тілінде сөйледі

«Үш арыс»: Әдебиет жауһарлары қылқалам тілінде сөйледі
ашық дереккөзі

Республика бойынша кең көлемде аталып өтіп жатқан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы аясында Алматының Ұлттық кітапханасында мазмұны ерек  кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" басылымы хабарлады.

Бір жылы дүниеге келіп, бір жылда репрессия құрбаны болса да, қазақ әдебиетіне тең­дессіз үлес қосып кеткен үш бәйтеректі еске алып, тағ­зым парызын орындауда Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы ерекше тарту жасады. «Үш арыс» атты кітаптың тұсаукесеріне халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ақынның ұлы Саят Жансүгіров және оның өзге де ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Кешті халықаралық ұйымның Алматыдағы өкілі Асқар Тұр­ғанбаев жүргізді.

Модератордың айтуынша, кеңестік кезеңде қаламгердің белгілі бір шығармасын қыл­қаламды серік еткен сурет­шінің көзқарасымен баяндап шығатын дәстүр болған. Қаламгер мен суретшінің рухани тандемінен туған бұл дәстүр кейін мүлдем үзіліп қалды. «Үш арыс» кітабы осы дәстүрді қайта жалғап, өткен ғасырдағы және қазіргі кезеңдегі белгілі отандық суретшілердің нәубет құрбаны болған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің шығармаларын оқи отырып салған туындыларын осы кітап-альбомға жинақтаған. Жобаның ерекшелігі – әде­би туындыны қылқалам ше­берінің көзімен тану, көр­нек­ті жазушының әдеби шы­ғар­маларын көркемсурет, кес­кін­деме өнері арқылы паш ету. Осы жоба негізінде оқырман қолына тиіп отырған жаңа жинақ баспа ісінің соңғы технологиясы негізінде сапалы дайындалуымен көз тартады. Сәкен мен Ілияс өлеңдерінің, Би-ағаның ескірмейтін, өмір­шең әңгімелерінің желісімен салынған суреттердің маңы­зы мен мазмұнының әр алуан­дығы арнайы сөз етуге тұра­тын жеке тақырып болуға ла­йық. Әбілхан Қастеев, Үкі Әжиев, Салихитдин Айтбаев, Құрманғазы Ақашев, Әубәкір Исмайылов, Сергей Калмыков, Қанафия Телжанов, Әмен Қайдаров, Мағауия Аманжолов, Кәміл Шаяхметов, Жаңатай Шәрденов, Николай Хлудов, Орал Таңсықбаев, Нұрбек Таңсықбаев, Ғали Мырзашев, Жеңіс Кәкенұлы, тағы басқа белгілі суретшілердің туын­ды­лары қаламгер шығар­мала­рының мазмұнын толықтыра түскен.

Кітап-альбом Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырысымен «Central Asia Production» компаниясы тарапынан қазақ және орыс тілдерінде Германияда басылды. Неміс елінде өткен баспа өнім­дері арасындағы байқауда бірінші орынды иеленген осы компанияның директоры Берік Барысбеков кітапты жарыққа шығару жұмысы туралы баяндап берді. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұ­мыстарын аталған компания іске асырған. Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ілияс Жансүгіровтің тұтас өмір жолымен таныстыратын «Халық өмірінің қаһарман жыр­шысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.