10 Қазан, 10:47 241 0 Нұр Отан Арман Құдайберген

Партияның негізгі мақсаты – мәселені ашық, әділ талқылау

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғыру үдерістері халқымыздың өмір сүру сапасының артуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына және рухани дамуына ерекше серпін беріп отыр. Осы орайда «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасып, іргелі ұйымның ілкімді істері жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Ақмарал Шәріпбайқызы, Пре­­зи­дент Жолдауын сырбойылық нұр­­отан­дықтардың ұжым болып көргенін білеміз. Жолдауды на­­си­­хаттау бағытында жаңа жоғарыда атап өткен мәселелерден бөлек қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Президент біздің партиямыздың мү­шесі және «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылып сайланды. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа жеткізу біздің негізгі жұмыстарымыздың бірі деп санаймыз.

Жалпы, партия филиалы тарапынан мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын түсіндіру бойынша аймақтық арнайы жұмыс жоспары дайындалып, жыл соңына дейін медиа жоспар бекітіліп, жоспар аясында жұмыстар жүріп жатыр.

Бірінші кезекте Жолдауды түсіндіру және насихаттау бойынша арнайы облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімінің төрағалығымен облыс активі, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырыстары өт­кі­зілді. 14 ірі бастауыш партия ұйымдарында талқылаулар ұйымдастырылды. Онан бөлек, Жолдау жүктеген міндеттердің орындалысын қадағалау мақсатында облыстық филиал төрағасы, облыс әкімінің қатысуымен партиялық тыңдаулар, әлеуметтік топтармен мақсатты тү­сін­діру жұмыстарын  жүргізу үшін «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында әріп­тес ҮЕҰ жетекшілерімен, әлеуметтік желі белсенділерімен (блогерлер), «Кедер­гісіз келешек» жобасы аясында мүмкін­дігі шектеулі азаматтармен кездесуілер өт­кі­зілді. Алдағы аптада Жолдауды түсіндіру және на­сихаттауға арналған сайлауалды бағдарламаның бағыттары бойынша партиялық комиссиялар мен аймақтық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңес және «Мирас» аймақтық кеңесінің отырыстары жоспарланып отыр.

БАҚ және әлеуметтік желілерде өзімнен бастап, барлық аумақтық партия фи­лиалдары төрағаларының бірінші орын­басарлары, фракция мүшелері, бастауыш ұйым төрағаларының сұхбаттары мен мақалалары, пікірлері жарияланып жатыр. Қазіргі таңда азаматтар көп шоғырланатын орындарда, соның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустарда, базарларда арнайы жабыспалы насихаттық парақшалар дайындалып жатыр. Алдағы аптада «Jas Otan» Жастар қанаты еріктілерімен тиісті орындарға ілінетін болады. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды түсіндіру және насихаттау бойынша тиісті жұмыстар партияның Орталық аппаратының нұсқаулықтары бойынша алдыңғы уақыттарда да жалғаса беретін болады.

– Өзіңіз білетіндей, тамыз айында  Елбасы, «Nur Otan» Партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен  Саяси ұйымның кеңей­тілген кеңесі өтті. Сонда Елбасы партия жұмысын жаңғыртудың жаңа же­­ті бағытын айқындап берген еді. Осы төңірегіне кеңірек тоқталсаңыз...

– Шынында бұл партияның алдағы жұмыс бағытын айқындайтын үлкен жиын деп айтсам артық болмас. Себебі Сая­си кеңесте Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Онда партияның барлық деңгейдегі әлеуетін арттыру, белсенді партия мүшелерін топтастыру,  партияның ядролық электоратын қалыптастыру, бастауыш ұйымдардың рөлін көтеру; жемқорлықпен күресті күшейту, партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау, соның ішінде қоғамның ашықтығы, қиын­дықтарды, түйткілді мәселелерді бүкпесіз ашық айту және шешу мәселелері қамтылды.  Әрине, бұл партиямыздың ең негізгі жұмыстары деп есептеймін. Себебі,  еліміздегі басты саяси күш «Nur Otan» партиясының өкілдері ретінде біздің алдымызда Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білу мен оған қолдау білдіру, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімді­лігін арттыру міндеттері тұр.

– Партия жұмысын жаңғыртудың жаңа жеті бағытын айттық. Енді осы бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...

– Жаңа атап өткенімдей біздің алдымызда қоғамның партияға деген сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды күшейтіп, барлық қоғам мүшелерін партия жанына топтастыру міндеті тұр.

Қазір жағдайдың жақсаруына орай қоғамның сұранысы да өзгерді. Сондықтан біз осы сұраныстарға сай болып, халықтың сені­мін ақтау үшін жұмыс істеуі­міз қажет. Бұл жердегі біздің негізгі тәсі­ліміз – кез келген мәселені ашық, әділ тал­қылау. Осы мақсатта партия заман талаптарына сай өзгеріп, нақты реформаларды қолға алып жатыр.

Біздің партия филиалы да өз тарапынан Үкі­меттік емес ұйымдармен және түрлі әлеуметтік топтармен байланысты күшейтуді бастады.

Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіподақ ұйымдары және әлеуметтік желі белсенділерімен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Жақында облыстық филиалдың төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек  Ысқақовтың төр­ағалығымен ең маңызды салалар бі­лім, денсаулық  бағытындағы жұмыстардың жүзеге асырылу барысы, одан кейін индустриялды дамудың мүмкіндіктері төңірегінде тиісті басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Осы жерде мемлекеттік орган басшылары да  өздерінің партия мүшесі ретіндегі жауапкершілігін сезінуі тиіс деп есептеймін.

– Елбасы партияны жаңғыртуда саяси ұйымның ядролық электоратын қалыптастыру керектігін атап өтті. Сонда ядролық электорат дегенде кімдерді айтамыз?

– Шыны керек, «бастауыш ұйым – партия негізі», – деген сөзді  Партия Төрағасы үнемі айтып жүреді. Дегенмен мұны біздің бастауыш ұйымдарымыз әлі де түсініңкіремей келе жатқан секілді. Себебі, ядролық электорат әрине, осы бастауыш ұйымдары мен партияның белсенді мүшелері. Сондықтан, бастауыш партия ұйымдары төрағалары мен партия белсенділері тек мүшелік жарна жинақтаумен шектелмей, жергілікті жердегі барлық  аухалмен  таныс, халықпен  кері байланыс орната білетін саяси лидер болуы керек. Партия Төрағасының ядролық электорат қалыптастырудағы жауапкершілікті әрбір бастауыш ұйым төрағалары бірінші кезекте сезінуі тиіс.

– Партияның көптеген әлеуметтік жобалары сәтті жүзеге асырылып жат­қанынан хабардармыз. Ары қарай жалғасын табуы тиіс жобалар бар ма?

– Жасыратыны жоқ. Партияның түр­лі бағыттағы 20-дан астам жобалары бол­ды. Олар өз мақсат-міндеттеріне қарай жүзеге асты. Өз игілігін берді.  Дегенмен қазіргі қоғамның қажеттілігіне қарай бірқатар жобалар ғана өміршеңдігін көрсетіп отыр. Мұны Елбасымыз да, Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтті. Әрине, ол «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз-келешек», «Бақытты отбасы» жобалары. Бұл жобалар аты айтып тұрған­дай көздеген  мақсатын орындап жа­тыр.  Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы қазыналы қарттарымызды қолдауға, «Бақытты отбасы» көп балалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жанашыры. Ал «Кедергісіз келешек» мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз үшін кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталып отыр. Қазір осы жоба аясында партия жанынан құрамы үкіметтік емес ұйымдар, мүгедектер қоғамдық бірлестіктері, тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінен жасақталған арнайы топтар облыс көлеміндегі барлық әлеуметтік нысандарға бақылау жасап, олардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігін арттыруға жұмыс істеп жатыр. Яғни, қыркүйектің 10-нан  бастап, қазанның 10-на дейін, облыстағы 800-ге жуық нысанды бақылау жоспарланған. Нақты кезеңде 195 объектіге мониторинг жұмыстары жасалып, басшыларына тапсырмалар берілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арман Құдайберген

Соңғы жаңалықтар