Елордада қаламгерлер аллеясы ашылады

Елордада қаламгерлер аллеясы ашылады

Елордада қаламгерлер аллеясы ашылады
ашық дереккөзі
Елордадағы Абай көшесінің бойында қаламгерлер аллеясы ашылады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде осындай жағымды жаңалықты жеткізді. «Азия қаламгерлерінің форумына елге белгілі ақын-жазушыларымыздың барлығы қатысып жатқанын пайдаланып, өздеріңізбен елдік мәселелер бойынша пікір алмассақ деп кездесіп отырмыз. Форумға мемлекет басшысының өзі қатысып, құрлық жазушыларының арасында «Азия алыбы» атты әдеби сыйлықты тағайындау жөнінде, Азия қаламгерлерінің ортақ кітапханасын ашу туралы ұсыныстар айтты. Оны сіздер де қолдайды деп ойлаймыз», - деп бастаған Вице-Премьер елорда төрінен қаламгерлер аллеясы ашылатынын айтты.  «Нұр-Сұлтан қаласында жазушылар одағының орталық филиалын ашу жоспарланып отыр. Қазір халық пен билік арасындағы диалогқа көп көңіл бөлініп отыр. Кино туралы заң қабылданғанын білесіздер. Тағы бір мәселе – қазақ әдебиетінің жауһарларын басқа тілдерге аудару. Ұлттық аударма бюросының жұмыс істеп тұрғанынан хабардар шығарсыздар. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары БҰҰ-ның тіліне аударылатынын да естіп отырсыздар. Әлеуметтік желіден көріп отырсыздар. Қазір бәрімізді толғандырып жүрген ең үлкен мәселе – ұлттық құндылықтарымыз, тәрбие, отбасы мәселесі. Соңғы кезде көп көтеріліп жүрген мәселе – еңбекке баулу. Бәрімізді әке-шешеміз еңбекке тәрбиеледі. Масылдық деген белең алып бара жатқан сияқты. Масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек. Осы  тұрғыда айтар ойларыңыз болса, ескерілсін деп Ақпарат және қоғамдық даму министрін, Білім және ғылым министрін, Мәдениет және спорт министрінің орынбасарын алдарыңызға алып келдік», - деді Бердібек Сапарбаев. Аталмыш кездесу аясында шығармашыл зиялы қауымның Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа жолдауын іске асырудағы рөлі тақырыбы талқыланды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, тілтанушы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, жазушы драматург Дулат Исабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік, «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ақын Есенғали Раушанов пен Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сияқты танымал әдебиет өкілдері қатысты. Кездесуде зиялы қауым өкілдері елдің әлеуметтік ахуалы мен саяси реформалар туралы сөз қозғады.