Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов
ашық дереккөзі
Отандық сыртқы істер саясатына Төлеутай Сүлейменов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шақыртуымен келген. Бұл туралы Сүлейменов ақсақал өзінің кезекті бір сұхбаттарында баян етеді. «Нұрсұлтан Әбішұлынан шақыртуды 1991 жылы КСРО-ның Тегерандағы елшілігінде жұмыс істеп жүргенде алдым. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, елшілікке барып қала телефонымен тілдесеміз. Елбасы Мәскеуде екен. КСРО Сыртқы істер министрі Шеварднадземен сөйлесіп, лайықты үміткер ұсынуды өтініпті. Әрине, мен жалғыз емеспін. Санатта басқалар да болды. Екі іріктеуден кейін таңдау маған түскен», – деп еске алады сол кездерді Т.Сүлейменов. «Қазақстанды дүние жүзіне таныту керек» деген Елбасының сөзі­нен кейін іске бірден кірісіп, жұмыстың оңай болмайтынын да тілге тиек етеді. «Бірден білікті кадрлардың басын біріктіру және баспанамен қамтамасыз ету мәселесін төтесінен қойдым. Тоқаев, Ғизатов, Құрман­ғо­жин, Омаров, Дәненов, Нұрғалиев сын­ды қазақтың елдік мәселеге төсел­ген дипломат мамандарын шақыртып, Сыртқы істер министрлігінің негізгі құрамын жасақтадық», – деген Төлеу­тай Сүлейменов «елдік мәселенің ұса­ғы болмайды» деген ұстанымда болғанын да жасырмады. Егемен Қазақстанның тұңғыш Сырт­қы істер министрі болып қайсар қызмет еткен Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменов 1941 жылы Семей қала­сын­да дүниеге келген. Өзінің алыста қалған балалық шағын Төлеутай Сүлейменов «Алаш ардақтыларының та­баны тиген Семей қаласында туға­ны­ммен, сан тарау шойын жолы түйіскен Аягөзде ержеттім», – деп еске алады. 1967 жылы Қарағанды поли­тех­никалық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1959 жылы Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс­шы, цех шебері, кейіннен комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған Төлеутай Сүлейменов еш уақытта дипломат боламын деп ойламағанын айтады. Аталған комбинатта он жыл қызмет етеді. Кейіннен 1971 жылдан 1977 жылға дейін Теміртау қалалық атқару комитетінде жұмыс істейді.  width= Дипломатиялық қызметтегі ал­ғаш­қы қадамдары 1977 жылы бас­талды. Сол жылы КСРО Сыртқы істер ми­нис­трлігінің Дипломатия ака­демия­сының тыңдаушысы болып, 1980 жылдан 1981 жылға дейін КСРО СҚМ-нің Орта Шығыс елдері бө­лімінің бірінші хатшысы болады. 1981 жылдан 1985 жылға дейін Ауған­стандағы КСРО Бас өкілдігінің Мазари-Шариф қаласындағы консулы, ал 1985-1988 жылдар ара­лы­ғын­да КСРО СҚМ-нің Орта Шығыс елдері бөлі­мінің кеңесшісі, 1988-1991 жылдары Ирандағы КСРО елші­лі­гінің Кеңесшісі болады. Қазақстан Республиканың Сыртқы істер министрі болып 1991 жылы тағайын­да­лады. Ел егемендігін енді алып, елең-алаң шақта Сыртқы істер министрі лауазымына та­ғайын­­­дал­ған Тө­леу­тай Сүлейменов бас­тап­қы­да қиын болғандығын өз сұхбат­тарының бірінде айтқан еді. «Кеңес дәуірінде онда он шақты адам ғана жұмыс істеп, олардың қызметі кон­сул­дық виза берумен ғана шектелген. Одан басқа сыртқы саясат болған жоқ. Тәуелсіз ел атандық. Енді аз адаммен жұмыс істеу мүмкін емес. Қаншама құжат­тар­ды дайындау қажет», – деген Төлеутай Ысқақұлы бұл кезеңде Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Әбішұлына жүгініп, КСРО Сыртқы істер министрлігінде және елшіліктерде қызмет істеген отандастарды елге шақыру туралы ұсыныс айтады. Елбасы келіскеннен кейін, елге сол тұстағы білікті дипломаттар Сәлім Құрманғожин, Қайыр Омаров, Вячеслав Ғизатовтар келіп, бір жыл ішінде министрлікке жеті жүзге жуық адам жұмысқа алынған. Тәуелсіз елдің алғашқы Сыртқы істер министрі атану жүгі ауыр қызмет болғанын еске жиі алатын Төлеутай Ыс­қақ­ұлы: «Ол менің өмірім. Жігерге толы жастық шағым. Табанымыз жерге тимей, күн-түн демей жұмыс істедік», – деп ағынан жарылады. Сыртқы істер ведомствасының бас­шысы лауазымын жемісті аяқ­тағаннан кейін де Төлеутай Сүлей­мен­ов дипломатия саласындағы қызметін әрі қарай табысты жалғап кете берді. 1994 жылдан бастап елшілік қызметте болып, 1994-1996 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы, 1996-2001 жылдары Венгриядағы, 2001-2003 жылдары Бельгиядағы, 2003 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Люксембург, Голландиядағы, 2003-2005 жылдары Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі болды. 2003 жылдан бастап Төлеутай Ысқақұлы Қазақстанның Солтүстік Атлантика шарты ұйымындағы өкілдігінде атқарушы басшы қызметін атқарды. Ал 2005 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры лауазымына тағайындалды. Иә, Төлеутай Сүлейменов тәуел­сіз Қазақстанның дипломатиясын табысты қалыптастырған, сыртқы саясатта жемісті қызмет етті. Әрі еге­мен, топырағы бүтін Қазақстан Республикасының алғашқы сыртқы істер министрі болып тарихта қал­ды. Өлшеусіз еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен, Ауғанстанның «Даңқ» орденімен, «ҚР дипломатиялық қыз­ме­тінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағымен және бірнеше медальдармен марапатталды. Төлеутай Сүлейменовтің бір сұх­батында «Дипломат болып тумайды, дипломат болып қалып­та­са­ды» деген орыс халқының сөзі бар деп айт­қаны бар. Ақиқатында өмір жолы бұралаң ғой. Қарапайым цех қызметкерінен сыртқы істер министрі лауазымына дейін көтерілген қазақ жігітінің қайсарлығы, жан жақты білімділігі мен елі үшін адал берілген көңілі оны шыңға көтеріп, қазақ дипломатиясының шырағы сөнбес жұлдызы етті.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ