Кісіліктің эталоны

Кісіліктің эталоны

Кісіліктің эталоны
ашық дереккөзі
Өткен шақта сөз бастау не деген қиын еді. Дәл осы Талғат ағам туралы естелік жазамын деп ойлап па едім?! Талғат ағам деп мен­шік­теп отырғаным – бүгін­гі қазақ прозасының көрнек­ті өкілі, талантты модернист-жазушы Талғат Кеңесбаев еді. Біздің студент­тік жылдарымызда «хит» бо­лып, ең көп оқылған атақ­ты «Гаухар» повесінің авторы. Жүректі елжіреткен, жастық шақтың отын алаулатқан, өзіне ғашық қылған, сұлулығында кінәраты жоқ айдай Гаухар еді. Төгілген тіл, шытырман эпи­зод, шығарманың өн бойына сыймаған сезім... тек қана Кеңесбаевтың қаламына тән қасиет. Жазушының есім-сойын естігенде еске бірден түсетін осы – «Гаухар» еді. Классикалық туынды. Романға бергісіз махаббат хикаясы, қазақ қоғамындағы нарық кезеңінің боямасыз көрінісі. Ең алғаш рет қаламгерді шы­ғармалары арқылы танып, біліп едім. Сосын, Facebook деген жер-көкті бір-бірімен байланыстырған әлеуметтік желі арқылы танысып, айырылмастай табысып едік. Ол – әке, мен – бала едім. Бір-бірімізге әке мен баладай қарап, арамызда шынайы туыстық қарым-қатынас орнаттық. Бақытты күндер енді туып, бір-бірімізге бауыр басып келе жатқанда қайран аға, әкедей қамқор болған абзал адам мезгілсіз ит тірлікті тәрк етіп, кетті де қалды. Өзінің мінезі сияқты. Не болып, не өзгергенін аңғармай да қалдық. Ұршықтай иірілген сынап-уақыт өтті де кетті. Сұлулыққа құштар жүректің тоқтағанына бір жылдың жүзі өтіпті. Осы бір жылға жуық уақыттың ішінде «Әй, бала!», «Балақай!», «Еу, Пері!» деп еркелететін мейірім-жүрек «сөйлемеді». Жарық күнде шам жағып шығып іздесең де таппайтын кісі екенін сезініп, жоқтығына өкіндік... 2018 жылдың 23 қазаны еді. Күн – сейсенбі. Таңғы 6.30-да телефонның даусы қатқыл шығып, шыр-шыр етеді. Жуынатын бөлмеден асығып-аптығып келіп, тұтқаны көтеріп едім, жазушы Дидахмет ағаның ұлы Дәулет ағаекем: «Елдосжан, бекем бол! Талғат ағамыз дүниеден өтті...» деп қаралы хабарды естіртті. Дәукеңнің сөзінің аяғын естігенім шамалы... Құлақ бітіп, алай-дүлей күй кештім. «Бұл қалай, көкем-ау?!» деп қоямын ішімнен. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын кісі еді. Кісілігі, азаматтығы бір бөлек, жанашырлығын айтсаңшы! Әр қазақтың баласына жаны ашып, мейірбан болып жүретін ақеділ мінез, кеңпейіл жүрек еді. Кісіліктің эталоны еді.  Жүрісінен жаңылған әлем, адамдық кейпі өзгерген қоғам – оның жүрегіне қаяу түсіріп, салмақ салды. Білемін. Сезетін едім. Жазушы да мейірімге зәру еді. Қатарлас, замандастары жыл сайын қос-қостан кітап шығарып, небір атақты иеленіп, құрмет-қошеметке бөленіп жатқанда, прозада өзіндік дара қолтаңбасы бар, иірім-соқпағы мүлде бөлек, стиль тудырған суреткер ескерусіз, елеусіз қалды. Өзі де біреудің алдына барып, аға-көке жағалап жүрмеді. Ал әдеби жиындарда, Жазушылар одағының Жыл қорытындыларында баяндамашылар мен сыншылардың көзіне біртоға, жар­намасы жоқ Кеңесбаев көрінбеді. Оның шығармашылығы туралы тірі кезінде ешкім айтпады, не жазбады. Әдебиетте «Ақын өлтіру ойыны» деген түсінік бар-ды. Біздің қоғам, әсіресе зиялы қауым саналатын ақын-жазушылар ортасы қаншама талантты заманында бағаламай, елемей жіберді десеңші! Қайран да, қайран есіл ер осы «ойынның» құрбаны болып кетті... Талғат Кеңесбаев! Қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі айрықша есім, ірі суреткер. Бірақ та оның қаламынан біз асыға күткен ірі, кең тынысты шығармалар жазыла бастап еді,  өкініштісі аяқталмай қалды. Енді біздің көз алдымызда – қаламы жүйрік жазушының екінші мәңгілік ғұмыры басталды. Оның артына қалған әдеби мұрасы, аяқталмай қалған шығармалары, көңіл дәптеріне түскен ойлары бәрі-бәрі – тілеулес інілеріне аманат. Әне-міне дегенше, жазушының алпыс жылдық мерейтойы да жақындап қалды. Фәни ғұмырында айтпаған жылы сөзімізді өкінсек те, енді айтуға тура келеді. Ақ, адал азаматтың рухы үшін, тамыры терең қазақ әдебиетінің тарихы үшін. Суреткер «Француз әтірінің иісі», «Ұлу жылы», «Гаухар» шығармаларымен-ақ өзі­нің кескін-келбетін сызып, ескерт­кі­шінің эскизін соғып кеткен екен. Кеңесбаев биігіне жан-жары Гүлмира апай, үш шынары – Айдана, Мархаба, Гүлдана және тілеулес іні-қарындастары болып, бірге көтеріліп барамыз...

Елдос ТОҚТАРБАЙ.

Нұр-Сұлтан қаласы