12 Қыркүйек, 10:48 273 0 Әдебиет Túrkіstan International Political Weekly

Алыптарды ардақтау

Газетіміздің 29 тамыз күнгі №34 санында «Не істеуіміз керек?!» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын.  Мақала авторы «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясына қатысып, Абай Құнан­бай­ұлы­ның өмір тарихына қатысты өлкені аралаған. Сол сапары барысында Ұлы ақынның мәңгілік тыным тапқан мекеніне жетудегі жолдың қиындығы мен атқарылуға тиісті бірнеше мәсе­лені атап өтеді. Осы олқы­лық­тар Абайдың 175 жылдығы аясында қолға алынса деп ұсыныс айтылады. Енді міне жуықта ғана Елордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты Мемлекеттік комис­сия­ның алғашқы отырысы өтіп, аталмыш мақалада ұсынылған бірнеше мәселенің оңынан шеші­луі­не ықпал ететін шешім шық­қан­дығын қуана хабарлаймыз. 

Ақордада Қазақстан Республи­ка­сы­ның Мемлекеттік хатшысы Марат Тә­жин­нің төр­аға­лы­ғымен Абай Құнан­бай­ұлы­ның 175 жыл­дық ме­рей­тойын дай­ын­­дау және өткізу жө­нін­дегі Мемлекеттік комис­­сияның отырысы өтті.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масының маңызды бағыты ұлт­тың «мәдени кодын» сақтау болып табылады, бұл орайда, мерейтойлық іс-шаралар Абайдың рухани мұрасын сақтауға, зерделеуге және наси­хат­тауға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті.

Отырыста сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетов, Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен Аймағамбетов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының ат­қа­рушы директоры Рауан Кенжеханұлы  жос­парланған іс-шаралар мен жобалар туралы баяндады.

Абай шығармалары шетелдердің іргелі тілдеріне  (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және италиян) аударылып, шығарылады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаға әртүрлі ел­дерден үздік кәсіби аудармашылар және Қазақ­станның жетекші абайтанушылары қаты­сат­ынын айтты. Абай еңбектерінің халық­аралық таныстырылымын Қазақстанның елшіліктерінде, шет елдердегі оқу орындарда, зерттеу және мәдени орта­лық­тарда өткізу жоспарлануда.

Халықаралық Түркі академиясы да Абай ең­бек­терін түркі халықтарының тілдеріне аударып, шығаруды жоспарлап отыр.

Ұлы ақынның өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғы ту­ралы деректі фильмдер түсіріледі. Мә­дениет және спорт министрлігі «Тәуел­сіз­дік толғауы» және «Елім менің» респуб­ли­­калық шығар­ма­шы­лық конкурстары шең­­берінде мерейтойға арналған жаңа көркем, поэтикалық, музыкалық және түрлі жанрлардағы шығармаларды жазуға оннан астам номинация тағайындады.

ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Қа­зақ­стан­ның үздік шығармашылық ұжымда­ры­ның Гала-концерті және танымал абайтанушы ғалым­дар­дың қатысуымен халық­ара­лық ғылыми-прак­ти­калық конференция өтеді. Мерейтойға арнал­ған халықаралық конференция елордада өтеді. Мә­де­ниет және спорт министрлігі және әкімдік­тер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бо­йы­н­­ша театрландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар, кітап көрмелерін, шығар­ма­шылық конкурстар мен фестивальдер, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарлап отыр. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Абай» операсы қойылымының Түркия, Ресей және Қытайға гастрольдері жоспар­ланған.

Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өт­кен­дей, еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өте­ді. Абай шығармашылығын үздік білуге ар­налған оқушылар арасындағы жалпыреспу­б­ликалық олимпиаданың же­ңім­­паздары мен лауреаттарына Гумилев атын­дағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайын­далатын болады. Олар елордада өтетін «Абай Балы» салтанатына қатысады.

Мұғалімдер мен оқытушылар арасында Абай шығармашылығын оқытудың үздік әдістемесі бойынша да конкурстар өтеді.

Сондай-ақ еліміздің барлық жоғары оқу орындарында ұлы ойшылдың мұраларын жас­тар арасында насихаттауға бағытталған конференциялар мен симпозиумдар, поэти­ка­лық және әдеби фестивальдар, поэзия кештері фор­ма­тындағы «Абай оқулары», Абай шығармаларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша конкурстар, флеш-мобтар, челлендж­дер және басқа да әртүрлі форматтағы көп­теген іс-шаралар жоспарланған.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сы­дықов ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнін­дегі ұсы­ныстары бойынша сөз сөйледі.

Абай мұрасын жүйелеу және жаңаша сапалы ғылыми зерделеу мақсатында Гумилев атындағы ЕҰУ базасында «Абай академиясын» ашу, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемін ұлғайту қарас­тырылған.

Алдағы жылы Абайдың шығармашылық мұрасы және мерейтойлық тақырып елі­міз­дің жетекші бұқаралық ақпарат құрал­да­рының медиа жобаларында, интернетте және әлеуметтік желілерде айрықша орын алуы керек. Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен және бүгінде жаһандық сипатқа ие болған #МенАбайдыоқи­мын челленджі әлеуметтік желілерде ойдағыдай жалғасын табуда.

Ойшылдың мұраларын цифрлау және элек­трондық форматқа көшіру шеңберінде «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы (www.abaialemi.kz) жаңғыртылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев атап өткендей, масс-медиада және интернет желісінде кең түрде тарату арқылы ұлы ақынның өмірі мен шығар­ма­шылығы туралы бірнеше телевизиялық және радио­бағ­дар­ламалардың, арнайы ха­бар­лардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарлануда.

Осыған орай, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне Абай­дың 175 жылдық тақырыбын мемлекеттік ақпараттық саясаттың міндетті та­қы­рыптық тізілімге енгізуді және бұл жұмысқа республиканың және өңірлердің ең танымал БАҚ-тарын тартуды тапсырды. Сондай-ақ АҚДМ және әкімдерге 2020 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тап­сы­рыс­тар арқылы шығармашылық одақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұлы ақынның мұрасын насихаттау жөнін­дегі жобаларына кең түрде қолдау көрсетуді тапсырды.

Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені мен Абайдың музей үйін, «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын реставрациялау жоспарланған.

Сонымен қатар, отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов атап көрсеткендей, облыстың күшімен Ақшо­қы­дағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылып, жөнделеді және Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комиссияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер са­ласындағы мемлекеттік сыйлықты Абай атын­дағы мемлекеттік сыйлық деп өзгерту; Қазақ­станның елшілік­терінің базасында «Абай орталықтарын» құру.

Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жө­ніндегі жал­пыреспубликалық жоспардың жо­басын Мем­­лекеттік комиссияның қарауына 2019 жыл­дың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.

Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фа­ра­бидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның да отырысын өткізді.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қа­ласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады, – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы отырыстың ашылуында.

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ға­лым Мұтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орын­басары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой аясында жоспарланған жобалары туралы баяндады.

Мерейтой шеңберінде Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқылы фа­рабита­ну­шы­лардың халықаралық орталы­ғын құру жоспарлануда. «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты ха­лық­аралық ірі ғы­лыми конференцияға дайын­дық басталды. Ұлы ұстаздың еңбектері ау­дарылып, жарыққа шығарылады, деректі фильм­дер мен телерадио бағдарламалар түсі­ріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқы­мыз­дың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағыт­талған конференциялар, симпозиумдер және басқа да көптеген білім, мәдени акциялар өтеді.

Б.Балықбай

 

Соңғы жаңалықтар