25 Қыркүйек, 16:24 490 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Тоқаев Алматыда қамалған дәрігерлерге қатысты пікір білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы дәрігерлердің қамалуына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы  Twitter парақшасында жазба жариялап, құзырлы органдарға істің ақ-қарасын Заңға сәйкес анықтауды тапсырды. 

"Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым.Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін Заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қ. әкімінің бақылауында", - деді президент.

Бұған дейін №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың қамалғанын хабарлаған болатынбыз. Бүгін тағы да екі ай мерзімге аталған аурухананың тағы бір дәрігері Асқар Тұңғышбаевтың темір торға тоғытылғаны хабарланды.

Екеуіне де қызметіне салғырттық танытқан деген айып тағылуда.

Аурухана қызметкерлері полиция департаментінің басшысы Серік Күдекбаевтың ұлы қайтыс болған соң тергеуге алынған.

Бас дәрігердің жары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істің әділ тергелмеуінен қауіптеніп, өз бақылауына алуын өтінген еді.

Сондай-ақ, Дәрігерлер қауымдастығы да денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан әріптестеріне араша түсуін сұрап, хат жолдады.

Соңғы жаңалықтар