17 Қыркүйек, 16:47 483 0 Өнер Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Бибігүл Төлегенова вокалистерінің байқауы басталды

Қазақтың бұлбұл әншісі  Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық Х байқауы басталды. Бұл шара тәуелсіз Қазақстан жас әншілерінің биік талғамын, өнерге деген терең түсінігін қалыптастыруды мақсат етеді. Ән сайысы жаңа таланттардың есімін анықтап, қазақ классикалық өнерін асқақтады әрі жастардың рухани кемелденуіне көмектеседі.

Бұл байқауда әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Ресей, Қытай, Украина, Болгария, Тәжікстан, Әзербайжан, Моңғолия, т.б. елдерден және еліміздің барлық аймағынан опера саласының 50 шақты өнерпазы бас қосады. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық байқауы тек қана өнер сайысы емес, бұл Алматы қаласы мен қонақтары асыға күтетін ән мерекесіне айналғалы қашан.

Байқаудың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов министр Ақтоты  Райымқұлованың құттықтау сөзін оқып берді. «Бұл мерекенің біздің мемлекетте өтетіні үлкен қуаныш. Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы және ақыл-ой парасаты.  Қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын танытуғка бар саналы ғұмырын арнаған Бибігүл Төлегенованың еңбегі зор. Жас әншілердің шығармашылығын шыңдау мақсатында өткізіліп жатқан конкурс Талғат Мұсабаев, Наталья Music, Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин сияқты Қазақстанның дарынды жастардың өнерін ашты. Бұл күнде олар бүкіл әлемнің сахналарында Қазақстанның вокалдық өнерін халықаралық деңгейде көрсетіп жүр» делінген онда.

Ал осы байқаудың басты себепшісі Бибігүл Төлегенова: «Бұл байқаудың өтуі – еліміз үшін абырой. Мақсат - жас буынды рухани тұрғыдан дамытып, әр халықтың классикалық өнерін паш ету. Мерейтойлық байқауға 50-ден астам үміткер келді. Негізінен қатысушылар 17-22 жас аралығындағы жастар. Олардың өнерге деген жолын ашып, бағын жағамыз» деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

16-26 қыркүйек арасында өтетін байқау іріктеу және ақтық кезеңнен тұрады. Барлық тыңдалым ел алдында өтеді. Әншілердің сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталады. Ал соңғы ақтық кезеңде 14 қатысушы бақ сынап, сайысқа түседі. Әр қатысушы өзінің өнері жайында шығармашылық өкілдерінің пікірін біле алады. Бұл өнер мерекесі әлемдік сахнаға табаны тиетін жаңа есімдердің атын танытады.

Халықаралық байқау қатысушыларының өнері мен талантын беделді әрі кәсіби білікті мамандардан құралған әділқазылар бағалайды. Олардың қатарында өнер саласының майталмандары: Петр Шереметьев, Михаил Мунтиан, Тамара Новиченко, Дамир Басыровтар бар. Ал төрағасы - қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова.

Байқауды Мәдениет және спорт министрлігі "Мирас" ұлттық қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастыруда. Бас серіктес - "Самұрық-Қазына" АҚ.

Соңғы жаңалықтар