ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: Екі ел қарым-қатынасы жаңа сатыға көтеріледі

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: Екі ел қарым-қатынасы жаңа сатыға көтеріледі

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ:  Екі ел қарым-қатынасы жаңа сатыға көтеріледі
ашық дереккөзі
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев Болгария Вице-Президенті И.Йотовамен кездесті. Қос тараптың кездесуіне этномәдени орталықтардың өкілдері де қатысты. Болгария Республикасының делегациясын бастап келген Илияна Йотова ресми басқосу алдында Достық үйін аралап, қазақтың ұлттық дәстүрінің көне жәдігерлерін тамашалады және бір шаңырақ астында түтін түтеткен этностардың төл мәдениеті пен туған тілдерін сақтауға, дамытуға берілген мүмкіндіктің кеңдігіне таң қалды.  width=Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев өз сөзінде Қазақстанда 4 523 болгар тұратынын, олардың алғашқы қоныс аударуы Украина мен Бессарабиядан 20 ғасыр басындағы Столыпин реформасынан кейін басталғанын атап өтті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Павлодар, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында болгар тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау мақсатында Болгар мәдени орталықтары ашылғанын жеткізді. Қазақстан мен Болгария мүдделес және одақтас мемлекеттер екенін айта келе,  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Болгариядағы Қазақстан дипломатиялық миссиясын Елшілік ретінде қайта құру туралы шешімі екі ел қарым-қатынасын жаңа сатыға көтеретініне тоқталды. Соның ішінде білім, спорт, мәдениет саласының қарқынды дамитынына сенім білдірді. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Болгария дипломатиялық қатынастарды орнату туралы хаттамаға 1992 жылғы қол қойып, 1994 жылы Болгария елшілігі ашылды. 1993 жылы алғаш рет Болгария Президенті Ж.Желев – Қазақстанға, 1999 жылғы қыркүйекте Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Софияға іс-сапармен барды.  width=Қазіргі таңда болгар тарапының қатысуымен елімізде 80-ге жуық компания тіркелген. Болгарияда 35-ке жуық қазақстандық компания жұмыс істейді. ҚХА құрамында 4 болгар этномәдени бірлестігі бар. Барлық орталықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін мәдени іс-шараларға тұрақты қатысады. Болгария Вице-Президенті И.Йотова өз кезегінде Қазақстанда болгарлардың тілін, дәстүрін сақтауына барлық қолайлы жағдай жасалғандығына ризашылығын білдіріп, қазақстандық болгар жастарын тарихи отандарында тегін білім алуға шақырды. Сондай-ақ, «Доссыз өмір – тұссыз ас» деген қазақтың көне мақалын есіне алған Илияна Йотова әлемнің кейбір елдерінде саяси жағдай ушығып тұрған бүгінгі кезеңде жастарды толеранттылық пен бейбітсүйгіштілік қасиетте тәрбиелеу маңызды деді. Кездесу соңында Жансейіт Қансейітұлы болгар делегациясының басшысына елдегі бірліктің символы Шаңырақ мүсінін сыйға тартты. Болгарлықтар да құрқол келмепті, олар достықтың ұйытқысы болған Ассамблеяға болгар ежелгі әліпбиінің құймасын тарту етті.