10 Қазан, 10:39 654 0 Білім Ахмет ӨМІРЗАҚ

Шәмшидинова жақтаған жүйені Аймағамбетов өзгертпек

«Túrkistan» газеті еліміздің білім беру саласына енген Болон жүйесінің ың­ғай­лылығы мен қиындық тудырар жақтары туралы бірнеше рет мәселе көтеріп, жұрт­шылық назарына ұсынған-ды. Соның бірі – «Túrkistan» газетінің 2019 жылғы №13 (1287), 4 сәуірдегі санында «Болонның берері не, қиындығы қандай?» деген тақырыппен жарияланған газет тілшісі Ахмет Өмірзақтың мақаласы болатын.

Мақала газетте жарияланған соң ма­қаланың мәтіні сол тұстағы Қазақстан Рес­публикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға жолданып, атал­ған мәселеге орай бірнеше сауалға жауап беруі сұралған еді. Газет сауалдарына берілген Білім және ғылым министрінің жауабы газетімізде «Болонның талабы орынды» деген тақырыппен жарияланды («Túrkistan» газеті, 23 мамыр, 2019 (№20).

Министрліктен келген жауапта бізді ғана емес, Болон жүйесі бойынша РҺD докторантура бағдарламасы бойынша оқып, гуманитарлық және әлеуметтік ғы­лым салаларынан докторлық қорғау жо­лында жүрген жас ғалымдарды қызық­тыр­ған бір мәселе жөнінде былай делінген болатын:

«2011 жылы Қазақстан Республи­ка­сы­ның «Ғылым туралы» Заңында философия док­торы РҺD дәрежесі ғылыми дәреже ретінде бекітілді. Сондықтан философия докторы РҺD дәрежесін алу үшін қойылатын талаптар Ғылыми дәрежелер беру ережесінде (ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы  №127 бұйрығы) бекітілді. Докторантура бағдарламасын меңгеретін докторанттар жарияланымдарына қойылатын талап­тар­дың бірі ретінде – халықаралық рецен­зияланатын ғылыми журналдарда мақала жариялау осы кезден бері ен­гі­зілген.

... философия докторы (РҺD), бейіні бойынша доктор дәрежелеріне үміткерлер үшін ұсынушылардың халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану та­лабының болуын орынды деп санаймыз».

Газетімізде жарияланған мақалада («Бо­лон­ның берері не, қиындығы қан­дай?») гуманитарлық салада РҺD дәре­же­сін алу үшін докторанттардың шетел­дік импакт-факторлы журналдарда мате­риал­дар жариялауында түрлі кедер­гі­лер­дің болатындығын, сондықтан бұл талап­тың қазақ гуманитарлық сала ғылымдары үшін тиімсіз болып отырғаны сыналған-ды. Бірақ жоғарыдағы министрліктен келген жауапта гуманитарлық салада РҺD докторы дәрежесін алуға байланысты талаптың өзгертілмейтіні анық айтылып, мәселенің сол күйінде қалатыны көрсе­тіл­ген еді.

Дегенмен, Болон жүйесіне көшкен қазақ ғылымына кедергі келтірер кейбір талаптардың қиындығы ескерілген болса керек, жақында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баспасөз өкілдерімен кездесу кезінде осы мәселеге арнайы тоқталып, оларды алда болар жағымды жаңалықтан хабардар етті.

«PhD студенттері үшін біз екі жаңалық енгізейік деп отырмыз.

Біріншіден, докторанттар диссер­та­ция­­ларын қорғаудың алдында міндетті түрде халықаралық базадан ан­ти­п­лагиаттан өтетін болады.  Док­то­рант­тар қазір тек Қазақстан базасы бойынша антиплагиаттан өтуде. Енді диссертация қорғайтын PhD студенттерді халық­ара­лық деңгейде плагиатқа тексеру туралы талап қойылады

Екіншіден, PhD студенттерге мысалы, гу­манитарлық ғылымдар, қазақ тілі, Қазақстан тарихы саласында мақала жа­риялау бойынша біраз өзгеріс дайын­да­дық. Бұл өзгерістер докторанттарға қойы­латын талаптарды азайтуға бағыт­талған. Шын мәнінде, гуманитарлық білім беру бағыттары бойынша жазған мақалаларын жариялауда біраз қиындық туындауда. Сол себепті көптеген адам диссер­та­цияларын қорғай алмауда. Біз қазір осы­ған қатысты мәселелерді талқылап жа­тырмыз. Жылдың соңына дейін тиісті шешім қабылдап, заңнамаға енгіземіз. Нақ­ты шешім қабылданған кезде то­лы­ғырақ ақпарат береміз», – деді министр.

Бұл – PhD докторлық диссертациясын қорғау үшін «Scopus» тәрізді мәліметтер базасына енетін шетелдік импакт-факторлы басылымдарға мақала жария­лау міндеттелген еліміздегі гуманитарлық сала докторанттары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз. Өйткені ұлттық мәні бар ғылымдарға арналған мақалалардың халықаралық мәнге ие ғылым жетістіктерін жариялап отыратын «Scopus», «Thomson Reuters» секілді ірі деректер базасына енетін импакт-факторлы ғылыми журналдарға жариялануы қиын болатын. Соның себебінен зерттеген тақырыбына бай­ла­нысты жазған еңбектерін уақытысында қор­ғай алмай, көптеген жас докто­рант­тардың тауы шағылатын. Енді Білім және ғылым министрінің айтқан жаңалығы олардың үмітін оятып, алға қойған мақ­саттарын орындауға жігерлендіретіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар