Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 125 жыл

Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 125 жыл

Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 125 жыл
ашық дереккөзі

 Қыркүйектің 10 күні белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толды. Сталиндік репрессияның құрбаны болған бір туар азаматты еске алып, ұлтжандылығы мемлекетшілдікпен ұласқан, өр тұлғасы саясат үшін де, тарих үшін де қызмет жасайтын марқұмның туған күнін атап өту жиындары еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде.

Қара басының қамын ойламай, тек өз халқының қамын жеп, еңіреп өткен ардақты ағамыз Сұлтанбек Қожановты еске алып, туған күнін атап өту жиыны қыркүйектің 10 күні Қызылорда қаласында С. Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінің 2005 жылдан бері көркін ашып тұрған Сұлтанбек Қожановтың ескерткішінің алдында өткізілді. Сұлтанбек Қожанов жөнінде, оның өмір жолы мен қызметі жайлы ҚР Журналистер, Халықаралық Жазушылар Одақтарының мүшесі, Қожановтанушы Сексенәлі Раханов өз баяндамасында  жан‑жақты, нақты деректер келтіре отырып баяндап берді. Жиынға келген қонақтар және колледж педагогикалық ұжымы мен студент жастар Сұлтанбек Қожановтың кім екені, қазақ халқының егеменді ел болуы үшін қандай еңбек сіңіргені жайлы толық мәлімет алды.

Мен де сол жиынға қатысып, баяндамада келтірілген мол мәліметтерді қайталап жатпай, Сұлтанбек Қожановтың Сыр елі үшін, Қызылорда қаласы үшін нақты сіңірген еңбегі жайлы әңгімелеп бердім. Сұлтанбек Қожанов Оңтүстік Қазақстанның, оның ішінде Сыр өңірі «Теріскей» деп атап кеткен Созақ жерінің, Ақсүмбе ауылының тумасы. Дегенмен, жалпы қазақ баласын тұрған жеріне қарап алалап көрмеген, бар қазақты өзінің бауыры санаған Сұлтанбек Қожановтың Қызылордада да тайға таңба басқандай ізі қалған. Атап айтар болсақ: Қазақ елінің алғашқы астанасы бүгінде Ресейдің территориясында қалып кеткен Орынбор қаласы болған. Кеңес үкіметі өзінің қайратын бойына жинап, күш‑қуаты кемеліне келмей тұрған кезінде астананы Қазақстанның орталық аймағына көшіруді ойлап, сол кездегі қазақ елінің басшыларын үгіттеп, Орталық Комитетті көндіріп, 1925 жылы Қызылорда қаласын астанаға айналдырудағы Сұлтанбек Қожановтың еңбегі ұшан‑теңіз. Сол кезеңде қаланың атын Қызылорда деп атауға ұсыныс жасаған да Сұлтанбек деген дерек бар. Егер Сұлтанбек Қожанов ағамыздың осы көрегендігі болмағанда Қазақ елі де татар, башқұрт ағайындар сияқты Ресей федерациясының құрамында қалып кетер еді. 1918‑1924 жылдары аштыққа қарсы күрес комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Сұлтанбек Қожанов бүкіл Қазақстан мен Орта Азия елдерінде аштықтан адам шығынын болдырмау үшін, тамақтандыру орындарын ашып, елді тойындырғаны белгілі. Жаңақорған ауданының  Сүттіқұдық /бұрынғы «Красная Звезда»/ кеңшарының тұрғыны Мәмбетов Қыпшақбай деген Ұлы Отан соғысының мүгедегі, үлкен ақсақал болды.

Сол кісінің өз аузынан «Сұлтанбектің шүлен көжесін ішіп Сыр өңірінің халқы аштықтан аман қалды» деген әңгіме естіп едім. Ол кезде жас кезім, Қыпшекеңнен: «шүлен көже деген не, Сұлтанбек деген кім?» деп сұрадым. Ол кісі Сұлтанбектің әкесі Қожанмен туыс екен, Сұлтанбектің өмір жолы мен қызметі жайлы көп мәлімет берді, ал «шүлен» дегеннің не екенін жасы үлкен кісілер болмаса, білмейтіндер көп екенін айтты. Қыпшекеңнің айтуынша «Шүлен тарату» деген, кез келген нәрсені тегін таратып беру екен. Аштықпен күресу үшін Сұлтанбек Қожанов Ташкенттен шығатын пойызға ішінде көже пісіретін қазандар орнатылған арнайы вагон тіркетіп, әрбір бекетте тоқтатып халыққа көже үлестіртеді екен, ол пойыз Ресей шекарасынан өтіп кеткенше «шүлен көже» тарату тоқтамайды екен. Бұл әрекеттен Сұлтанбек Қожанов ағаның іскерлігімен бірге, асқан тапқырлығын да байқауға болады. Қарапайым халықтың есінде ұмытылмай қалып, бізге дейін жеткен мұндай қамқорлық Сұлтанбек Қожановтың ғана қолынан келген. Оңтүстік Қазақстан облысында егінді суландыратын судың болмауынан падаланылмай қаңырап жатқан көлемді жерді жергілікті халық орыстарға еліктеп «Голодная степь» деп атап кеткен екен. Жабайы аңдардан басқа жан баласы жүруге де қорқатын осы жерді тиімді пайдалану үшін Сұлтанбек Қожанов жергілікті халықты ұйымдастырып, қол күшімен атақты «Қоңырат» каналын қаздырады. Соның нәтижесінде орасан мол жер игеріліп, «Голодная степь» аты жойылып «Мырзашөл» деген тамаша атты иеленді.

Каналдың арқасында елімізде мақта егістігінің көлемін арттыруға қол жеткізілді. Менің әкем Есіркепов Рахым сол кезеңде алдымен Оңтүстік Қазақстан облысының Киров ауданында аудандағы бар техника шоғырланған МТС‑тің директоры, кейіннен «Бостандық ауданында хатшы болып қызмет атқарған болатын. Әкем Мырзашөлді игеру үшін қазылған «Қоңырат» каналының жұмысына басынан аяғына дейін қатысып, Сұлтанбек Қожановпен кездесіп, бірнеше рет сұбхаттас болған екен. Ол кісінің қарапайымдылығын, айрықша іскерлігін, айтқанын орындатпай қоймайтын табандылығын, өткірлігін менің әкем сүйсіне отырып, ризалық сезіммен үнемі айтып отыратын. Екеуінің жастары да қатар екен, әңгімелері жарасқан сияқты.

Сұлтанбек Қожанов қандай жауапты қызметте жүрсе де алдымен қазақ жастарының білім алуына ерекше назар аударып, елімізге білімді, жоғары сауатты азаматтардың аса қажет болатынын есінен шығармаған кісі. Жүрген жерінің бәрінде талапты, талантты жастарды іздестіре жүріп, олардың білім алуына тікелей көмек беріпті. Аса таланттыларын Орынбор, Қазан, Троицк, Мәскеу, Ленинград және т. б. қалалардағы оқу орындарында оқуына мүмкіндік жасап, жолдама алып беріп отырған. Жаңақорған ауданының «Бірлік» ауылында Қаратай Исаев деген ақсақал болды. Сол кісі менің әкем Оңтүстік Қазақстан облысының Киров ауданында МТС директоры болып тұрған кезінде  білім алуды ойлап, ақылдасу үшін іздеп барыпты. Білімге құштар жастарға көмектесетінін білетін әкем Қаратайды Сұлтанбек Қожанов ағасына жолықтырып, келген жұмысының мәнісін айтады. Білім алуды көздеп келген жастың талабына риза болған Сұлтанбек Қожанов сөзге келместен Қаратайдың қолына жолдама жазып беріп, Қызылордаға аттандырады. Соның арқасында Қаратай ағамыз Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын қысқартылған курсты бітіріпті. Курсты бітіргеннен кейін ауылға келіп, халықты жаппай сауаттандыру үшін ашылған «Ликбезге» мұғалім болған екен. Сұлтанбек Қожанов ағамыз шоқтығы биік саяси тұлға, қоғам қайраткері болуымен бірге, халық ағарту комиссары да /бүгінгі түсінікпен айтсақ, білім министрі/ болып, қазақ жастарының жоғары білім алуына айрықша көңіл бөліп, Ел болашағы‑Жастар болғандықтан олардың білімді болуы қажетті екендігін жете түсінген ағартушы. Жастарға жан‑жақты білім беру мәселесінің маңыздылығы мен өзектілігі бүгінгі күні де өз мағынасын жойған жоқ. Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы болып табылатын саналы ұрпақты оқытып, тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Олай болса Сұлтанбек Қожановтың туған күнінде жыл сайын колледж студенттері мен ұстаздардың және қала тұрғындарының ұлы тұлғаның рухына тағзым етуі, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюы құптарлық іс, оның есімі ұмыт қалмауы тиіс. Сондықтан колледж студенттері, Сендер Егеменді Қазақстанның еркін өскен төлдерісіңдер! Еліміздің болашағына алдағы уақытта жауапты азамат‑ Сендерсіңдер! Сондықтан сендерге ұстаздарың қойып отырған талапты өз дәрежесінде орындап, ел сенімін ақтауға тиіссіңдер. Ол үшін сендер жақсы оқып, өздерің қалаған кәсіпті меңгеріп үлкен өмірдегі өз орындарыңды табатындарыңа біздің де колледж басшылығы мен инженер‑педагогтардың да сенімі мол. Колледждің инженер‑педагогтары Сіздерді және колледж студенттерін ұлы тұлға, қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың рухы қолдай берсін! Қалай болғанда да Сұлтанбек Қожанов ағаның ескерткішіне Сіздің колледждің алдынан орын бұйыруы да тегін емес. Мұны да естен шығармауға тиіссіздер! Сұлтанбектің арманы Елім!‑деп соққан жүрегі,         

Сұлтанбек асқан ер еді.

Ақылы асқан данышпан,

Армандап өтті Арыстан:

Сан ғасыр аттан түспеген, 

Қарыстай жерін бермеген.

Тәуелсіздік үшін күрескен, 

Беріспей жаумен тірескен.

Жан беріп‑жан алысқан,

Шегінбей кейін шабысқан. 

Жаудың басын алмасаң, 

Саған серт деп, алдаспан!

Кең‑байтақ жерін қорғаған,

«Аманат» деп бабаңнан!

Айрылмай енді тұтын деп,

Мәңгілік бізге қалдырған.

Тәуелді болмай ешкімге,

Бақытты болғай ұрпағым.

Деп өтті бабалар өмірден, 

Менің де осы Арманым!

Деген екен ер Сұлтекең!                                                                                                                                                                                                                                                                 

Үн қосайық қане бәріміз,

Жетсе екен ағаға үніміз.

Орындалды аға арманың, 

Жарқырай шықты күніміз! 

Тәуелсіздіктің таңы атты, 

Жат жұрт та білді қазақты.

Егеменді елміз қазір біз,

Сұлтеке! халқың бақытты! 

Ахмет Рахымұлы Есіркепов, ардагер ұстаз.