Күллі Еуразияны ат тұяғының шаңына көмген, әйгілі Атилла (Еділ патша) басқарған ғұндар империясынан кейін тарих сахнасына шыққан Түрік қағанаты – Азиядағы ғана емес, әлем тарихындағы аса ірі мемлекеттің бірі болды. Солтүстік-Шығыс Қытай (Манчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Қапқаз аумақтары құрамына кірген бұл мемлекет әскери, шаруашылық жағынан ғана жетіліп қоймай, мәдени дамуы жағынан да күллі адамзаттық өркениетке үлес қосқан-ды.
Орхон, Селенга өзендері бойынан табылған, жасалуы VII-VIII ғасырларға жататын көне түркі сына жазбалары – Орхон жазба ескерткіштері – түркілерден қалған бірегей мәдени мұра. Бұл жазба ескерткіштер – Білге қаған ескерткіші, Күлтегін жазуы, Күлшора (Күлі Чора) жазуы, Мойын – Шор жазба ескерткіші, және Тоныкөк жазуынан біз сол тұстағы тарихи оқиғаларды, Түркі қағанатының қалай құрылғанын, оны кімдердің басқарып, мемлекетті сақтау үшін қандай ерліктер жасағанын біле аламыз. Ең қызығы, бабаларымыздың тарихы өз жазуымен жазып қалдырылған. 40-қа жақын графеманы (дыбыстың жазудағы таңбасы) пайдаланып жазылған бұл тарихи мәтіндердің кілтін 1893 жылы дат ғалымы Томсен Вильгельм Людвиг Петер (1842-1927) тапқаннан кейін (жазу таңбалары әліпби мен буын жазуы негізінде жасалғанын анықтады) «Түркі жазуына» бүкіл әлемнің қызығушылығы оянды.
Солайша, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған бұл үдеріс ХХ ғасырға келіп жаңа белеске көтерілді.
Шынын айту керек, түркітану ғылымын қалыптастырып, дамыту мәселесінде қазақ ғалымдары өзгелерден оқ бойы озық тұр. Оны бүгінде әлемдік ғылыми орта да мойындайды.
Кеңестік дәуірде түркология ғылымында зерттеулер жайымен болса да жүріп жатты. Бірақ оның игілігін жалпы халық көре қойған жоқ. Дегенмен қазақ елі алғаш рет азаттық жолына бұлқынып, «ақырып теңдік сұрап» алаңға шығатын 1986 жылы жарық көрген, белгілі тілші-ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» және әдебиетші ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Асыл арналар» кітабы – қазақ халқының рухани азаттығын жоқтаған, қазақ ұлтының тамырын тереңге жіберген халық екенін танытқан биік мақсатты еңбектер еді.
Мырзатай Жолдасбеков «Асыл арналары» қазақ әдебиеттану ғылымына соны серпін әкелген кітаптардың бірі болды. Өйткені ғалымның бұл еңбегі арқылы күллі қазақ түркі жазуы, сол жазумен жазылған әдеби мұралар жөнінде тұңғыш рет осы кітап арқылы кең түрде түсінік алды. Шығар-шықпастан көп ізделетін сирек кітаптар қатарына қосылған бұл еңбектің қаншалық қадірлі болғанын өткен ғасырдың 80-90-жылдарында жоғары оқу орындарында гуманитарлық салада білім алғандар жақсы білсе керек.
Әрине, уақыт өткен сайын өмірін ғылымға арнаған адамның ізденіс өрісі кеңейіп, сараптау-талдаулары тереңдей түсетіні анық. Бұл орайда, ұзақ жылдар бойы лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарса да, бір сәт те өзінің ғалымдығын естен шығармаған Мырзатай Жолдасбеков о бастағы сәтті ғылыми ізденісінің ауқымын ұлғайтып, ғылымдағы негізгі еңбегін «Ұлы дала әдебиеті» атты ғылыми сапасы биік көлемді кітапқа айналдырды. Өткен жылы «Ғылым» баспасынан шыққан сол кітапты қолға алып парақтағанда, расында да, қазақ әдебиеттану ғылымына мән-мағынасы терең, ұлтымыздың әлемдік мәдениет тарихынан алар орнын көрсететін толыққанды ғылыми еңбектің қосылғанына көзіңіз жетеді. Кітаптың алғысөзін жазған ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың тілімен айтқанда: «Білікті ғалымның қолымызға тиген мына толымды еңбегі – оның ұзақ жылдар бойғы зерттеу жүргізген зерттеулерінің алтын түйіні. Расымен тым ұзақ тарихи дәуірлер мен көшпелі ұлыстар жөңкілген шексіз салқар кеңістікті қамтитын тамыры терең ежелгі әдебиетіміздің дәстүр сабақтастығын, бүгінмен жалғастығын саралаған іргелі еңбекті «Ұлы дала әдебиеті» деп атағаны да орынды».
Белгілі бір нәрсеге баға бергенде көтеріңкі леппен сөйлей беруге болар, бірақ айтылған ойға тірек боларлық материал мықты болмаса, ол сөзде бәтуа болмақ емес. Ал Мырзатай Жолдасбековтің «Ұлы дала әдебиеті» деп отырғаны – бір кезде Еуразия кеңістігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған алып империялардың бірі – Түркі қағанатынан бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне жалғасып отырған көркем сөз өнеріндегі өз әліпбиімен тасқа бәдізделген ежелгі түркілік жыр-дастандар мен Ұлы далада жүздеген жылдар бойы ауызша таралып, бүгінге жеткен эпостық шығармалар.
Жасыратын несі бар, күні бүгінге дейін Батыс Еуропа мен Батыс Қытайдың арасындағы ұлан-ғайыр Ұлы далада өмір сүрген көшпелі халықтар мемлекеттерін өркениеттен тыс қалған, әлемдік мәдениет тарихына әсері болмады деп санайтындар теріс ғылыми түсініктер жоқ емес. Бірақ адамзат баласына қаншама ғасыр басты көлік болған жылқыны ең алғаш қолға үйреткен; көшіп-қонуға өте ыңғайлы, әлемде аналогы жоқ – киіз үйді, жаңа туған нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек – бесікті, теңдессіз саз аспаптары – домбыра мен қобызды, адам денсаулығына өте пайдалы сусын – қымыз бен шұбатты т.б. қаншама құндылықтарды ұрпағына мұра қылып қалдырған, ең бастысы – өз жазуын ойлап тапқан, ауқымды әдеби мұралары бар Ұлы дала халқын тарих ұмытқан жоқ. Десек те, империялық пиғылдың немесе нәсілшілдік астамдықтың батпағына батқан жалған ғылыми көзқарастар бел алып тұрған шақта барды бардай таныстырудың өзі үлкен күш. Ондай қыңыр күштердің алдында өз халқының қандай ұлы мұраның иесі екенін таныту оңай емес. Демек, алыс ғасырлардағы жылғадан бас алған «Асыл арналардың» үлкен арнаға айналып, «Ұлы дала әдебиеті» атты теңізге кеп құюына дейінгі аралықта тынбай тер төгу керектігін о бастан жете түсінген Мырзатай Жолдасбекұлының мақсаты биік еді. Сол мақсат біз әңгіме қылып отырған кітапта орындалған.
Бүгінде кез келгеніміз «Арғы бабам – ер Түрік» деп кеуде қаққанымызбен, кезінде оның бабамыз екенін дәлелдеудің өзі қиын еді. Себебі шетелдік зерттеушілер қазақ тарихын өз мемлекеттерінің мүддесі тұрғысынан жазып, тарихи деректерге жүрдім-бардым қарап, соның нәтижесінде ел мен жердің, тарихи тұлғалардың аттары шатасып, тіпті, түркілік тұлғаларды, олардың мәдениетін қазаққа жақындатпай, оны Ұлы далада өмір сүрген әлдебір «ирантілдес халықтарға» теліп әділетсіздік жасаған-ды. Соның кесірінен түркі халықтарының тасқа қашалған әдеби-тарихи мұралары еуропалық зерттеушілер тарапынан қате аударылды, тұтас сөйлемдер аударылмай қалып кетті немесе зерттеушілер ескерткіштердегі мәтіндерді өздеріне таныс тілдерге икемдеді. Міне, өзінен бұрын түркі жазба ескерткіштерін зерттеушілердің осы бір кемшілігін жойып, қатесін түзеп – тарихи ақиқатты қалпына келтіру жолында еңбек еткен М.Жолдасбеков – «Асыл арналар», «Тастар сөйлейді», «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» секілді ғылыми дәйегі күшті ғылыми кітаптарын жариялап, түркілік болмысты жете танымай, Түрк қағанатын тұтас империя деп мойындамаудың салдарынан өз зерттеулерінде В.В.Радлов, П.М. Мелиоранский, т.б. аудармашылар тарапынан кеткен олқылықтардың орнын толтырды.
Әрбір ұлтты ұлт ететін құндылықтарының бастысы – тілі мен әдебиеті. Қазақ деген ұлтты бүгінде әлем біледі, бірақ ол бір күнде қалыптасып, ұлт дәрежесіне жеткен жоқ. Оның тамыры ғасырлар тереңінде, тарих қойнауында. Әдебиеті өте ерте заманнан бастау алады. «Түрктердің жазба әдебиетінің негізі VII-VIII ғасырларда қаланған» деген тұжырым жасайтын М.Жолдасбековтің кітабы соны дәлелдейді. Бірақ сол пікірді орнықтыру да оңай болмаған. Бұл туралы «Ұлы дала әдебиетінің» авторы: «Орхон ескерткіштері жайын сөз еткенде, қазақ халқы көшпелі ел, жөңкіліп көшіп қонып жүріп мәдени мұра қалдырмаған. Қазақстан жеріндегі көне дүние ескерткіштерін не сақтардікі (қазақтың өзі сақтардың тікелей ұрпағы ғой), не соғдынікі (иран тілдес ертедегі халық) деп, ата-бабамыздан қалған мұраны өзімізге жолатпай, алып қашқан кездеріміз болғаны рас.
Бартольд бастаған атақты түркологтар мәдениеттің ең жоғарғы сатысы – жазудың түрк халықтарында VII ғасырда болғанына таңдай қағып, таңырқаған еді. Батыс историографтарының бұған таңданып қана қоймай, рун жазуына келеді екен, біздің ата-бабаларымыз бір кезде Саян тауларына барған болар деп, жазбалардың кілтін таба алмай, немістер мен финдердің өздеріне меншіктегісі келіп дал болғанын, бірақ одан ештеңе шықпағанын тарих білмей ме?
Ақыры даулы алфавиттің жұмбағы шешіліп, сыры ашылғанда, олардың иесі түрк халықтары екеніне көз жеткізгенде ғана дау-талас тоқтаған еді. Шынында да ол ескерткіштерді жасаған негізінен қазақ халқының құрамына кірген ру-тайпалар болатын. ...Сөйтсе де, өкінішке қарай, бір ғасырдан астам уақыт бойы зерттеліп келе жатқан осы бір ғажап шығармаларды халқымыздың мұрасы ретінде соңғы жылдарға дейін қазақ ғалымдарының батылы жетіп, ешкім қолға ала қоймаған. Бір кездерде бұл ескерткіштерді жоғары мектепте оқыту талабын қолға алған Құдайберген Жұбанов екен, бірақ осы бір әдепкі әрекет, өкінішке орай, жүзеге аспай ұмыт болады», – дейді.
Міне, осы талайлар соңына жеткізбей кеткен істі қолға алып, тыңғылықты зерттеу жүргізген Мырзатай Жолдасбекұлы алдымен Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелу тарихына назар аударып, ондағы мәтіндердің мәнін анықтап, оқып, транскрипциясын жасайды, мағынасын қазақшалайды, жанрын анықтайды. Солайша, «Орхон ескеткіштерінің мәтіндері» (VII ғасыр), «Күлтегін» (үлкен жазу), «Тоныкөк» жырларының қазақша мәтіндерін оқырман назарына ұсына отырып, автор қазақ әдебиетінің арғы тегі қайда жатқанына қарапайым оқырманнан бастап, маман ғалымдарға дейін ежелгі жазулардың кейінгі дәуірлердегі қазақ эпостарымен үндесетінін көрсетіп берді. Бұл орайда ғалымның «Орхон» жырымен қазақтың «Алпамыс» дастанын салыстырғаны назар аударарлық.
Қарап көрейік:
«Тағы бір ерекше айта кететін нәрсе – «Орхон», «Алпамыс» жырларында жеті санының жиі қайталануы жайлы. Бірнеше мысал келтірейік.
- Әкем қаған он жеті ер ертіпті.
- Жиылып жетпіс ер бопты.
- Қосыны жеті жүз ер бопты.
- Қырық жеті рет аттанды,
Жиырма шайқас жасады.
- Әкем өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды.
- Күлтегін қой жылы он жетінші күні дүниеден ұшты.
Тоғызыншы айдың
жиырма жетісінде жерледік.
Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын мешін жылы
жетінші айдың жиырма жетісінде тегіс аяқтадық.
Күлтегін өлгенде
қырық жеті жаста еді.
«Алпамыста»:
- Жеті жыл жаттым мен деймін,
Жеті мың қалмақ өлтірмей,
Сірә да кезек бермеймін.
- Жеті жылдың ішінде,
Көрінбеді кісіге.
3.Енділігі жеті кез,
Темір үйді салдырды.
- Жеті күн мен жеті түн
Қолыма менің бер деді.
- Отырған орны жер болып
Жеті күн ұдай түнеді.
...Бізді қызықтыратыны VIII ғасыр мұрасы – «Күлтегін» мен «Алпамыс» эпосында өсімтал (7-701-700-7000) жұмбақ жеті санның жиі қайталануы.
Мұның өзі бір жағынан «Алпамыстың» көнелігін дәлелдесе, екінші жағынан «Алпамыс» пен Орхон жырларының шыққан уақытының жалғас, іргелес екендігін тағы да растайды». (Ұлы дала әдебиеті, Астана – 2018 жыл, 1983-1984 жыл, 183-184-беттер).
Қазақ халық эпостарының арғы түркі жазба ескерткіштеріндегі мәтіндермен үндес екендігін талдап көрсету арқылы ғалым әдеби мәтіндер ұқсастығына мән бере отырып, оның тарихи тамырластығына назар аударады.
Иә, келтірілген шағын мысалдан-ақ үлкен ой түюге болады. Демек, он төрт ғасырдай уақыт бойы осынау сайын далада бір халықтың ұрпақтары өмір сүріп келеді. Анау VII ғасырдағы тасқа қашалған бабалардың ерлігі туралы жыр одан кейінгі дәуірлерде де желісін үзбей, кейінгі эпостарға алтын арқау болып, Ұлы даланың ерлік салтын ұмыттырмаған, дәріптеген.
Түркі қағанатының тарихы мен қағандарының, батырларының ерлігін тастағы жазудан оқып, оны «Ұлы дала жыры» деп таныған Мырзатай Жолдасбеков көркем жырлардың сабақтастығын одан кейінгі дәуірде туып, қағазға түскен, яғни 8 ғасырға тиесілі «Қорқыт» жыры мен 10 ғасырға жататын «Оғызнама» арқылы көрсетіп, ұлы жыраулық өнердің соңғы биігі Жамбыл Жабаевпен түйіндейді.
Он төрт ғасырға жуық уақытта елдік пен ерлікті талмай жырлаған ғаламат әдебиетке «Ұлы дала әдебиеті» деген ат берген ғалым Мырзатай Жолдасбековтің бұл ізденісі – жарты ғасырға жуық ғылым майданында төгілген тердің нәтижесі.
Жаңа ғасырдың бас кезінде тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығы тұсында елімізде «Байырғы түрк өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халықаралық конференция өткізіліп, соған орай Моңғол даласындағы Күлтегін ескерткішінің жапондық шеберлер жасаған көшірмесінің Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдына орнатылуы (2001 жыл, 18 мамыр күні) шын мәнінде қазақ халқының Ұлы даланың иесі, сол далада жасалған рухани-мәдени құндылықтардың мұрагері екенін дәлелдеген-ді. Міне, осы бір күллі елдің мерейін арттырар істің бас-қасында жүрген Мырзатай Жолдасбеков аталған шара туралы: «Бұл алқалы басқосу – парасат пен пайымның, елдік идеяның тұтқалы нысанасы болды. Осы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның нәтижесіне әлемдік түркология ғылымының көрнекті өкілдері сол мезетте жоғары бағасын берген болатын.
...Бұл Ұлы дала әдебиетінің тастағы сөздеріне қайта жаңғыра тіл бітіп, тәуелсіз еліміздің Астанасынан күллі әлемге үн қатқан, дүниежүзінің түркология ілімінің ғұламалары ғасырлар бойы толғатқан ақыл-ой қазынасының асыл дәні қауыз жарған ақжарылқап мезгіл деп адамзатқа жар салуға болатын, кісілік келбетімізге, ар-намыс пен рухымызға түбегейлі бетбұрыс жасалған ғасырларға татитын жарқын мезет, ұлы мақтаныш еді», − деп толғанады. Оған оның толық хақысы бар еді. Себебі ұлт тарихында өшпес туынды жарата алған ғалымның еңбегі мақтаныш етуге лайық.
Замандар өтер, дәуірлер алмасып, қоғам өзгерер. Бірақ Мырзатай Жолдасбековтің қаламынан туған «Ұлы дала әдебиеті» атты туынды уақыт сынына төтеп беріп, ұлт игілігі үшін қызмет ете берері анық. Ал ондай туынды әрдайым ұлттың мерейін көтереді.