Ғайникен Бибатырова: Ұлылардың қамқорлығын көп көрдім

Ғайникен Бибатырова: Ұлылардың қамқорлығын көп көрдім

Ғайникен Бибатырова:  Ұлылардың қамқорлығын  көп көрдім
ашық дереккөзі
Араға талай жыл салып, бұрынғы жаны жайсаң кейіп­ке­рің­мен қайта кездесудің өзі, бүгінде, үлкен қуаныш. Өйткені, аман жүргенінің өзі, жай ғана өмір сүріп қана қоймай, айна­ласына өзінің мейірімді шуағын шашып, әлдебіреулердің қаже­тіне жарап жүрудің, қамқор құшағына алып жанашырлықпен тірлік кешудің өзі, бәзбіреулерге бұйырмаған бақыт десек те қателеспеспіз. Біздің Ғайникен апайымыз дәл осындай жан! Иә, бүгінгі әңгіме сонау 1992 жылдан бері отыз жылға таяу ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ғалымдар үйін басқарып келе жат­қан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылым­да­рының кандидаты, мемлекет және қоғам қайраткері Ғайникен Бибатырова жайлы екенін, көзі қарақты газет оқырмандары іштей сезінген де болар. – Әңгімені ағаларыңнан бастаймыз дейсіңдер ме, – деп жылы жымиып алған Ғай­никен апайымыз бізді жолдасы Қамит ағатай жатқан бөлмеге бастады. – Айттың соңғы күні қонақтарымызды шығарып салып, екеуміз кештеу жаттық. Біздің жа­сы­мызда ұйқының әбден қанып тұруы да сирек қой. Дегенмен, бұл кісінің қоз­ға­лақ­тап, төсектен тұрып жатқанын бай­қадым да, «Жата тұрайық, әлі ерте ғой» дедім, ол: «Асүйден су ішіп келемін, дем ала бер» деді де шығып кетті. Таңғы сағат бес екен. Сол-ақ екен, гүрс еткен дыбыс шықты. Атып тұрдым, одан ары не бол­ға­нын мына жатысынан-ақ сезіп-көріп тұр­ған шығар­сыңдар,– деді жанары жа­сау­рай. Халқымызда «Ауру кірді әлек кірді» деген сөз бар, жаздан бері осылай әбігерге түсіп қалдық. Өзі де ірі кісі ғой, бар сал­мақ­пен құлағанда төрт омыртқасы сы­нып кетіпті. Қызымыз Жанар мен күйеу­бала апармаған, қаратпаған дәрігері қал­мады. «Егде тартқан кісі, отаны көтере ал­майды» болды бәрінің де сөзі. Сонымен тө­секке таңылып жатырмыз. Кезінде екінің бірінің қолы жете бермейтін, Мәскеудегі теміржол инженері (МИИТ) институтын үздік бітіріп, талай жылдарын осы салада қызмет етуге арнаған, техника ғылымдарының док­то­ры Қамит аға Жұмабайұлы амандық-сау­лық­тан соң, «Біз жайлы, мен жайлы білгі­ле­ріңіз келсе апаларыңыз айтып береді»,– деп болмашы жымиды. Еңгезердей аза­мат­тың мына хәлі жүрегімізді ауыртса да, білдірмеуге тырысып бақтық. – Осы бір жағдай жанымызға батып тұр, – деді Ғайникен Айдарханқызы біз­бен әңгімесін тағы да алпыс жылға таяу бір­г­е ғұмыр кешкен азаматы жатқан бөл­ме­ге қарап отырып. – Бізді білетін, ара­ла­сатын жолдастар: «Егер сенің тағдырың Қамкең­нен басқа біреумен байланған болса, сен дәл бүгінгі шыққан биігіңе жетер ме едің, жетпес пе едің. Сенің бақытың – Қамиттің кездесуі» дейді. Бұл  – ақиқат! Ғылым-білім саласында әйгілі бұрынғы Мәскеу, бүгінде Ресей транспорт университетін бітірген санау­лы қазақтың бірі мен үшін өз маман­ды­ғынан бас тар­тып, партия мен үкімет мені қайда жі­берсе, менімен бірге жүріп, «Қандай қыз­мет болса да атқара беремін, ең бастысы сен қасымдасың» деп жана­шыр­лық таны­тып қана қоймай, менің алаңсыз қызмет атқаруыма мүмкіндік жасағаны рас. Институттан соң Алматы­дағы Теміржол тех­никумында тепловоз бөлімінен бас­тал­ған қызметі Жамбыл облыстық коми­те­тінің хатшысы болып тағайын­дал­ға­ным­да, ол Жамбыл облыстық автомобиль ша­руашылығы зауытына бас инженер болып орналасты. Теміржол ма­ман­­ды­ғынан автомобиль саласына ауысу, әрине, біраз қиындықтар туғызғаны бар. Де­генмен, өзінің табандылығының, қыз­мет­ке жауапкершілігінің арқасында, тех­ни­ка саласындағы білімінің арқасында авто­жөн­деу зауытының директорына дейін жоғарылады. Мен он баланың тұңғышымын, ол ал­ты балалы отбасынан шыққан, екеу­міз­дің де сүйрететін арбамыз қомақты болды. Қа­зақ отбасында тұңғыштың жауап­­кер­ші­лігі, көтерер жүгі өте ауыр екені белгілі. Біздің замандастар, ар­ты­нан ерген көштің бәрін құтты орнына қондырғанша, ол көштің тұрақтап, бір жерге орналасуына, тіпті, әке-шешеден гөрі біз жауапты бол­ға­нымызды менің тұстастарымның кез кел­гені мойын­дай­ды. Оларға ерекше қа­рым-қатынаспен қарап, тәрбиесіне алаң­даған мейірімді ұрпақпыз! Ағаларың екеу­міз де солардың қамымен кештеу жо­лығып, отбасын да кеш құрдық. Екі жаққа да бірдей қамқор болдық. Оқыттық. Тоқыттық. Есейді, ержетті. Тіпті, бір-бір отау тігіп, шаңырақ көтеріп кеткендеріне дейін біздің қам­қорлығымызда болды. – Ғайникен апай, сіздің билікке ер­­терек араласқаныңызды, бүгінде мемлекет-қоғам қайраткерлері сана­ла­тын санаулы қазақ қыздарының көшбасында тұрғаныңызды ел, ха­лық жақсы біледі. Құрметтейді. Сол жылдарға шегініс жасасақ? – Институттың қабырғасында жүр­генде, тіпті ауыл мектебінде жүріп-ақ қо­ғамдық жұмыстарға, оның ішінде ком­сомолдық жұмыстарға етене аралас­тым. Музыкамыздың абыз ақсақалы Мұ­қан Төлебаев өгіз арбамен пианино апарған, сөй­тіп атақты «Біржан-Сараны» жазған кішкентай ғана ауылда дүниеге келіппін. Жетісудың жеті өзенінің бірі – Лепсінің бойындағы жиделі орман көмкерген «Көкжие» деген ауылда балалық шағым өтті. Қайбір балалық шақ дерсің, соғыс жылдарындағы таршылық пен жоқшы­лық­тан қашып құтыла алмайтын зар заман еді ғой. Әкем Айдархан мен анам Ажархан бүкіл ауыл сыйлаған, қадірлі, қазақтың ешкімге ұқсамайтын этнопе­да­го­гикасын қатаң ұстаған жандар еді. Соңғы курста жүргенде қалалық ком­сомол комитетінде сектор меңгерушісінің орын­басары, аудандық, қалалық, облыс­тық комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласы Совет аудандық атқару ко­митеті төрағасының орынбасары, қа­зіргі Бостандық (бұрынғы Калинин) ау­дандық партия комитетінің хатшысы бола жүріп, Мәскеуде Орталық комитет жанындағы академиядан бір-ақ шықтым. Сонда оқып жүргенімде Алматыдан, қазақтың біртуар перзенті Қонаевтан шақырту алдым. Ол кез қазақ қыздарының билікке араласа қоймаған кезі. Ақмолада Фарида Хамитова деген хатшыны ғана естиміз. Алып-ұшып Алматыға жеттім. Кең, жарық жұмыс кабинетінің ана басы мен мына басына жету қандай қиын еді, оның үстіне есіктен төрге дейін үндемей жүру тағы ыңғайсыз. Сасқанымнан, «Ди­маш Ахметұлы, кабинетіңіз қандай үлкен, Сізге жете алар емеспін» деппін. Сондай қа­рапайым, кішіпейіл, парасаттылығы сон­ша күлімсіреп орнынан тұрды да ма­ған қарсы жүрді. Ұзақ әңгімеден соң, «Өзің­ді комсомолдан жақсы білемін, ме­ніңше сенен үлкен қоғам қайраткері шы­ға­ды», – деп Жамбыл облыстық партия ко­митетіне хатшылыққа бекітті де жі­берді. «Ұлы адам қарапайым болады» деген­нің мәнін сонда ұғындым. Одан кейін де талай рет жұмыс бабымен жолы­ғып жүрдік. «Комсомолкам менің» деп арқамнан қағып қоятын-ды. – Комсомолдан партия қызметке­рі­не ауысқан жылдарда да Димаш Ах­метұлының ықпалы болды деген­сіз бір сұхбатта... – Елуге толған кезімде ғой, «Димаш Ахметұлы, қашанғы комсомол болып жүре беремін, елуге келдім ғой», – деп күлдім. Сонда жарқылдай күліп, баяғы өзінің «сен әлі өсетін баласың» дегенін есіне алды. Ол туралы Жамбыл облы­сы­ның обком секретары Бектұрғановқа та­лай мәрте ескертсе де, «Ондай идеолог­ты қайдан табамын» деп жібермей қойғанын айтты. Сол отырғаннан табаны күректей он үш жыл отырдым. Жетісуда туып-өс­ке­нім болмаса, Жамбыл облысы сонша­лық­ты ыстық болатыны да сондықтан. Обком секретарының «мықты идеолог» дейтіні де шындық, сол жылдары облыс­тық мәдениет, өнер саласын өркендету, жастар тәрбиесін қалыптастыру мақ­са­тын­да біраз тірліктерге араластым. Көр­кем­өнер галереясы, облыстық балалар кітапханасын ашуға, облыстың әр аудан орталықтарынан, атап айтар болсам, «Шу еркесі», «Меркі әуендері», «Талас толқын­да­ры», «Мойынқұм», «Сұлутөр», «Шолпан» сынды көркемөнерпаздар үйірмелері құ­рылып, талантты жастар таныла бастады. Одан кейінгі қызмет – ҚР министрлер кеңесінде жауапты қызмет атқардым, ал 1992 жылдан Ұлттық ғылым академиясы Ғалымдар үйіндемін. Солай, қазақтың ұлы перзенттерінің қамқорлығын көрдім. Мүмкіндік берді екен деп, адалдықтан аттаған жерім жоқ, ешкімге қиянат та жасамадым. Қызметімді жауапкершілікпен атқардым. Бүгінде ел қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері деп қабылдап жатса, ол да Қонаевтай ел басшысының арқасы дегенді үнемі айтып отырамын. – Сізді тәрбиелеген орта да ерекше болды ғой, еліміздің тарихында, әсі­ресе мәдени тарихында аттары аңыз­ға айналғандар аз болмаған секілді?.. – Оның рас, әсіресе қазақ халқының мәдени мұралары, тарихи ескерткіштері, мәдени ошақтары – театры жайлы әңгіме бола қалса, сол жолда тер төккен санаулы азаматтардың бірі де бірегейі – Михаил Есенәлиев пен Өзбекәлі Жәнібеков еске түседі. Халқымыздың алғыр перзенті, алғашқы комсомол Ғани Мұратбаевтың ескерткіш-мүсінін жасатқан, сөйтіп жаң­ғыртып тарихқа қайта алып келген, ол Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Тағдырыма риза болатыным, қазақтың маңдайына бақ болып туған осындай жұлдызды аза­­маттарымен қызметтес болғаным. Қазақ­тың бай салт-дәстүрін, өнегелі үр­діс­терін қайта тірілтіп, қазақ күн­тізбесіне енгізген де, тұңғыш музыка театрын, ән-би ансам­бль­дерін, ондағы ұлттық бояуға қанық ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдарын жаңғыртып қана қоймай, өз қолымен үлгісін сызып, тігіп шыққан да, осы азамат­тар! Осы қызметті атқарған жыл­дарымда қаншама әдебиет, өнер қайрат­керлерімен сырлас, сыйлас бол­дым. Әлі күнге дейін ақын-жазу­шы­лар­дың болсын, әншілердің болсын, әсіресе, дәстүрлі әншілердің Ға­лым­дар үйінің кішігірім залында кон­церт­­терін тегін ұйымдас­тырып беруге, солай моральдық-мате­риал­дық Һәм руха­ни кө­мек көрсетуге жанымды салып келемін. Мынандай сенің ақыл-кеңесіңе зәру емес заманда, өзіңді қажетсініп, «Сіздің ақыл-кеңесіңіз керек, бізге керексіз, ортамызда жүре беріңіз» деп әлі де қыз­метте жүруіме мүмкіндік беріп отырғаны – ол енді, сөзбен айтып жеткізгісіз қуа­ныш. Бүгінде ешкім де көштен қалып, аш отырған жоқ. Заманымыз тыныш. Ең бас­тысы да елдің, халықтың тыныштығы. Сондықтан «Қырық рулы елдің өкілдері» бір анадан туғандай тірлік кешіп отырға­ны­мызға шүкіршілік жасаймыз. Көзіміз­дің ағы мен қарасындай жалғыз Жанары­мыз­дан тараған немере-шөберелерімнің арасында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан жайымыз бар еді... Халқымыздың ардагер арулары­ның көш басшысы Ғайникен Айдар­хан­қызы көзіне келіп қалған мөлдір тамшыларды іркіп тастап, азаматы жатқан жатын бөлмеге ұрлана қарап қойды да, әңгімесін ары қарай жалғастырды. – Қызмет жағына, жұмыс жағына барып қайт, ботқаңды жеп ал, жемістен жасап қойған сусыныңды ішіп ал,– деп үнемі қамқор көзімен жұмысқа шығарып салып, күтіп алатын азаматымның төсекке таңылғаны қиын болып тұр. – Зейнетке шыққалы менің ең мық­ты аспазшым, дәмді асымызды дайындау тек ағаларыңның міндеті болды деп қалдыңыз. Оны газетке жариялауға бола ма? – Әрине, «Құдайдан жасырмағанды адам­­нан жасыра алмайсың» деген де өсиет бар емес пе, шын мәнінде, зейнет­кер­­лікке шыққалы менің талғампаз ас­пазым – Қамитім болды! Оған ол да, мен де намыстанбаймыз. Бәлкім, кейбіреу­лер­ге, жұптасқан ғұмырларында «Менің, сенің міндетің» дегеннен шығып жататын ұрыс-керіске пайдасы тиіп қалар... Бір-бірінен көз алмай, жанарлары су­ланып, басына түскен мына бір ауырт­па­лыққа кәдімгідей еңселері түсіп қалған бақытты жұптан алар үлгі-өнеге жетерлік. Басымызға әлдеқандай жағдай түсер, алда не күтіп тұр деген қорқыныш билеген екеуі бір-бірін қимастық сезіммен аялай­ды. Данышпан халқымыз «Ауырып тұр­дың аунап тұрдың» дегенді де тегін айтпа­ға­нын айтып, біз де қимай қоштастық.

Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ