Бүгін – ажал апанының ашылған һәм жабылған күні

Бүгін – ажал апанының ашылған һәм жабылған күні

Бүгін – ажал апанының  ашылған һәм жабылған күні
ашық дереккөзі

Осыдан тура жетпіс жыл бұрын, яғни, 1949 жылдың 29 тамызында Қазақстан жерінде Семей ядролық сынақ алаңы ашылса, 27 жыл бұрын – 1991 жылдың 29 тамызында сол ажалдың апанындай болған сынақ алаңы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылған еді.

Ол кезде Қазақстанның тәуел­сіз­дік алуына  әлі төрт айға жуық уақыт бар еді. Нұрсұлтан Назарбаев әлі тәуелсіз елдің емес, КСРО құрамындағы Қазақ ССР-інің президенті болатын. Бірақ соған қарамастан, туған халқының алдындағы азаматтық парызын ұмытпаған Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеудегі орталық билікке қарсы шығып, Семейдегі ажал апанын біржола жабуға жарлық шығарып, қолын қойып, мөрін басып бекітті. Міне содан бастап қазақ жері қызыл империяның мемлекеттік астамшылығына дем беріп тұрған қару қуатын сынап, оны үздіксіз өсіріп отырған сынақ алаңынан құтылды. Қазақстанның бұл батыл шешімін қолдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2009 жылдың желтоқсанында халықаралық сынақтарға қарсы аса маңызды қарар қабылдады. Сөйтіп 29 тамызды Ядорлық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп белгіледі. Содан бері әлемде бұл күні жойқын қаруға қарсы акциялар өтіп тұрады. Әрине, қазақ елінің басшылығы ол күнге бірден жете қойған жоқ. Семейдегі сынақ алаңының жеріміз бен елімізге тигізіп жатқан орасан зор зардаптарын бұрыннан білетін Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы мәселені Қазақстанның бірінші басшысы болмай тұрып-ақ көтерген болатын. Ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істейтін Нұрсұлтан Назарбаев сынақ алаңы мәселесіне алдымен Мәскеудегі Орталық мемлекеттік билік­тің назарын аудару керек деп шеш­ті. Сөйтіп, 1989 жылы 30 мамырда өткен Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөз алған ол, Семей ядролық сынақ алаңының жұмысын тоқтату туралы мәселе көтерді.  Жоғарғы Кеңес сессиясына қатысып отырғандардың жиырма бес пайыздан артығы әскери адамдардан шыққан депутаттар екеніне қарамастан, 40 жылдан бері айналасына өлім сеуіп келе жатқан Семей полигонының жабылу кезі келгенін тайсалмай айтып салды. Бұл – ұзақ жылдар бойы мемлекетке қарсы ештеңе айта алмай пұшайман күй кешіп, Орталық өктем­дігіне бойы үйреніп кеткен көнбіс елдің ашық күнде найзағай ойнатқандай қайсар сөзі еді. Ол 1989 жылы әлемге танымал ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сү­лейменов құрып, басқарған «Не­вада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыстың, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа жол бермеу жолында», т.б. қоғамдық қозғалыстардың қолдап, олардың жұрт назарын аударуына жағдай жасап отырды. Сол арқылы күллі қазақ халқының жылдар бойы армандаған шешіміне Мемлекет басшысы ретінде қол қоятын күнге де жетті. Бірақ бір жарлықпен Қазақстандағы бүкіл ядролық қару мәселесін шешу мүмкін емес-ті. Өйткені 1991 жылдың соңында ел аумағында 1216 ядролық оқтұмсық бар еді. Бұл қарулардың жойқындығы сондай, дәл сол тұстан Ұлыбритания, Франция, Қытай мемлекеттерінде бүкіл осындай қаруды қосып есептегенде Қазақстан­дағыға жетпейтін. Мұнша жой­қын қаруды сақтау мемлекетіміз үшін аса қымбатқа түсер еді, сонымен бірге халықаралық қауымдастықтың сенімінен шыға да алмас едік. Сондықтан Елбасы бұл мәселені толық шешуге қам жасап, 1994 жылы 5 желтоқсанда Будапештте өткен Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының (ЕҚЫҰ) саммитінде біздің елдің маңызды қадамын қолдаған Ресей, АҚШ және Ұлы­британия басшыларымен бірге қазақ елі басшысы да Ядролық қару­ды таратпау жөніндегі ке­лісімге қосылған елдердің қауіп­сіз­дігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға Франция мен Қытай да кепілдік берді. Солайша, 1995 жылдың ортасында Қазақстан аумағындағы ядролық қару және оның қондырғылары толық жойылды. Шын мәнінде Семей ядролық полигоны қазақ елі халқының денсаулығына үлкен зиян кел­ті­ріп, өлім уын септі. 40 жыл ішінде (1949-1989 жылдар) аталған сынақ алаңында 456 ядролық сынақ жүргізіліп, соның нәтижесінде 1,5 миллионнан аса отандасымыз радиациядан зардап шекті, ауырды, қайтыс болды, дүниеге жарымжан балалар келді. Жалпы жасалған жарылыстардың 340-ы жер астында болса, 116-сы ашық атмосферада жасалған. Ондағы жарылыстардың қуаты 1945 жылы АҚШ-тың Жапониядағы Хиросима, Нагасаки қалаларына тастаған сутегі бомбасынан 2500 есе артық болған. Осыдан-ақ ядролық қарудың бейбіт күнде елімізге келтірген зардабын білуге болатын шығар.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

«Тúrkistan»