Қазақ бардына құрмет

Қазақ бардына құрмет

Қазақ бардына құрмет
ашық дереккөзі
Өткен аптада Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың 50 жылдығына орай, оның әндері негізінде «Мен – қазақпын!» атты әдеби сазды шығармашылық кеш өтті. Табылды Досымов – 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысының Дендер ауданында дүниеге келген. 1982 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң қалған өмірін әдеби, мәдени ортадан жырақтау туған жерінде өткізсе де шығармашылықтан бір сәт те қол үзбей ән шығарып, өлең жазуды тоқтатпады. «Жанарымның жарқылы» атты жыр кітабын, «Ұнатамын мен сені» деген ән жинағын және өз орындауында әндерінің CD альбомын шығарды. ҚазМУ-де (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқып жүрген студент кезінің өзінде-ақ «Солдат сағынышы», «Ұнатамын мен сені», «Астананың аруы» сияқты жастар арасында өте танымал лирикалық әндердің авторы ретінде жақсы танылған Табыл Досымов одан кейінгі кезеңде «Гурий Назаровқа ашық хат», «Мен – қазақпын!», «Сәйгүлік», «Қазақ едім дегенше» секілді ел арасына кең тараған патриоттық әндерді дүниеге әкелген бард-ақын ретінде қалың қазақтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сол сияқты «Алматыда қалған қыз», «Кезіктім саған», «Кешіккенің қайткенің», «Қыз махаббаты», «Тәтті мұң» секілді лирикалық, «Қара гүл», «Курстас достарды аңсау», «Биіктік», «Өмірзая», «Асан қайғыны аңсау», «Табылдың әні» сияқты көптеген әсерлі бардтық әндерді халқына сый қып тартқан Табылды Досымов – шын мәнінде өзгеше тұрпатты ақын әрі сазгер еді. Өз өлеңдері лирикалық та бардтық әндерге сұранып тұрса да сөздің қадірін біліп, өзгелер жазған жақсы өлеңге өзі жазғандай қуанатын жарқын талант көптеген танымал әндерін қазақтың белгілі ақындары Шәһизада Әбдікәрімов, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызының өлеңдеріне жазған-ды. Бұл әрине ешкімді бөліп-жармайтын Табылдының бойына сіңген тән қазақи кеңдік болатын. Ақын-сазгер Т. Досымов көзі тірісінде республикалық «Үкілі үміт» байқауының дипломанты, Атырау облыстық Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталып, еңбегі еленген өнерпаздың бірі болды. Алайда 2010 жылы қырық бес жасында жүрек талмасынан мезгілсіз дүниеден өткен Табылдыға ең үлкен сый – халқының, қазағының махаббаты болды. Ол қайтыс болған соң Ақтөбеде, Маңғыстауда, Атырауда бірнеше рет бард-сазгерді еске алу кештері өтіп, оның жырлары мен әндері және дос-жарандарының естеліктері топтастырылған «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты көлемді кітаптың жарық көруі – жоғарыдағы пікіріміздің дәлелі. Биыл да Табылдының 50 жылдығына орай еліміздің көптеген қалаларында Т.Досымов әндерінің кешін өткізу жоспарланған. Бард-ақын атындағы қордың ұйымдастыруымен Алматыдағы Студенттер сарайында өткен «Мен – қазақпын» ән кеші – өз ұлын ұлықтай білетін халқымыздың ізгі қасиетін көрсетсе керек. Ән кешінде экраннан Табылдының өз орындауында әндердің бейнежазбасы беріліп, сахнада өнер көрсеткен белгілі бард-сазгер Қорабай Есенов, әнші-сазгерлер Есенбай Құли, Роза Әлқожа, Елена Әбдіхалықова, Қадырғали Көбентай, әншілер Қанат-Света Айтбаевтар, Индира Расылхан, Жоламан Көшкінов, Сейіл Аяған, Аллаберген Жақсыбаев, Ершат Қайырхан, Бағлан Әбдірайымов, Баймұрат-Айсұлу Жолдасбаевтар, Жадыра Арыстанова, Абыл Аяш сияқты өнер иелері  Табылдының әндерін орындап, сырлы саз бен ойлы жырды тамаша үйлестірген Табылды Досымовтың ерекше өнеріне жиналған қауымды тәнті қылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әртіс Болат Әбділманов ақынның бірнеше өлеңдерін оқыды. Кеш соңында Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед, Табылды Досымов атындағы Республикалық қордың құрылтайшысы Бижан Қалмағанбетов мырзалар сөз сөйлеп, Табылды Досымовтың әдеби-музыкалық мұраларын кең насихаттау арқылы жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселесіне орай өз ойларын айтып, кешке жиналған қауымға өз ризашылықтарын білдірді. «Мен – қазақпын!» сазды еске алу кешін танымал тележурналист Қымбат Досжан жүргізді.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ