19 Қыркүйек, 10:41 615 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Ұлы ұстазға зиярат

Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұлы ғұламалардың бірегейі, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына әзірлік барысында қазақстандық арнайы делегация Сирияның Дамаск қаласына іссапармен барды.

Бұл іссапар көптен бері жоспарланып, Қазақстан Республикасының Ливандағы Елшілігінің және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісінің қолдауымен жүзеге асты.

Іссапардың мақсаты ұлы бабамызды зиярат етіп, жатқан жеріне Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі»  құрылысының жай-күйімен жақыннан танысу, 2020 жылы ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фара­би­дің 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын ұйымдастыру.

Сапар аясында қазақстандық делегация Дамаск қаласы әкімінің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмасты.

Іссапар кезінде қазақстандық делегация Дамаск университетінің ректоры профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездесті. Екі университет басшысы өзара диалог барысында қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. Іссапар аясында қазақстандық делегация Сирияның халықаралық академиясында дөңгелек үстел өткізді. Онда ұлы ойшыл Әбу Насыр   әл-Фараби бабамыздың өмірі мен шығармашылығы, философиялық ой-толғамдары, әсіресе «Қайырымды қала құру» туралы айтқан ой-пікірлері кеңінен талқыға салынды. Жиын соңында халықаралық академияның дөңгелек үстел өтіп отырған үлкен залы бұдан бұлай «әл-Фараби» атындағы үлкен зал деп аталуына шешім шығарылды.

Делегация құрамындағы түсірілім тобы Дамаск қаласындағы «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимаратында, Сұлтан Бейбарыс бабамыздың басында және тағы басқа көне Дамаск көріністерін, тарихи-мәдени орындарды таспаға түсіріп, әл-Фараби бабамыз бен Сұлтан Бейбарыс бабамызға қатысты фильмге қажетті мол видеоматериалдар жинақтады.

 

Соңғы жаңалықтар