Сәт Тоқпақбаев

Сәт Тоқпақбаев

Сәт Тоқпақбаев
ашық дереккөзі
Биыл қыркүйек айында генерал-полковник Сәт Бесімбай­ұлы Тоқпақбаев 80 жасқа келеді. Оның барлық саналы өмірі еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеуге жұмсалды. Ол еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы, ҚР Президентінің Күзет қызметінің бастығы, Республикалық гвардияның Қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрі, ҚР Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі және Парламент депутаты қызметтерін атқарды.  Сәт Бесімбайұлы жоғарыда аталған «күштік құрылымдар»  қатарына жататын, елдің қорғанысы мен қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін төрт бірдей әскери санаттағы мемлекеттік органдардың егемен еліміздің мүддесі мен талаптарына сәйкес жаңадан құрылуына және  қалыптасуына  басшылық жасап, олардың тарихында өшпес із қалдырған, өмірдің қатал сындарынан аман өтіп, қызметі бағаланып  генерал-полковник дәрежесіне жеткен  ұлтжанды азамат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  ұлттың, мемлекеттің және Президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «күштік құрылымдардың» тізгінін кезекпен бір адамға ғана ұстату ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың С.Тоқпақбаевқа деген шексіз саяси сенімін ғана  көрсетіп қоймайды, онымен қоса оның қолбасшылық, кәсіби, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мен адами қасиетін  өте жоғары  бағалағанын білдіреді. Мен Сәт Бесімбайұлын бір адамдай білем деп айта аламын. Өйткені, ол кісімен көп жылдар бойы қауіпсіздік саласында қызметтес болдық, 2007 жылы Парламентке депутат болып сайланып, бес жылға жуық  қоян-қолтық араласып, Мәжілістің Қорғаныс, қауіпсіздік және халықаралық істер жөніндегі комитетінде бірге жұмыс істедік. Әлі есімде, 1994 жылдың басында Сәт Бесімбайұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Оның алдында ғана  бұл мекеме бұрынғы  Мемлекеттік  Қауіпсіздік Комитеті ( КГБ) деген аттан Ұлттық  Қауіпсіздік Комитеті (ҰҚК) деген атқа өзгертіліп, қайта құрылған. [caption id="attachment_85338" align="alignnone" width="1040"] width= Ленгір қаласында[/caption] Сондықтан жаңадан құрылған арнау­лы орган (ҰҚК) мен оның жаңа басшы­сының алдында өте жауапты міндеттер тұрған еді. Олар – егемендікке енді ғана қол жеткізген елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, бұрынғы қауіпсіздік саласындағы  қолданылған коммунистік заңдар мен қағидалардан, ережелер мен бұйрықтардан біржолата арылтып, оларға мүлде  жаңа бағытта, тәуелсіз еліміздің жаңадан қабылданған заңдарына сәйкес жүргізуге қажетті бұйрықтар мен ережелерді қайта жасап, оларды үйрету, жаңа кадрларды дайындау, көрші елдер мен әлемдегі алпауыт мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен әріптестік орнату болатын. Бұл міндеттердің абыроймен орындалғаны бәрімізге белгілі. Сәт Бесімбай­ұлының тікелей басшылығымен жасалған ҰҚК жұмыстарын ұйымдастыруға қажетті арнаулы құжаттардың (бұйрықтар мен ережелердің) негізгі талаптарының көбісі әлі күнге дейін қолданыста жүр. Оның шешімімен құрылған ҰҚК Академиясы болса,  тәуелсіздік жылдары мыңдаған жаңа кадрларды дайындап шығарып, еліміздің белді оқу орындарының біріне айналды. Ал кезінде Сәт Бесімбай­ұлының АҚШ, Ресей, Қытай, Германия арнаулы органдарымен орнатылған әріптестік қарым-қатынастар қазіргі кезде жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге елеулі ықпал етуде. Сәт Бесімбайұлының тікелей араласуымен, ҰҚК 60 жыл бойына жабулы келген мұрағатына Манаш Қозыбаев, Евгений  Жовтис  және тағы басқа «Әділет», «Мемориал» атты қоғамның мүшелері кіргізіліп, олар 1996 жылы «Азалы кітап» атты сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісілер туралы жазылған жинақ шығарып, оларды ақтау жұмыстары жүргізілді. Тәуелсіздікке дейін Президенттің қауіпсіздігімен бірнеше адамнан ғана тұратын КГБ-нің бөлімі айналысатын. Кейіннен Президенттің күзет қызметі  мен Республикалық Ұлан әскери жасағы құрылды. 1995 жылдың қарашасында Сәт Бесімбай­ұлы осы екі құрылымға да басшы болып тағайындалды. Көп ұзамай  бұл құрылымдар Алматыдан Ақмолаға көшіп келді. Мен ол кезде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасының бастығы болатынмын. Сол кезден бастап Сәт Бесімбайұлымен күнделікті кездесіп, оның сол кездерде атқарған қызметтерінің қыр-сырына қанық болдым. Ол кісі Президенттің күзет қызметін қайта құрды, оның арнайы Жарғысын жазып, Ережесін бекітті. Алыстағы АҚШ-пен тәжірибе алмасып, мемлекеттің бірінші мәртебелі адамын күзететін, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, тыныш әрі  қалыпты тұрғыда мүлтіксіз қызмет етуіне жағдай жа­сайтын,  кездейсоқ оқиғалардан сақтандырып, оларды алдын ала болжап және біліп отыратын іргелі құрылымға айналдырды. 1997 жылғы наурызда Президенттің арнайы жарлығымен Сәт Бесімбайұлы ҚР Ұлан әскери жасағының қолбасшысы болып тағайындалды. Бұған дейін елімізде Президентке тікелей бағынатын, қарулы күштердің құрамына кірмейтін, мемлекетіміздің басты рәміздерін қорғайтын, Президент пен басқа да жоғары лауазымды басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, мемлекеттік дәстүрлі рәсімдерді орындайтын, өте маңызды болып табылатын мемлекеттік ғимараттарды күзететін, әскери қақтығыстар болған жағдайда Қазақстан Қарулы күштерімен бірге елдің намысы мен тәуелсіздігін қорғайтын Республикалық Ұлан деген арнаулы әскери   құрылым болмаған. Сондықтан Сәт Бесімбайұлы гвардиялық құрылымның әліппесі болып саналатын жалпы ережесін өзі жазып, осы күнгі Ұлан туралы қолданыстағы заңды қабылдауға ат салысты. Тіпті, сарбаздардың киім үлгісі, қару-жарағы, іше­тін тамағы, демалатын орны қандай болу керек деген мәселелерге дейін өзі тікелей араласты. Жас мемлекеттің айбынын асқақтататын, қарулы  жасақтың рухын кө­теретін, дүниежүзіндегі барлық елдер­дің гимндерін орындай алатын Президент оркестрін құрды. Ол оркестрге қа­зіргі кезде аттары елге кеңінен танымал Айман Мұсақожаева, Бекболат Тілеухан және де басқа дарынды өнер адамдары шақырылды. 1997 жылы ҚР Президентінің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру  туралы Жарлығына  сәйкес Сәт Бесімбайұлы мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба мен Президенттің Штандартын жаңа Елордаға жеткізді. Сол сәттен бастап Отанымыздың көк Туы Сарыарқаның төрінде желбіреді, Елбасымыз қазіргі кезде әлем жұрты таныған астанамыз Нұр-Сұлтанды салуға кірісті. Менің  ойымша, Сәт Бесімбайұлы өмірінің ең бір қызық та ерекше шағы оның Қорғаныс министрлігінде қызмет істеген кездеріне байланысты. Ол уақытта еліміздің экономикасы, халықтың тұрмыс-жағдайы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда ауыр еді. Ал Қарулы күштердің ахуалы тәуелсіздік алғанымызға 7-8 жыл болса да адам айтса нанғысыз халде-тұғын. Әскерлердің жалақысы  өте төмен еді. Олар Кеңес үкіметі кезіндегідей Қазақстанның тек солтүстік-шығысында шоғырланған болатын. Ұшақтар ұшпайтын,  танктердің  барлығы тоқтап тұрған. Артиллерия да сондай жағдайда, гарнизондағы әскери обьектілер мен әскерлер тұратын тұрғын үйлер мен казармалар жылусыз қалған. Ал екі жылға шақырылған және ескі-құсқы киінген, ішкен ас-сулары мардымсыз солдаттар ешқандай оқу-жаттығудан өтпей, бір рет те оқ атпай, үйлеріне қайтатын. Ал Қорғаныс министрі болса жалға алынған ескі автокөлікпен жүретін. Мұның басты себебі- жаңа үлгідегі  қару-жарақты, оқ-дәріні, көлік пен жанар-жағармайды, әскери форманы сатып алуға қаржы болмаған. Осы туралы Сәт Бесімбайұлы Президент жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Елбасыға баяндап, соның нәтижесінде сол кезден бастап  Қарулы күштерге жалпы ішкі өнімнің бір пайызын бөлу туралы шешім қабылданды. Әскерлерді орналастыру үшін байтақ Қазақстанның стратегиялық маңызды өңірлерінде төрт округ (Орталық, Шығыс, Батыс және Оңтүстік) құрылды. Әскери Доктрина қабылданды, офицерлер мен сарбаздардың жалақысы көбейді, оқ-дәрілер мен керекті жабдықтар, көліктер сатып алынды, гарнизондарда жылу мен тамақ мәселесі шешілді. Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов атындағы Жас Ұлан мектебі ашылды. Жаңа Елордада бірінші рет әскери шеру өтті. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, бастапқы кезде жаңадан тағайындалған министрге  Генштабтың бастығы бастаған  генералитет ашық қарсы шықты,  олардың ұйымдастыруымен бүкіл министрліктің генералдары мен лауазым иелері Елбасының алдына шақырылып, онда Сәт Бесімбайұлы Қарулы күштердегі қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі толығымен баяндап, оның себептерін ашып, бұл мәселелерде әрбір генерал мен лауазым иелерінің рөлі мен олардың жауапкершілігін анықтап берді, екі генералды жұмыстан босату жайлы ұсыныс жасады. Бұл жиынға қатысқан адамдардың айтуынша, генералдардың біреуі де Сәт Бесімбайұлының айтқандары дұрыс емес деп айта алмады, сөз жарысқа шықпады. Мән-жайды түсінген Елбасы: «Сендер министрдің айтқанымен келісесіңдер ме?» – деп сұрапты. –  Иә, бұл кісінің айтқанымен келісеміз. Ондай қателік бізде болды, – деп жауап беріпті барлығы. Содан соң Генштабтың бастығы орнынан алынып, біраз кадрлық өзгерістер жүзеге асырылды. Осы қарсыластықтың салдары ма, жоқ па, ол жағы әлі күнге дейін белгісіз, Сәт Бесімбайұлы мен он бес шақты адам (оның үшеуі генерал, олардың ішінде Оңтүстік округтің қолбасшысы бар) мінген тікұшақ 2001 жылдың 19 қаңтарында қазіргі Түркістан облысындағы Ленгір қаласының маңайында апатқа ұшырап,  бір адам қайтыс болып, біраз кісілер ауыр жарақат алған болатын. Тексеріс кезінде мәлім болғаны, апатқа ұшыраған тікұшақ оның алдында ғана жекеменшік құрылымда жөндеуден өткізіліп, ешбір себепсіз бұрыннан ұшып жүрген тікұшақтың орнына қойылыпты. Сәт Бесімбайұлының  өмірінде  мұндай ашық және астыртын жасалған қарсылықтар, жала жабулар мен «домалақ» арыздар бұған дейін де, бұдан кейін де орын алған болатын. Сәкең солардың бәрінен сүрінбей өтіп, өзінің кіршіксіз ары мен абыройын сақтап қалды. Сонымен қатар, өзінің істеген істеріне адалдығын, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен талаптарына аса жауапкершілікпен қарайтынын, оларды орындауда табандылық пен қайсарлық жасап, алған бетінен қайтпайтынын, тәуекелшілдігін, қабылдаған шешімдері мен уәделеріне беріктігін көрсете білді. Сондықтан болар, Сәт Бесімбайұлының 2007 жылы «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұл жұмысты да ол кісі абыроймен атқара білді, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе алды, сандаған депутаттық сауалдар жасап, олар туралы керекті шешімдерді қабылдатқызды, өзінің мол тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін мемлекетіміздің Қарулы күштері мен қауіп­сіз­дігін нығайтуға қажетті заңдарды қабылдауға жұмсады. Мәжілістің Қорғаныс, қауіпсіздік пен халықаралық істер жөніндегі комитеттің мүшесі ретінде, халықаралық деңгейде елдің мүддесін қорғауға зор үлес қосты.   Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай қоғамдық жұмыстарға атсалысып, жастарды тәрбиелеуге көп көңіл бөлуде. Осы мақсатта «Жаным садаға» және «Честь имею» деген қазақ  және орыс тілдерінде ғұмырбаяндық кітаптар жазды. Сәт Бесімбайұлының тәрбиесін көріп, тәлімі мен батасын алғандар қатарынан еліміздің барлық дерлік қауіпсіздік пен құқық қорғау саласының басшылары, көптеген генералдар, департамент басшылары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Олар Сәкеңнің 80 жасқа шыққан мерейтойында өздерінің ұстазы туралы жүрекжарды тілектері мен алғыстарын мақтанышпен айтатындарына кә­міл сенемін.

Ержан Исақұлов,

Қазақстан Республикасының

Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері