23 Қыркүйек, 10:15 486 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Президенттің АҚШ-қа жұмыс сапары басталды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама штаттарына жұмыс сапарымен барды. Бұл – оның Мемлекет басшысы ретінде АҚШ-қа жасап отырған алғашқы сапары.

Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысу және сол жиынның жалпы пікірсайысында мәлімдеме жасау – 5 күнге созылатын сапардың ең маңызды бөлігі. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес, трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси әрі сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған.

Айта кетейік, Президенттің АҚШ-қа келуі қарсаңында америкалық беделді басылым “The Hill” газетінде оның мақаласы жарық көрді. Мақалада еліміздің экономика мен саясаттағы басым бағыттары түсіндіріліп, осы сапардың маңыздылығы баяндалған. Ең бастысы, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық инвесторлармен әріптестікті арттыруға ниетті және Қазақстан нарығында АҚШ компаниялары қазіргіден де көп болуы тиіс деген пікір-пайымын жеткізді.

«Біз Америка Құрама Штаттарымен тығыз әріптестік байланыс орнаттық және сыртқы саясаттағы көптеген маңызды мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Болашақта да солай болады. Қазақстан соңғы үш онжылдықтың бедерінде сәтті жүзеге асырып келе жатқан тәуелсіз, көпжақты және сындарлы сыртқы саясатын менің басшылығыммен де жалғастыра береді», – делінген мақалада.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Орталық Азия елдерінің байланысына Қазақстан қомақты үлес қоса беретінін де жеткізді. Бұған қоса әлемдік деңгейде ядролық қарусыздандыру үдерісіне белсенді атсалысу көздеген мақсаттарымыздың бірі деді. Осы тұста орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінің бұзылуы әлемге зор қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар