3 Қазан, 15:35 900 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Айтары бар Айталы

Жетістігі мен табысы көз қуантқан, сонымен қатар олқылықтары мен кемшіліктері жанымызды ауыртқан біздің бүгінгі күрделі қоғамда «халқым» деп қабырғасы қайысатын, «қазағым» деп ұлттық құндылықтарымызды түгендеп жүретін азаматтар бар екені анық. Соның бірі әрі бірегейі – Амангелді Әбдірахманұлы АЙТАЛЫ!

Әр азаматтың кісілік келбеті көп жағдайда адамгершілік қасиеттерінен және халқы үшін жасап жүрген ісінен көрінеді ғой. Елім мен  жерімнің, өсіп келе жатқан ұрпағымның болашағы, білімі мен тәрбиесі заман талабына сай болса екен деп қайыспас қара нардай еңбектеніп жүрген азаматтар арамызда аз емес.  Десек те, мен үшін солардың арасында шоқтығы биік, білімі терең, қоғамымыздағы болып жатқан құбылыстарға дөп басып баға беріп қана қоймай, олардың шешу жолдарын да айқын көрсетіп келе жатқан Амангелді Әбдірахманұлы екендігіне ешкімнің күмәні болмас. Себебі ол еліне бар ықыласымен қызмет жасап келе жатқан қайраткер.

А.Айталы қоғамның тамыршысы іспеттес. Ол әркезде көкейкесті мәселелер туралы мақалалар жазып келеді. Оның терең толғамдарын қай оқырман да сүйсініп оқитыны, өзіне мол ғибрат алатыны ақиқат. Саналы адамға ой салатын кейбір мақалаларына арнайы тоқталғым келіп тұр.

Мемлекеттік тілдің бүгіні мен келешегі туралы толғанған ойлары кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. А.Айталының басты ерекшелігі – басқа адам айта бермейтін ойларды ортаға салатыны! Мысалы, 2018 жылғы 29 маусымда «Егемен Қазақстан»  газетінің жарияланған мақаласында «Қазақстан бүгінгі  күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәйгеге түсті және бұл бәсекелестік күресте ғасырлар қиыншылығын көріп, әлі еңсесін көтере алмай келе жатқан қазақ тілінің аман қалуы қиын»,- деп ой толғайды. Бұл ойлар әрбір қазақты толғандыруы тиіс!

Ал «Ана тілі» газетіне шыққан мақаласында осынша уақыт болса да, еңсесі пәс тілімізді көтерудің бірден-бір тиімді жолы – «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігін алға тартады. Қазір кешегі Кеңес одағына қараған, тілдік ахуалдары біздегіден әлдеқайда жақсы ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдағанын еске салады. Ал солтүстік көршіміз Ресейдің өзі 1991 жылы Федерация халықтарының тілдері, ал 2005 жылы мемлекеттік тіл туралы заңдар қабылдағаны анық. «Бұл жайлар бізді қатты ойландыруы қажет. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның керектігі жөнінде екі пікір болмауы керек. Оны тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибеміз де, әлемдік өркениетті елдердің шындығы да нақты көрсетіп отыр»,- деп ойын түйіндейді.

Сондай-ақ 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасына әлі де тарихи баға берілген жоқ. Көшеде бола қалған қатардағы оқиға сияқты оның атауын «Желтоқсан оқиғасы» деп жүргені анық. «Желтоқсан көтерілісі» деуге көбінің дәті бара бермейді. Ал ұлт зерделісі Амангелді Айталы оны «Желтоқсан көтерілісі» деп ашық жазып отыр. 2016 жылы «Ақиқат» журналында жарық көрген мақаласында «Әйгілі Желтоқсан көтерілісіне кенеттен пайда болған стихиялы қозғалыс ретінде емес, қоғамның  даму барысында өмірге келген табиғи, заңды құбылыс ретінде қарауымыз  керек. ХХ ғасырдың 50-жылдары мен 60-жылдардың басында кеңес ұлт саясаты қайшылыққа толы еді, ең бастысы орталыққа қарсылық күшейді.»,- дей келіп: «Бұл наразылық Кеңес Одағында ұлт мәселесі шешілді деген партия тұжырымын жоққа шығарды.» деген пайым жасайды. Одан кейін «Желтоқсан көтерілісінің басты себебі­нің бірі мемлекеттің ұлт саясатының екіжүзділігінде еді. Мемлекет деңгейіндегі ресми, сөз жүзіндегі стратегиялық саясат халықтар достығын ұлттық мүдде мен жалпыодақтық мүддені үйлестіру, ұлттық мәдениеттер мен тілдерді дамыту негізінде  Кеңес Одағын нығайту болса, іс жүзінде күнделікті саясат ол мүддемен үйлесе бермейтін»,-деп ашық жазады. Сол кезде көзбояушылық пен цинизм қарқын алғанын, ұлттық құндылықтардың күні өтіп барады деушілердің көбейгенін айта келіп: «Ұлттық мүддеге құрметпен қарайтындардан сескеніп, билік оларға әртүрлі жағымсыз саяси айдар тақты, тіпті, айыптады, соттады.»,- деп саяси-тарихи ақиқатты алға тосып отыр.

Ол үнемі «Жаһандану дәуірінде Ұлттық құндылықтарды қалай сақтап қаламыз, қалай ел болып қаламыз?» деген сұрақтарға жауап іздеумен жүреді. Осы жылғы «Ақиқат» журналына жарияланған мақаласында А.Айталы тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, әлі отарланған ұлттың кебінінен шыға алмай жүргенімізге жаны күйзеледі. «Қазақ елінің көбінің тамағы тоқ, көйлегі көк болар, бірақ, рухани құлдырау жалғасуда, ұлттың рухы әлсіреп барады. Жанын салып аянбай ынтамен күрескен батырлардың ұрпағы жібі бостау, көнгіш момынға, жуастарға айналып барады»,- деп ұлт еңсесін көтерудің жолдарын іздейді. Рухани жаңғыру – саяси белсінділік, ұлт мақсатындағы әлеуметтік – экономикалық жаңарумен қатар жүретінін ескертеді.

Халықты біріктіруші күштің бірі дін екені белгілі. А.Айталы елдің діни діңгегі – дәстүрлі ислам деп ұғынады. Сондықтан мемлекет дін саласында əділ реттеуші болуы керек екенін айтып отыр. «Елдің Конституциясында бекітілген зайырлылық ұстанымдарына сəйкес, стратегиялық тұрғыдан қазақстандық біртектілікті, ұлттық мемлекет, ұлттық мəдениет, салт-дəстүрлер, қалыптастыру барысында ұлттық діни қайраткерлердің де белсенділігін арттыру аса маңызды. Бұл экстремизмге қарсы иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы»,- деп тұжырым жасайды («Егемен Қазақстан» газеті, 29.12.2016 жыл).

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл Кеңестің қоғам үшін маңыздылығы туралы Амангелді Әбдірахманұлы арнайы мақала жазып, газетке жариялады. Ол: «Бұл Кеңестің алдында қыруар іс тұр, оларды шешу жолдарының оңай болмайтынын да сеземін. Оның жұмысының нәтижесін де уақыт көрсетеді. Дегенмен, көпшілік қалаған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды, Іске сәт!»- дейді. Халықтың бір өкілі ретінде үлкен сенім артып отыр.

Осындай халқының құрметіне бөленген тұлғаның ақыл-кеңесін тыңдау, бірге қызмет жасап, үлгі-өнегесін алудың өзі ғанибет емес пе?! Осы орайда, ел таныған азаматпен қалай таныс болғаным жөнінде қысқаша тоқталып кетейін.

Әрбір адамның өмір жолында болашақ тағдырына айтарлықтай әсер ететін ерекше тұлғалар болады. Мен үшін және менің өмір жолымда айрықша рөл атқарған жанның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді аға деп айтар едім.

Амангелді ағамен таныстығымыз сонау 1977 жылдан басталды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, Ақтөбеге оралған кезім еді. Осы қуанышты сәтке байланысты анам Ақжан Нұрпейісова қаладағы тума-туыстарды шақырып, мол дастархан жайды. Сыйлы қонақтардың қатарында Амангелді аға мен Айман жеңгей де болды. Алғашқы көргенімде ұзын бойлы, денелі, сабырлы да сыпайы және тұйықтау мінезді адам болып көрінді. Сол отырыстың барысында ағамен қоғам, өмір, білім мен ғылым туралы ой бөлісіп, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде Әбекең Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасайды. Халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Амангелді аға маған да қамқорлық жасап, ғылым жолына түсуіме бағыт-бағдар сілтеп, жол ашты. Содан бері Амангелді Әбдірахманұлының қол жеткізген табыстары мен халқына жасаған адал қызметі көз алдымызда. Өмірі өнегелі жанның туған еліне айтар ойы да, пайымды пікірі де мол. Өзім де Мәжіліс депутаттығына кандидат болып, сайлау науқанында сайысқа түскен кезімде Амангелді аға ынталы топты басқарып, кездесулерде халық алдына шығып, елдің сенімін арттыратын сындарлы сөздерін айтып, сайлаушыларды бір тоқтам жасауға, оң шешімге келуге үгіттеген еді. Ағамызға рухани шәкірт болған, оның саяси және ұлттық көзқарастағы нық ұстанымдарын қолдап, ізін жалғастырған азаматтар аз емес.

А.Айталы мемлекеттік деңгейде, одан қалды қоғамдық ортада бар болмысымен зор абырой мен беделге ие болды. Соның нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған уақытта ұлтаралық мәселелерге байланысты Мәскеу қаласында докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Сол кездегі кездескен қиындықтардың бәрін жеңе білгенінің куәсі болдым. Бар болғаны екі-үш жылдың ішінде, яғни, 1980 жылдардың басында Кеңестер Одағының бірінші хатшылары о дүниелік болып, ұлтаралық қатынастарда ұстанатын қағидалар құбылып, жазған ғылыми еңбектерін қорғап шыққандар бірен-саран еді. Сол санаулы ғалымдардың бірі Амангелді аға болатын.

Ол кездерде ғылыми еңбегіңді қорғап шыққаннан кейін бір жыл ішінде Жоғары аттестациялық комиссиядан «бекітілді» деген хабар келеді. Көп ұзамай бекіту қағазы келіп, Амангелді аға Ақтөбе педагогика институты ректорының ғылым жөніндегі проректорлық жұмысына тағайындалды.  Арада бес-алты жыл өткеннен соң ағаның ізін қуып мен де ректордың әлеуметтік саланы реттеу жөніндегі проректоры болдым. Сол кездердегі бірге атқарған жұмыстарымызды ыстық ықыласпен еске аламын.

Амангелді ағаның өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі деп Ақтөбе тұрғындарының қолдауына ие болып, халық қалаулысы атанып, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты болған тұстағы атқарған қызметін айтар едім. Мәжілістің әрбір шақырылымының орны бөлек.  Дегенмен Амангелді аға болған депутаттық корпустың мүшелері еліміздің өркендеуіне, саяси тұрақтылықты сақтауға, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды заңдардың қабылдануына орасан зор ықпалын тигізгенін атап өткен жөн. Амангелді Әбдірахманұлы әлеуметтік салаларды реттейтін заңдарға өміршең ұсыныстар беріп, келелі отырыстарда сөз алып, байсалды байыптылығымен танылды. Әрдайым ұлттық және мемлекеттік мәселелердің заңдарға қатысты түйінін ұтымды тарқатып, олардың бап ретінде қабылдануына бойындағы бар күш-қайраты мен білімін аямады. Әсіресе ұлттық мәселеге келгенде Амангелді Әбдірахманұлы салмақты да сындарлы ойларын алға тартқан депутат болды.

Кезінде Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ Амангелді Айталы үлкен абыройға ие болған депутат екенін айта келіп: «Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы — ел мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстарының абырой-атағын биікке көтерді. Амангелді Айталыны халық қаһарманы деуге әбден лайық. Халық мүддесін ардақтаған азаматқа сенім мол» деген пікіріне алып-қосарымыз жоқ.

«Ер елімен айдарлы, ел ерімен айбарлы» демекші, еліне аянбай қызмет жасап келе жатқан Амангелді Әбдірахманұлының өмір жолы ізіне еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа өнеге.

А.Айталы биыл 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Жуырда ғалымның мерейтойы Ақтөбе өңірінде жоғары деңгейде аталып өтті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті көптеген игі шаралар өткізді.

Соның ішінде ақындар Мұхтар Шаханов және Ханбибі Есенқарақызының қатысуымен дөңгелек үстел және кездесу кештері, мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің қатысуымен «Білім жүйесі және заман талабы» атты жастармен кездесу кеші болды. Амангелді Айталының «Шәкірт. Ұстаз. Ғалым» және «Рухани кемелдік» кітаптарының тұсаукесері өтті. «Хабар» телеарнасы түсірген «Қазақты намысы қамшыласын» атты фильмнің көрсетілімі болды.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті. Осы тұста, Оңдасын Сейілұлы осы А.Айталының танымал шәкірттерінің бірі екенін айта кеткен жөн.

Амангелді Әбдірахманұлы өз сөзінде осындай құрмет көрсетіп, еңбегін бағалап отырған облыс басшылығына, университет ұжымына, Ақтөбе жұртшылығына шынайы ризашылығын білдірді.

Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының:

«Қара нарысың халықтың,

Жолында жүгін қалдырмас.

Ар-ажарысың халықтың,

Сауырға қамшы салдырмас!» деген кесекті ойлары А.Айталының болмыс-бітімін айқын көрсетіп тұр.

Ізін басып келе жатқан інісі ретінде осы атаулы күнге байланысты айтарым – халқының жүрегінен орын алған азамат Амангелді Айталы егемен еліміздің дамуы мен  көркейуіне бергені мол, берері әлі де мол болғай. Денсаулығы мықты болып, елдің ортасында жарқылдап жүре беруін тілеймін. Ұлттық мүддені көздеген арман-мақсаттары орындалуына тілектеспін.

Қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да арыстарымыздың салып кеткен дара жолын жалғастырған ұлт зиялылары бар. Қашанда ұлттық мүддені, елдік мақсатты бірінші орынға қойған нар тұлғалы азаматтарымыздың бірі осы Амангелді Айталы екені даусыз!

Ендеше, Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Амангелді Айталы Қазақстанның Еңбек Ері атағына ұсынылса, орынды болар еді. Бұл пікірімізді халық та, Мемлекет басшысы да қолдайды деп ойлаймын.

Төлеген Қуанышев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің I шақырылымының

депутаты, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

Соңғы жаңалықтар