АҚЫН ЖАРЫМЕН ҚОШТАСУ...

АҚЫН ЖАРЫМЕН ҚОШТАСУ...

АҚЫН ЖАРЫМЕН ҚОШТАСУ...
ашық дереккөзі
«... Бар ғой, алғашқы өлеңдері, маған жазған хаттары түгел сақтаулы. Бірақ оны жариялауға бере бермеймін, өзім де естелік-сыр жазсам ба деген ойым бар, денсаулық көтеріп шамам келсе, – деді ол кісі көзіне жас алып. Мен одан сайын қызыға түстім. Екі сағатқа созылған қызықты әңгімеден кейін ғана ақын жары келіскен сыңай танытты...» Бұдан жиырма жыл бұрын жыр сүйер қауымға есімі етене таныс Жұ­ме­кен ақын Нәжімеденовтің жары Нәсіп апаймен болған сұхбат осылай басталыпты. Еш жерде жарияланбаған ақынның алғашқы ғашықтық хаттары сол кезде газет оқырмандарына жол тартқан еді.  width= Содан бастап ақын жа­ры Нәсіп Мұстаққызымен жақсы бір сыйластық ор­нағандай, жиі кездесіп, ол кісінің жүрегіндегі қаншама сыр-мұңын бірге тыңдап, сыр­ласа бастадық. Жақсылықтарда бас қостық. Ақынға арналып оқыл­ған құран-ас дастарқанында дәмдес болдық. Ашық-жарқын, мейірімді жаратылысы кейде тік, кірпияздау,  сырт қарағанда тәкаппарлау көрінетін жаны сұлу жан еді. Өткен уақытпен сөйлеп отырғанымыз жанымызға батса да, бір кездегі сырласқан сырлы кейіпкеріміздің артынан бірауыз жылы сөз айтуды парыз санадық. Ел­дің бәрін алаламай, іш тарта жүретін, қолындағы барын қазанына салып, көл-көсір дастарқан жасап, жақсылардың басын қосқанды жаны қалап тұратын жайдары Апамызды кешегі жексенбі күні мәңгілік мекеніне шығарып салдық... Қуанса балаша қуанатын, біреудің жүзіндегі көңілсіздікке көңілі алай-дүлей күй кешетін тағы бір мейірімді Апамыздың жүзін ендігі жерде тек сағына еске алатынымыз қабырғамызға, әрине, батты. Бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ». Тағдыр дегеніңіз ешкімге бағынбайды, тек қана Жаратушының қолындағы тірлік, оған амалсыз болса да көнесіз. Көніп те келе жатырмыз. Қуана білетін дегеннен еске түсіп отырғаны, әсіресе, ақынның төл туындысы «Менің Қазақстаным» Әнұранға айналғанда жас балаша қуанғаны әлі көз алдымызда. Есі шығып, қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған Апамыз  «Сол күні күні бойы телефонда отырды», – дейді жанары жасқа толған қызы Әйкен еріксіз егіліп. Қалай қуанбасын, жүрегін жарып шыққан туындысы осындай жоғары мәртебеге ие болып жатса!? Сөйткен туынды, әлемге танымал сол туынды ақын жарын баяу тербетіп тал бесіктен жер бесігіне шығарып салды. Өйткені, жексенбі күні еліміздің барлық аймағында Алғашқы қоңырау соғылып, Әнұранымыз шырқалып жатты... Бұл да құдіреті күшті Жаратқанның сәтті сәйкестігі шығар. Нәсіп апамыз Нәжімеденкелінінің иманы жолдас болсын! Газет оқырмандары атынан балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ