9 Қыркүйек, 18:15 185 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

Бақыт Сұлтанов жосықсыз импортпен күрес шаралары туралы айтып берді

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экспортты дамыту және қазақстандық өнім сапасын арттыру тұрғысынан ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру туралы айтып берді.  

Министр Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев қазақстандық өнім сапасын арттырудың маңыздылығына бірнеше мәрте тоқталып өткенін айтты. Отандық өндірушілерге өз өнімдерінің сапасын жақсартуға ұмтылуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс.

«Шетелдік баламасына қарағанда сапасы нашар және қымбат өнімді сатып ала алмаймыз. Бұл мақсат қазақстандық экономиканы дамыту жөніндегі жоспарларда түйінді болуда, олар Президенттің сайлауалды бағдарламасында және жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да аталып өтті. Сондықтан біз техникалық реттеу саласына екпін жасап отырмыз», — деді сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов.

Сауда және интеграция министрі ҚР техникалық талаптары бойынша сапасын дәлелдемеген тауарларды елімізге әкелуге тыйым салуды ұсынды. Мәселен, шартты шығару рәсімі енгізілді — тауар 2 ай ішінде кедендік ресімдеуге, сынақтан өтуге және сәйкестік сертификатын алуға міндетті. Соның нәтижесінде импорттық өнімнің жиі сертификаттау рәсімінен қашқақтап, қазақстандық нарықта «жайылып кететіні» байқалды.

«Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі шартты шығару рәсімін жоюды ұсынады. Техникалық реттеу жүйесі дистрибьюторларға, алып сатарларға сапасыз тауарларды әкеліп, нарықта “сұр” сертификаттарды сатып алуға кедергі келтіретін болады деп болжануда», — деді министр.

Б. Сұлтанов Министрлік осы нарықты жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, түрлі құралдар қолданылатын болады: заманауи және заңнамалық деңгейде.

Бұған қоса, Б. Сұлтанов «сұр» сертификаттарды және бұрмаланған құжаттарды беруді анықтау бойынша Ұлттық аккредитация орталығы жұмысын бастағанын айтты.

«Біз адал кәсіпкерлерді бірігіп, бізбен бірлесіп, осындай алаяқтық схемалардан ішкі нарықты қорғауға шақырамыз», — деді министр.

Сонымен қатар, министр мұндай «импорттық қоқысқа» тосқауыл қоюды және алдын ала сынақтарсыз өнімді Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салуды ұсынатынын жеткізді. Яғни импорттаушы Қазақстан нарығына қойғысы келетін тауардың сапасын, оның ҚР техникалқ талаптарына сәйкестігін алдын ала растап, кейін оның шекарадан өтуіне құқық алғаны дұрыс болады.

Б. Сұлтанов тиісті инфрақұрылым құрылатынын айтты: Қазақстанда да, шетелде де зертханалар, аккредитация орталықтары құрылады, ол арқылы адал жеткізушілердің тауарлары еш кедергісіз барлық бақылау-қадағалау органдарынан өтіп, түпкілікті сатып алушыларға қолжетімді боларлықтай сөрелерге қойылады. Зертханалық базаны дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көлеңкелі айналымға және контрафактіге қарсы іс-қимылдың пәрменді құралдарының бірі — тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу.

«Кейбір кәсіпкерлер өздеріне қосымша жүктеме жүктеледі деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Біз жүктемесі барынша аз жүйе құрғымыз келеді, дегенмен жүйе бизнеске контрафактілік өнімнен қосымша қорғайтын және нарықта бәсекені қорғау жүйесін құруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Қазір таңбалау бойынша пилоттық жобалар темекі мен алкоголь өнімдерінде, аяқ қиімде, дәрі-дәрмек заттарында қолданылады. Өткен жылы тондарды таңбалау бойынша пилоттық жоба іске асырылды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтері бойынша, пилоттық жобалар нарықтағы өнім сапасы мен бәсекелестігіне осы тетіктің оң ықпалын көрсетті. Б. Сұлтанов таңбалау тетігін енгізуден Қазақстанның эконмикасына оң мультипликативті тиімділік күтіліп отырғанын айтты.

Сонымен қатар, сапа стандарттары халықаралық талаптарға сәйкес қайта қаралуда.

«Бүгінгі күні техникалық реттеу – бұл Қазақстанда қарапайым заттар экономикасын қолдаудың тексерістен өткен пәрменді құралдарының бірі. Іс жүзінде жосықсыз импорттан бөгейтін, протекционистік шара», — деп нақтылады Б. Сұлтанов.

Стандарттарды қайта қарау біздің өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға және қазақстандық таурларды сыртқы нарықтарға еркін шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, егер отандық жиһаздың стандарты еуропалық стандартқа сәйкес келетін болса, онда осы қазақстандық орындық, үстел немесе кресло Еуропа елдерінің нарығына қол жеткізетін болады. Яғни сапасы бойынша олар бірдей болады, тек бағасы бойынша ғана бәсекелес болады.

Сонымен қатар, жоғары стандарт бойынша жасалған сапалы өнім трансұлттық сауда желілері арқылы сатыла алады.

Соңғы жаңалықтар