Өзбек боксы неге алда?

Өзбек боксы неге алда?

Өзбек боксы неге алда?
ашық дереккөзі
Жақында Ресей­дің Екатеринбург қаласында бокстан Әлем чемпионаты бо­лып өтті. Бір қарағанда үкілеп апар­ған 8 өрені­міз­дің  6-уы жүлдемен оралғанына, командалық есеп­те Кубаны артқа тастағанымызға көңілі­міз­ді бірлеп, марқаюға болатын секілді. Иә, елімізде бокс сонау кеңес дәуірінен бері жақсы дамыды. Тіпті ұлттық болмысымызға жақын күрес, садақ ату, ат спорты түрлерінен әлдеқайда биіктеп, ұлттық деңгейге көтерілді. Мұны ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, спорт шолушыларының елпілдетіп-желпілдетіп көкке көтеретініндей дәрежеге көбіне жетпей жатады. Боксшыларымыз өз мүмкін­дік­терін толық пайдалана алмағандай әсерде қаламыз. Әлде боксшыларымыздың мүмкіндіктерін тым әсірелеп көрсетіп, мақтанға салынып кететіндей көрінеміз. Әлемдік жарыстарда кейде жартылай финалға дейін жігіттеріміз тобымен сүрінбей жетеді. Бұл жолы да солай болды. Ал жартылай финалда 4 боксшымыз қатарынан жеңілгенін «спорт қой» деп қол сілтей салуға да болар. Жалпы, осы қол сілтей салу, өзін-өзі жұбату, барға тым қанағатшылдық – қазіргі қазақ болмысына тән олқылық. Осы осалдық боксшыларымыздың кейбірінен, олардың тәлімгерлерінен көрініп қалатыны бар. Басты бір айтпағымыз, біз Тәуел­сіз­дікке өте көп құрбандықпен зарығып жеткен халықпыз. Бостандыққа қол жеткізген алғашқы жылдарда спортшыларымыз көк туымызды көтеріп шығып, алғашқы жеңістерге қол жеткізіп, әнұранымыз шырқалып жатқанда ұлт болып қуандық. Ақсарбас айттық. Бірақ Тәуел­сіз­дік алғанымызға да 30 жылға тақады. Шүкір, еліміз спорт саласында да әлемге танылды. Дамыдық. Алтын медальмен қуантқан азаматтарымыз аз деуге келмейді. Спортшыларымыздың әлеуметтік жағдайы да көп елдерден ілгері. Енді спорт державасына айналған байырғы мемлекеттер секілді, «біздің спортшылар алтын алуға тиіс» деген нық сеніммен, бәрін салқынқанды қабылдауға жететін кез болды ғой. Спортшыларды марапаттауға арналған жиындарға барсаң да, теледидардан түрлі жарыстарды тамашаласаң да, тіпті кей газеттерге үңіл­сең де бітпейтін бір бөспе сөздер (кейде тікелей эфирлерді жүргізушілердің дауысын басып қойып көруге мәжбүрміз)! Ал дамыған елдерде мұндай көпірменің бірі жоқ. Оларда спортшылары жеңуге тиіс деген салмақты сенім ғана бар. Бүкіл Еуропа солай. Ресей екібастан. Төрешілерден әділетсіздік көрген спортшыларды да жүздеп санауға болады. Василий Левиттің обалы екінші мәрте кімге екендігі айтыла жатар. Жартылай финалда Бекзат Нұрдәулетов Рио олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Сезар де ла Крусты есеңгіретіп,  есеп ашылғанда, біз де теледидардың ішіне түсіп кете жаздап отырдық. Спорт қан қыздыратыны рас. Бірақ сол Бекзат сияқты жампоздарымызды мектепте алғаш спортқа баулыған ұстазымен Ақордаға бірге шақырып марапаттау саясатына (яғни ұстазды алға шығаруға) қашан жететінімізді айта алмаймыз. Спорт үлкен саясат десек, осындай өрелілік қажет-ақ. Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалоловтың жекпе-жегінен кейін, өзбек пен қазақтың туысқандығын спорттық жолмен де насихаттау қажет-ау деген ойға қалдық. Спорт – бәсеке. Оны өзгерте алмайсың. Дегенмен тегі бір халықтардың боксшылары да ағайын-туғандай сыйласып, тәжірибе алмасып, бірігіп жаттығып, өзгеге үлгі көрсеткені абзал. Сонау «Пахтакор» мен «Қайраттың» ойындарынан басталған бәсеке, бүгінде бокста ушыға түскендей көрінді. Олардың жеңістеріне құрметпен қарайық. Туысқандық қолын олар ұсынбаса, біз ұсынайық, дегіміз келеді. Соңғы айтпаса болмайтын мәселе – спортшылардың наным-сеніміне қатысты. Діни сенім – пенденің ең осал тұсы және әрбір сенім иесі «осал тұсым» деп ойламайды. Мұны психолог ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Елімізде діни сенім бостандығы бар. Солай десек те, біздің барлығымыз жекпе-жектерін үнемі тамашалайтын, кәсіпқой және әуесқой саладағы кейбір боксшыларымыздың берген сұхбаттарынан, түр-әлпеттерінен діни секталардың лебі сезіліп қалады. Мәселе – әлеуметтік желіде осы жолы да көп талқыланды. Оның өзіндік себебі бар. Өзінің ерік-жігерінен емес, «Алланың қалауынан» жеңіс іздеген спортшы босаңситынын психолог мамандар да жоққа шығармаса керек. Мұндай сенім алдымен жеке дайындығына әсер етеді. Сондықтан көпшіліктің алаңдауы –   орынды. Ал өзбек боксының алға озуы – осындай әсерлерден ада көрінді.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Тúrkistan»