«Ғалым да, шахтер де бас иетін», Білдік пе ұстаздың қасиетін?...

«Ғалым да, шахтер де бас иетін», Білдік пе ұстаздың қасиетін?...

«Ғалым да, шахтер де бас иетін», Білдік пе ұстаздың қасиетін?...
ашық дереккөзі
Адам баласы үшін мәң­гілік маңызды нәрсе – білім болса, соған жеткізетін мек­теп пен мұғалімнің де маңызы да ешқашан құнын жоймақ емес. Бүгінде қара танымау деген ұғымның өзі архаизм­ге айналып бара жатқандай. Бірақ мектеп пен мұғалімге қатысты проблемалар жыл сайын түрін өзгертіп, алды­мыз­дан шыға беретіні несі?  Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғалы бері, яғни, елі­міз­дің білім саласын басқаруға 28 жылда 16 рет министр тағайындалып, әр­қай­­сы­сы өз жобасын ұсынып, мектеп пен мұғалімдерді түрлі «эсперимент-жаңа­лық­тармен» қарқ қылған елде білім берудің берекесі біраз кетің­кі­реп қал­ғаны жұрттың көз алдында. Алдымен оқулықтар бірнеше рет қай­та жасалып, осыдан отыз жыл әріде қалыпқа түскен оқулықтар жүйесі бұзылды. Тарих, тіл, әдебиет, география секілді пәндерді тәуелсіз елдің идео­ло­гиясына сай жасауға болар, бірақ математика, физика, хи­мия, алгебра, геометрия секілді жара­ты­лыстану пән­деріне арналған оқу­лықтарға өзгеріс ен­гізудің керегі бар ма еді? Олардың қандай жаңа сапаға ие болғанын әлі күнге жөндеп түсіндіріп берген адам жоқ. Мектепте математика пәндерін 40 жылдап оқытқан тәжірибелі ұс­таз­дар­мен оқулық мәселесі жайында сөй­лесіп көргенімізде, олар оқушы­ларға эле­мент­­арлық ұғымдарды тү­сін­дірудің тым күрделеніп кеткенін, сон­дай-ақ, оқулықтағы берілген көп­теген есеп­тер­­дің оқушының жас ерек­шелігін ес­керілмей берілгенін айтады. Мысалы, белгілі математик ғалым, академик Ас­қар Жұмаділдаев орта мектептің бе­сінші не алтыншы сыныбына арналған математика оқу­лы­ғындағы бір есепті шы­ғара ал­ма­ғанын айтқаны бар. Себебі есептің берілуі қате. Яғни, есеп­ті шығаруға қойылған шарт теріс бол­ған.  Қай салада болса да, өзгертуге көн­бей­тін, сақталуы тиіс нәрселер болады. Өйт­ке­ні олар сол саланың маңызын сақтап тұрады. Ал ондаған жылдар бойы мектеп есігін енді ашқан баланың қолына ұстап, хат тануға бірден-бір септігін тигізетін құнды оқулық «Әліппенің» жойылып, оның орнына жүйесіздеу «Сауат ашудың» ұсынылуы – бастауыш сынып мұғалім­де­рін де, ата-аналарды да біраз абыржытты. Бірін­шіден, ұзақ жылдар бойы әбден жүйеге түскен «Әліппемен» бала оқытып келген ұстаздар сынақтан өте қоймаған «Сауат ашумен» білім беруге дағдылана алмай қиналса, бір кезде мектепте өздері оқыған «Әліппемен» баланың сабағын үйде пысықтауға үйренген ата-аналар «Сауат ашудың» не нәрсе екенін, онымен балаға не үйрету керегін білмей дағдарды. Осыны ескерген болуы керек, Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза алдағы жылдарда «Әліппенің» мектептерге қайта оралаты­нын айтып, жұртты қуандырып қойды. Сосын мектеп оқулықтарындағы дерек­тердің бір-біріне сәйкестігі қатаң қадағалануы тиіс болса, біздің елдің оқулықтары бұл жөнінен де ақсап жатқан сияқты. Мәселен, орта мектептің 7-қазақ сыныптарына арналған дүниежүзі тари­хы оқулығы мен 9-қазақ сыныбында факультативті оқытуға арналған дінтану оқулығында Мұхаммед пайғамбардың туған жылы екі түрлі берілген. Сонда оқушы қайсы деректі дұрыс деп таниды? Айта берсек, оқулықтың жыры көп... Енді мұғалім мәртебесі мәселесіне келейік. Жалпы, осыдан бір ғасыр әріде қо­ғамда мұғалімдер культі өте жоғары бол­ды. Себебі халыққа білім беріп, ғылымды үй­рететін тұлғалар өте аз еді. Одан кейін ол салада, негізінен, аса қабілетті адамдар тер төкті. Мұғалімдер Кеңес өкіметі кезінде елге білім беріп қана қоймай, халықтың саяси сауатын ашатын тұлғаға айналды. Себебі ақпараттық тапшылық бар және сауатты адамдар аз кезде ондай тұлғалардың елдің алдында жүруі заңды еді. Дегенмен, ХХ ғасырдың екінші жар­ты­сынан өткенде газет-журналдардың көбеюі, радио мен теледидардың халыққа қолжетімді болуы, түрлі саладағы кітап­тардың көптеп басылуы, олардың аудан-ауылдарға дейін жетіп, мол қоры бар кітапханалардың ашылуы – халықтың сауатын көтеріп, білімін өз бетінше толық­тыруға мол мүмкіндік жасалған кезде мұғалімдердің рөлі бұрынғыдай аса жоғары болмаса да, олар бәрібір білім беру саласында басты тұлға болып қалды. Заман өзгерістері қай салаға болса да әсер етпей тұрмайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталып, біраз жыл­дарға созылған өтпелі кезеңнің кесапаты білім саласына да тимей қалған жоқ. Сол жылдардағы жұмыссыздықтың кесірінен, жалақы алып жан бағудың көзіне ай­нал­ған білім саласына бойында педагогтік қасиеті аз адамдар лап қойды. Ілдәлдалап жүріп педагогикалық оқу орнын бітір­ген­дер көбейіп, білім беру саласын «орташа» мұғалімдердің тасқыны басты. Оның үстіне, бар ойы бала-шаға бағумен болған ата-аналар балаларының білімін бақы­лау­ға мұршасы болмады. Шамамен он жылдан аса уақытқа созылған бұл үдеріс білім беру саласына айтарлықтай «із» қалдырды. Солайша, елде мұғалімдерге деген нашар көзқарас қалыптасып, мектептің қадірі кетіңкіреп қалғандай болды. Оның үстіне жыл сайын «мектеп қажеттілігі үшін жиналатын ақша» мұға­лімдер арқылы алынатын болғандықтан көптеген ата-аналар ұстаздардың осы бір әрекетін ұнатпайды. Ұнатпағанмен не шара, көптеген мектептерде мектеп ди­рек­торы «өзі би, өзі қожа». Мектеп дирек­тор­­ла­рының осындай астамшылдығын әшкерелеймін деп, басы дауға қалған мұ­ғалімдер де жоқ емес. Себебі жеме-жемге келгенде ұстаздардың өзара ауызбірлігі бол­май қалады немесе мектеп дирек­тор­ла­рының қолдаушылары күшті болып, мә­селенің соңы сиыр­құй­ым­шақтанып барып, шешілмей қа­ла­ды. Бірақ бүгінде білімді ұстаздар көбейіп, білім алуға барлық мүмкіндіктер жасал­ған заманауи мектеп ғимараттары көптеп салынып жатқан дәуірде мектептердегі білім беру жағдайы нашар деуге болмайды. Бүгінде, жасыратын несі бар, мектеп пен ата-аналардың арасында жиі-жиі дау­лы мәселелер болып тұрады. Ол мәселелер, әрине, баланың тәртібі мен сабаққа деген үлгеріміне қатысты десек те, көбіне мұ­ға­­лімдер мен ата-аналар арасындағы субь­ективті жағдайлардың әсерінен бо­лып жатады. Ата-аналар «мектеп баламызға жөнді білім бермейді, мұғалімдер нашар» деп кі­нәласа, мұғалімдер «ата-аналардың ба­ла­ла­рының сабаққа қатысуын, дайын­дығын бақыламайтынын», сондай-ақ, тәр­тібінің қиындығы жөнінде шағым­данады. Шынын айтқанда, бүгінгі мұға­лімдер­дің заңдық тұрғыдан құқығының қор­ға­луы тым нашар. Себебі, баладан сабақты та­лап етсе, дайындалмай келгені үшін шара қолданса, соған шыдамайтын өр­кө­кірек оқушылар жылап қалса немесе мектепке барғым келмейді деп ата-ана­сына қиғылық салса да мұғалімді кінәлі қы­ла салатын ата-аналар көп. Баспасөзде кейбір оқушылардың ұстаздарына әдеп­сіздік көрсеткен жағдайлары, тіпті ата-аналарына, туыстарына сабатып, ауру­ха­наға түсірген жайттары туралы да жа­зы­лып жатады. Мұның бәрі бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткенін, оларды құқықтық жақтан мемлекеттің қорғай бермейтінін көрсетсе керек. Бірақ соңғы кезде мемлекетте бұл мәселелерде ілгерілеу бар. Соның бірі – Қа­зақстан Республикасы Парламент Мә­жі­лісіне ұсынылған «Педагог мәртебесі ту­ралы» және «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңдардың жобасы. Бұл соңғы он жылда жиі әңгіме болып, кейінгі бір жылда қоғамда кең талқыланған еді. Заң жобасына елден 18 мың ұсыныс келіп түскен. 4 бағыт бойын­ша жасалған жобадағы нормаларды іс­ке асыру үшін қосымша 1 трлн теңгеден аса қар­жы қажет көрінеді. Өткен айда елі­міздің заң шығару органына ұсынылып, өз­гертулер мен толықтырулар қажет деп, бі­рінші тыңдалымда қабылданбаған заң­да не көрсетіліп еді? Заңда мұғалімнің құқығын қорғау, қо­сым­ша жүктемеден босату, материал­дық және материалдық емес қолдауларды арттыру, білім жүйесін дамытуға серпін беру мәселелері көтерілген. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, алдымен заңның құрылымдық жүйесін бекітіп алу керек, содан кейін оны керегінше жетілдіре беруге болады. Заңда депутаттар қабылдамаған нәрсе мұғалімдердің еңбек өтілін және зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесі еді. Оны парламенттің жұмыс тобы жеке-жеке қарап, шешетін болды. Жаңа заң жобасы бойынша мұғалім­дер­дің құқығын аяқасты етіп, басы артық іске пайдалану (көше тазартуға жұмсау, мектепке баратын баланың санын анық­тау т.б.) тоқтатылуы тиіс, егер ондай іске мәжбүрлеушілер болса, 303 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады. Дегенмен мұғалімдердің зейнетке шығу мәселесі басқа заңдармен реттелетін болғандықтан ол мәселе заңда қаралмаған. Әрине, мұғалім мәртебесінің өскені олардың жұмыс сапасының артуы­на, жалпы халқымыздың сауат­тылық дең­гейінің өсуіне жақсы жағынан әсері күшті болары сөзсіз. Көптеген елдерде мұғалім­дер­дің мәртебесі жоғары болғандықтан қоғамда оларға деген құрмет те ерекше. Сондықтан ол елдерде жас ұрпаққа білім беру жолында тер төгіп жүрген тұлғалар өз ісінің нағыз маманы, ізденімпаз, та­лант­ты да талапшыл, өз саласында жо­ғары жетістікке жеткен адамдар болып келеді. Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалық­пас, үйретуден балаға» деген аталы сөзін қаперімізге ұстар болсақ, өз жұмысынан тек рухани ләззат алып қана қоймай, ма­териал­дық табыс табу басты мақсат бол­ған бүгінгі нарықтық экономика жағ­дайында өмір сүріп жатқан ұстаздар қауы­мын материалдық, моральдық, заң­дық жа­ғынан бірдей қорғау – мемлекеттің мін­­деті болуы тиіс. Сонда ғана білім сала­сында еңбек ететін мұғалімдер қауымын «ұстаздық ету – жалықтырмай», қазақ елі­­нің білімді ел болуына анық пайдасы тиер еді дейміз.