29 Тамыз, 11:00 873 0 Туризм "Түркістан" газетінің авторлары

Сығанақ немесе қасиетті қорған туралы сөз

Редакциядан:

Қазақ даласында, әсіресе Сыр бойында қалалар көп болған  дейміз. Олардың барлығы да ата тарихымызға, елдігімізге өлшеусіз үлес қосқан шаһарлар. Сығанақ – солардың бірегейі. Мақала дәлел-дәйекке толы болғандықтан әлі де өзекті.

 

Осы кезге дейін жұмбағы ашылмай келе жатқан көне шәһарлардың бірі – Сығанақ. Сондықтан да ол туралы айтылатын әңгімелердің аңыздық, болжамдық сипаты басым. Көне қала атын «сунақ» этнонимімен, ал оны «сунна» – «ақ» деген дін ісләмдық терминмен байланыстыратын бір кітап та шықты. Болжамның аты болжам. Ол шындыққа алып барар көп жолдардың бірі ғана. Дегенмен, қала аты туралы әртүрлі болжамды алға тартушылар ескерілуге тиісті бір жәйтті аңдамаған секілді. Бұл — «тіл археологиясының» ерекше бір қырына мән бермеу еді.

Махмуд Қашқари «Диуанындағы» (ХІ ғ.) түсіндірме бойынша бұл «оғыз шәһары» немесе «оғыздар еліндегі шәһар». Демек қала атына келгенде ең алдымен оғыз тайпалары өкілдерінің тілдік қорына зер салу қажет. Оғыз тілі — «өлі тілдер» қатарына жатады. Бірақ оның оғыз-түркмен саласындағы түркмен, оғыз-бұлғар саласындағы гагауз, оғыз-селжұқ саласындағы түрік (осман), әзірбайжан тілдері бұтақтары «тірі». Іздегеніміз осылардың бірінен табылып қалуы ғажап емес...

Осы оймен аталмыш тілдер өкілдерінің сөздеріне жүгіне бастадық.

Оғыз-селжұқ саласындағы «ағайындарынан» алыс осман түріктері тілінде «Сығынақ» — пана, панажай, баспана және бас сауғалайтын, тығылатын, тасаланатын, қалқаланатын орындар, жертөле, үңгір пана, қалқанша мәндеріне саяды екен.

Топонимика саласының белгілі зерттеушісі А. Әбдірахманов «Сығанақ» этимологиясы туралы өз топшылауларын жинақтай келіп «Сығанақ — қорғаныс, бекініс» мәніндегі сөз дегенді айтады.

Ежелгі «оғыз шәһарының» (немесе «оғыздар еліндегі шәһардың) Х-ХIII ғасырлардағы аты Сунах (Сунаһ), Суғдақ болса, хижраның 772 жылы (1374-1375ж.) осында соғылған теңгелердің бетінде бұл араб әрпімен «Сғнақ» деп анық жазылған (3,130). Бұл «Сығынақ» немесе «Сығәнақ» деп оқылмақ. Теңгедегі жазудың түгел мәтіні «Зәрб Сығынақ (Сығәнақ) әл-жәдид», яғни «Жаңа Сығанақ зерлемесі (теңгесі)» деп көрсетілген.

Му'ин ад-дин Натанзи деректері бойынша Ерзен хан Сығанақты көркемдетіп, Отырарда, Сауранда, Жендте, Баршынкентте талай ғимараттар салдырған. Жалпы Алтын Орда ұлысына ұстын болған қалалардың бірі осы Сығанақ еді. Бұрын Ақ Орда, Көк Орда аталып келген географиялық терминдер кейін біртұтас Алтын Орда деген саяси терминге ауысқаны мәлім.

«Жаңа Сығанақ» термині оның Жошы шапқыншылығынан кейін «қайта тірілген», қайта түлеген кезеңіне байланысты шыққаны аңғарылады. Мұны шәһардың қорған-дуалдарынан қалған ескі қалдық іздері де айғақтай түседі.

 

Шырақ – Тұғыр

Оқшы-Ата замандастары ғұмыр кешкен Сунах қалашығының аты осман түріктерінің «сунак» деген сөзімен сәйкес келеді. Ол сөзбе-сөз «құрбандық тас тұғыры» (ғибадатханадағы тас орындық–алтарь) дегенді білдіреді. Бұл сөздікте «Sunаk — жертвенник (каменный стол в храме)» деп берілген. Мұның түпнұсқасы— «сунак». Оларда (осман түріктеріңде) «қ» дыбысы кешегі 1928 жылдан бастап латын алфавитіне көшу кезеңінде ғана жойылған. Үндестік заңы бойынша да «а»-дан кейін «к» емес, «қ» жалғануы тиіс.

Біздіңше бұл көне түрктегі «құрбандық» мәнін үстірт ұғынудан келіп шыққан тұжырым. Ол кезгі құрбандық рәсімдері мал шалумен ғана емес, отпен, шырақпен, сумен, маймен, ағарғанмен, бұршақ, дән түрлерімен т.б. байланысты еді. Яғни құрбандық рәсімдеріне осылардың бәрі дерлік қатысып отырған. Бұл олардың исламнан бұрынғы сенім-нанымдарынан туындайтын діни салт еді. Тарихи деректер бойынша VI-IX ғасырларда «Ұлы Жібек жолы» бойындағы қалаларда манихейлік және христиандық (несториандық, яковиттік) қауымдар болған. Таразда соғдылықтардың бір бөлігі зороастризм дінін ұстанған. Созақтағы Баба-Ата қала жұртының ішкі қамалы орнын қазғанда орталық бөлмеден күлдің қалың қабаты табылған. Бұл мұнда отқа табыну рәсімдері өткізілетін орын болғанын аңғартады. «Созақ» деген топониннің өзі  отпен байланысты шыққаны байқалады. Шығыс иран тілдері тобындағы осетин тілінде «судзәг» осы мәнді білдіреді.

«Һодуд ал-аләм» авторы Сығанақты X ғасыр басында «Сунах қалашығы» деп жазса, кейін бір ғасырдан соң Махмуд Қашқари бұл атауды «Суғдақ» (суғдақ) деп көрсеткен. «Кім (қай жер) екі тілде сөйлейтін болса және кім (қай жер) өзге шәһар тұрғындарымен араласса, олардың сөзінде қателік, ақаулық бар. Бұлар, мысалы Суғдақ, Кенжәк және Арғу [шәһарлары]...». Мұны зерттеушілер «Суғнақ» болу керек деп «түзетіп» жазып жүр. Сөйтіп араб әрпінде берілген шәһар атының үшінші таңбасы — «д» төбесіне ноқат қолдан қойылып «н» болып оқылып келеді.

Біздің пайымдауымызша «Суғдақ» — Сығанақтың ең ежелгі атауы. Ол отқа табынушы соғдылықтар тілінде «әулие» мәнін білдіреді. Бірақ бұл адамға емес, Күн құдайының жердегі бөлшегі — отқа, От-анаға байланысты туған ұғым.

«Һодуд-ал-алем» (X ғ.) Сығанақты Фараб өлкесінің құрамында көрсеткенін жоғарыда айттық. Ал Фараб — Шаш өлкесі тұрғындарының исламға дейінгі ұстанған діні отқа табынумен, зароастризммен байланысты болғанын археология деректері айғақтайды. Сайрам тарихы «Рисоласы» (арнауы) Иса пайғамбар заманында Сайрам мен оның төңірегіндегі халықтардың күнді, отты ұлылап, оған табынушылар, яғни зароастризм дінін ұстанатындар екендігін айтады. Зерттеуші Құрманғали Оразбаев «Сайрамда бұдан үш жыл бұрын табылған бес бөлмелі үйді зер сала қарасақ, күн ұзарғанда — күн батар кезде бөлмелерге жарық тік түседі. Бұны біз зардуштийлікке лайық діни орын деуге хақымыз бар» дей келіп, «қазіргі заманда да кездесіп тұратын қабірстанға шырақ жағу, отпен аластау осы отқа табынушылықтан қалған белгілер еді» деп жазады. Зерттеуші осымен бірге Сайрамда бүгінге дейін сақталған ежелгі жер асты үйлері, жертөле-молалар, жер асты үңгірлері туралы  деректер келтіреді.

 

«Шырақ Тұғыр»  және «Шырақшы»

Әл-Идриси «Оғыздарда қала көп, олар солтүстікке және шығысқа карай бірінен кейін бірі созылып жатыр» десе, Махмуд Қашқари Сығанақ, Сауран, Қарнақ, Сүткент шәһарларында оғыздар тұратынын айта келіп, олар «басқа жерлерге көшпейді, соғыспайды, ятұқ деп, елеусіз қалған жалқаулар деп аталады» дейді.

Бұл «жалқау» оғыздардың Сығанақта қандай тайпалары мекендегенін тап басып айту қиын. Тарих жалпы оғыз қауымдарының қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түркмен, өзбек, қарақалпақ халықтарын қалыптастырған негізгі бір компонент екенін жазады және оғыз этнонимдері қазақта Кіші жүз бен Орта жүз рулары аттарында сақталғанын айтады. Сығанақтың ортағасырлық құжаттарына түскен қала тұрғындары арасында «қарақалпақ» этнонимі аталады. Алғаш рет Бұхар ханы Абдолланың 1598 жылы Сығанақта жазған нышанында (грамотасында) ұшырасатын бұл этнонимнің сунақтармен байланысы туралы жекелеген мәліметтер ұшырасады.

А. Әбдірахманов «Сунақ» этнонимі қарақалпақ құрамында бар. Олардың шежіресі бойынша қарақалпақ құрамындағы он төрт рудың бірі — Қазаяқлы атанады. Ал Қазаяқлының атасы — Сунақ. Қазаяқлы атануы оның таңбасы қаздың аяғына ұқсас» деп жазса, қарақалпақша-орысша сөздікте берілген «Название каракалпакских племен и родов» деген шежірелік мақалада сунақ қауымы құрамында кездесетін Бессары, Орыс, Қытай секілді бірқатар ру аттары ұшырасады және олардың қай тайпалық қауымдармен байланысатыны таралым ретімен көрсетіліп жазылған.

Тарихи деректер бойынша қарақалпақ этногенезі Сырдария бойы мен Арал өңірінде өмір сүрген тайпалық қауымдардан шыққан. 17-18-ғасырларда Кіші жүз хандары қол астына қараған. Сырдың орта және төменгі ағысы бойында жартылай көшпенді өмір сүріп, мал шаруашылығымен, егіншілікпен және балық аулаумен шұғылданған.

XVIII ғасырда өмір сүрген Жиен жырау Тағайұлының «Босқан ел» атты деректі дастаны Сыр бойындағы қарақалпақтардың Әмударияға үдере көшуін суреттейді. Бұл «ақтабан шұбырынды» кезіндегі қоныс аудару еді. Қоныстан ауу мұнан бұрын да, онан кейін де болған. Сырдың төменгі ағысы мен Арал төңірегіндегі қарақалпақтар көршілес тайпалардың шабуылынан қорғану мақсатында қазақ хандығы құрамынан бөлініп, орыс бодандығын алу үшін 1742 жылы Орынборға, Петерборға елшілер жібереді. Ресей үкіметі қарақалпақтардың мұнысын қуана қарсы алады. Бұл Әбілқайыр ханның қарақалпақтармен жауласуына әкеліп соқтырды. 1743 жылы Әбілқайыр оларды шапты. 18-ғасырдың екінші жартысында қарақалпақтар Сырдың батыс жақ арнасы - Жаңадарияға келіп қоныстанды. Олар енді Хиуа хандығының ұдайы шабуылдарына ұшырай бастады. 1811 жылы хиуалықтар қарақалпақтардың қоныстанған жерлерін басып алып, өздерін Әмудария бойына жер аударды. 1855-56, 1858-59 жылдары ірі-ірі көтерілістер жасаған қарақалпақтарды Хиуа әскері аяусыз басып-жаншыды. 1873 жылы Әмударияның оң жағалауына орналасқан қарақалпақ территориясы Ресейге қосылып, сол жағалаудағылары Хиуа хандығы қол астында қала берді. 1925 жылы Қарақалпақ автономиялы облысы құрылып, ол Қазақстан құрамына енді. 1930 жылы тікелей Ресейге қарап, 1932 жылы автономиялы республика болды да, 1936 жылдан — Өзбекстанға қарады.

Бұхар ханы Абдолланың жоғарыда аталған нышанында Сығанақ қаласы мен рабадының тұрғындары ретінде түрктер, қазақтар және қарақалпақтар бірге аталады. Бұл аталмыш түркі қауымдарының әлі де бөлектене қоймаған кезі болса керек. Нышандағы «кәдқұда» сөзі қарақалпақ тіліне тән. Би, ру ақсақалы деген мағынаны білдіреді.

Сығанақтың ең әуелгі негізгі тұрғындары — отты ұлықтаған печенег-кангарлар болатын. Қарақалпақтар осы сармат — печенег қауымдарынан шыққан этнос деуге негіз бар. Бұған «Қырық қыз» эпосы және әйел есімдеріне тән жер-су аттары куә. «Қырық қыздағы» батыр-қыз Гүлайымға арналып салынатын Миуалы бекініс-қаласының сипаты Сырдың сол жақ жоғарғы ағысындағы көне Сүткент шәһарымен сәйкес келеді. Жиен жырау мұны халық аңызы ізімен жырлаған. Дастан кейін қарақалпақтардың Хиуа ханы Нәдір шахқа қарсы бертіндегі көтерілістерін сипаттайтын аңызға өрілген тараулармен толықтырылған. Яғни дастанның әуелгі негізгі бөлімі Сыр бойында, соңы Әмудария жағасында туған деуге болады. «Миуалы» аралда еді дейді эпос. Бұл Сырдария мен оның бір саласы – Өгіз жылғасының арасы болса керек. Яғни қазіргі Қызылқұм каналы мен Сырдария аралығы.

Махмуд Қашқари Сүткентті «оғыз шәһары» дейді. 1405 жылы Темір әскері басып өткен бұл шәһар 19-ғасырға дейін өмір сүрген.

Сүткент атына зер салсақ, мұның оғыз тобындағы гагауз тілінде сәмбі тал (ива, верба) және сәмбі талды (ивовый, вервовый) мәндерін білдіретін «суут» сөзімен байланыстылығын көреміз. «Кент» — шәһар, қала. Яғни «сәмбі-шәһар» немесе «сәмбі талды шәһар». (Қырғыздың «Сөгеті» деген жер аты да осы сөзден шыққаны байқалады. Сууті — Сеһеті — Сөгеті. «Сәмбі талды» дегені).

Сүткенттің дарағы мол қала болғанын археологиялық деректер де куәландырады:  «қала... бір кездері өте үлкен аумақты алып жатқан, дөңгелек не көпбұрышты дуал-қабырғамен қоршалған. Қала қабырғасының іргесі айналдыра қолдан үйілген жал-топырақтан бастау алып, жоғарғы жағы шикі кірпішпен,  жұмбазбен көтерілген. Шәһардың төрт құбыласында төрт кақпасы болған. Олардың ішіндегі төбесінде кішкене мұнарасы бар батыс қақпа жақсы сақталыпты. Мұның қасынан мұнарасы асқақтап айбынды ақсарай (цитадель) бой көтерген. Оның айналасы ормен қоршалыпты. Екі бас көше шәһардың ортасынан тік бұрыш жасай қиылысқан. Қала орталығы енді тегіс жердегі төбеге ұқсап жатыр. Шамасы, бұл құрылыстың ерекше көп шоғырланған тұсы. Қаланың қақ ортасынан жан-жаққа радиустері бірдей көшелер тарайды. Олардың арасы үлкен-үлкен ойпатты алаңқайлар. Бұл радиусты ойпаттар сол заманғы қала бақтарының орындары болуы мүмкін. Шәһар дуалының сыртында да әр жер - әр жерден еміс-еміс осындай радиустер түріндегі көшелердің іздері көрінеді. Бірақ олардың шеңберлері мұндағыдан ауқымдырақ, көлемдірек болып келеді.

Мұнда қалаларды жалғайтын басты жолдардың бойына, Сырдариядан шығатын  арықтардың  сағалары  мен  аяқ тұс­тарына, әсіресе Қызылқұм тарапы жағына алдыңғы шеп ретінде төртбұрышты бекіністер салынып отырған. Мұнымен қоса қала аралықтарының кейбір жерлеріне әрекідік қарауыл төбелер жасалған. Олардың кейбіреулерінде қыш ыдыстардың сынықтары шашылып жатыр...».

Міне осы жоғарыда аталған «радиустер аралық ойпатты алаңқайларды» бір кездері су бойында өсетін сәмбі тал ағаштары көріктендіріп тұрған болуы да әбден мүмкін. Табари «Сүткентте түрктердің ислам дінін қабылдаған гүз (оғыз) және қарлұқ қауымдары тұрады» деп жазады.

Көне Өзгент шәһарының аты да оның тұрғындары отты ұлықтап, пір тұтқан қауымнан екендігін аңғартады. Бұл жай «оғызкент», яғни «оғыз-қала» мәнімен бірге, осетин тіліндегі «ус» — қыз-келіншек, әйел, қатын (ауызекі тілде) мәндерімен (18,386) байланысты қарасақ «қыз-қала» мағынасын аңғарамыз. Бұл — шәһар аттары аталмыш кенттердің Оғыз, соғды қауымдарына ортақ болғандығын байқатады. Сығанақ «тұманындағы» (иелігіндегі) Көк кесененің кейбір аңыздарда Гүлбаршын есімімен байланыстырылуы, Әуелбек Қоңыратбаев зерттеулері бойынша X ғасырда Алпамыс батырдың жүрген жері Сыр бойы екендігі Өзгент — қыз қаланы Баршынкентпен сәйкестіретін де секілді. Өзгент, Қырғы Өзгент (ішкі Өзгент) Баршынкенттің байырғы (әуелгі) орындары болуы да ғажап емес. Бұрын Өзгент — Женд — Өзженд, кейінірек Қырғы Өзгент деп те аталған екен ("Женд шәһәрі Қырғы Өзгент диб айдүр-ләр. Кітабләрдә икі тариха баян қыладүр-ләр. Өзгәнт диб уә һәм Өзженд дидүр-ләр...").

Женд — шамасы соғдылықтардан шыққан атау. Осетин тілінде «чындз» — келін (невестка) деген сөз бар екен. Бұл оғыз-қыпшақ тіліндегі айтылу барысында «Дженд( з) - Женд» болып өзгеріске түсуі мүмкін. Өзженд - «өзкелін» (яғни, «өзіміздің келін») оғыз тілінің орамдарына тән атау.

Тарихи деректер бойынша Өзгент ертеде Ходженд деп те аталған. Мұның алғашқы буынын осетиннің «уд» - жан, рух деген сөзімен байланыстырсақ бұл «келін рухы» мәніндегі атау болмақ. Удженд — Һудженд — Ходжент. Ысқақ баптың інісі Әбдәлжалил (қорасан ата) осы қаланы қоршау кезінде мерт болып, сонда жерленген. И. Кастанье келтірген молда Абдолла Ниязұлы жазбасында бұл «Перовский уезіне таман Баршындария алабында, Өгіз жылғасы деген тұста...». Өгіз жылғасы — Сырдың көне арнасы. Молда Ниязұлының мәліметі бойынша оның Шымкент уезіне қарасты бөлігінде: Ичкеле,  Жартытөбе,  Сазан,  Оксус, Артық-ата және Қауғалы-ата (қауған-ата), Перовский уезіне қарасты бөлігінде: Қаратөбе, Абызтөбе, Келінтөбе, Мейрамтөбе, Аққорған, Құмиян, Алғыр-Салғыр, Қырғы Өзгент, Қорасан-ата, Бақсайыс-ата және мұнан төмен тағы басқа да көне шәһар, қорған, бекініс орындары бар. Молда Ниязұлы бұлардың бірқатарында қыш күйдіретін пештердің сақталғанын және ішінде «пісіріліп» дайындалған бойы оттан алынбай қалғандары да кездесетінін айтады. Осыған қарап, мәлімет иесі бұл жағдайды көне Сыр арнасының өзге жаққа кенеттен бағыт ауыстыруына немесе күштірек тайпалардың күтпеген жерден шабуыл жасауына байланысты деп қорытынды жасайды.

Қыз-келіншек, келін мәніне байланысты ежелгі Жент, Ходжент, Өзжент, Өзгент деген атаулар жоғарыда аталған Өгіз жылғасы бойындағы «Келінтөбемен» сәйкеседі. Ал Ходжендария — Сырдың көне арнасы — Баршындарияның екінші бір аты болса керек. Бұл кейін «өзен арнасы» мағынасындағы «Өгіз жылғасы» деген атпен аталған.

Демек, «Өзгент», «Өзженд», «Женд» - өзара мәндес, мағыналас атаулар. Өзгент — «қыз қала» болса, Өзженд — «Өзкелін», Женд — «Келін». Осы кезге дейін белгісіз болып, тек тұспалмен ғана аталып жүрген Баршынкент қаласының орны «Келінтөбе» маңында, дәлірек айтқанда Сырдың сол жағында Өзгент (Қырғы Өзгент) шәһарының қалдығы жатқан жерде деуге негіз бар. Бұл қаланың «Женд», «Өзгент» деген аттары кейін өзге жақтарға ауысқан болса, ол сол қала тұрғындарының бытырай қоныс аударуына байланысты еді. Жошы Сығанақтан кейін осы Женд қаласын алады.

Бұл орайда Келінтөбе маңындағы Келін-арық пен оның бойындағы Аққорған көне бекінісінің орны да Келін-қаламен байланысты: бірі оның су жүйесі, екіншісі — алғы шептегі қарауыл-қорғаны болса керек.

Каллаур Жентті «Қыс-қала» (қыш-қала) орнынан іздеуді ұсынған. Бұл Перовск тұсында, Сырдың сол жағында, Томар өткелден 25-30 шақырым түстікте. Тораңғыл-арықтың күнбатыс жағында, 4 шақырымдай жерде.

Көне қала атындағы «Кыс» («қыш», «қыз») соғдылықтардың «қамыс» деген мағынаны білдіретін сөзі болса керек деп ойлаймыз. Өйткені, осетин тілінде «хъаез» — дәл осы қамыс мәнінде айтылады. Хъаез-қала — қамыс-қала деген сөз. Бұл айтыла келе қышқалаға айналған. Әбу Дулаф «оғыздардың орда қаласында тастан, ағаштан және қамыстан салған үйлер болды деп жазады.

«Түгіскен» атына зер салсақ, бұл әуелгі «Туғ-Өзгент» тұлғасынан айтыла келе Түгіскен болып өзгеріске түскен топоним болуы мүмкін. «ғ», «ө» дыбыстары өзара ықпал әсерімен «г», «ү»-ге айналып, тұйық «т» дыбысы «жұтылып» кеткен (түсіп қалған). Туғ — оғыз тармағындағы ұйғыр тілінде — бір мәні кәдімгі ту, байрақ; екінші мәні — бөгет (дамба); үшінші, көне мағынасында: бақсылар ауруды айналғанда ұстайтын төбеден тартылған жіп.

Бұл («Түгіскен» атауы) сонда Өзгент байрағы не Өзгент бөгеті деген мағынаны білдірмек.

Демек, Сырдың орта ағысындағы қалаларды мекендеген түркі-соғды — оғыз-қыпшақ қауымдарының сенім-нанымдарында зароастра діні басым сипат алған. Ол ислам діні келгеннен кейін де базбір өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалған. Соның бірі — отты ұлықтау. Бұл түркі қауымдарының бірсыпырасында әліге дейін бар құбылыс.  Осман түріктерінде каndil (канділ), kandilci (канділжі) деген ұғымдар бар. Kandil — шырағдан, шам (светильник); лампада; kandil gecesi (канділ гежесі) — шырақ түні; kandilci — шырағдан, шам жасаушы немесе оны сатушы; сондай-ақ шырақшы, яғни мешіттің шырақ жағушысы. Бірқатар түркі жұртында қазір де мұсылман мейрамдарына байланысты кештерде мешіт мұнаралары самсаған шырақтарға толады. Көптеген діни-салт рәсімдері шырақ жағып өткізіледі. Бұл әсіресе ежелгі оғыздар ұрпақтарында, соның ішінде Түркия мен Әзірбайжанда айқын сипатымен көрініс тапқан.

Осман түріктерінің ғибадатханалардағы шырақ тұғыртасы мәнін білдіретін «сунақ» (sunak) және шырақ, шырағдан, шырақ кеші, шырақшы мағыналарын беретін kandil, kandil gecesi, kandilci деген ұғымдарда арыдан келе жатқан өзара байланыс барлығын аңғару қиын емес. Бұл оның әуел баста этноним емес, діни рәсім және соған сәйкес кәсіби лауазым атауы болғанын айқын көрсетеді. Олай болса, Сығанақтың шырақ тұғыр-тасы ұғымынан шыққан әуелгі аты (Сунақ) этнонимдік Сунақ мәнінің шырақшы ұғымына жақын екендігін аңғартқандай. Бірақ мұның Сунақ — Суғдақ — Сығанақ қаласымен байланысы бар ма, жоқ па, ғұлама ғалым Хиссамеддин Сығанақиға қатысы қандай деген сұрақтар төңірегінде толымды ой, толғамды пікір, өкінішке орай, әзірге жоқ.  Оны ешбір қиял-ғажайып әңгімелер дәлелдей алмайды. Оған тарихи, ғылыми деректер керек.

Бір нәрсе анық. Ол Сығанақтың исі түркі қауымдарына ортақ екендігі.

«Ғұламалар мекені» болған Сығанақ — ағайынды барша түркі жұртшылығының мақтанышы, ата қоныс-астанасы.

 

Әбжан ҚҰРЫШЖАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 Әбілхан ӘБІЛАСАН

«Түркістан»

№52. 25желтоқсан. 2003.

Соңғы жаңалықтар