29 Тамыз 2019, 10:38 727 0 Білім "Түркістан" газетінің авторлары

Аягүл МИРАЗОВА: Ұстазға деген шынайы құрмет қана оның мәртебесін көтереді

Тәуелсіздік жылдарында білім саласында көптеген реформалар жасалды. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Тамыз кеңесінде де жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар сөз болды. «Үш тұғырлы тіл» саясаты, ұстаз мәртебесі, оқулық сапасы сынды күн тәртібіндегі проблемалардың ара-жігін ажыратып, тарқатып айту үшін Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, ардақты ұстаз Аягүл Миразовамен сұхбаттасқан едік.

– Аягүл Төреқызы, әңгімемізді таяуда ғана елордада өткен Қазақ­стан мұғалімдерінің алқалы жиы­ны­нан алған әсеріңізбен, ойыңызбен бастасақ...

– Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Білім және ғылым» атты дәстүрлі Тамыз кеңе­сінің биылғы жаңалығы көп болғаны рас. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен қатыс­қан ұстаздар мінберге көтеріліп, өздерінің көкейлеріндегі ойларын ортаға салды.

Тағы бір қуантқаны – ал­қалы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, келелі мәлімдеме жасады. Мем­лекет басшысы Абай Құнанбай­ұлының «Білім­діден шыққан сөз, талаптыға бол­сын кез» деген сөзін келтірді. Ұстаз осы ұлағатты ойды, ізгілікті өсиетті әрқашан алға қоюы тиістігін тағы да айтып өтті.

Ұрпақтың тәрбиесі, білімділігі – еліміздің таптырмас байлығы. Бірақ оған саналы, сапалы түрде жетуге қандай мүм­кіндіктер бар немесе қиындықтар бар. Осыған жете мән беру керек. Електен өткізіп айтылып жатқан пікірлерді қол­дап, дұрыс-бұрыстығын таразыға сала отырған абзал. Президент осындай шын­дық­қа жанасатын сындарға тоқталып өтті. Мұғалімнің біліктілігін арттыру мәселесіне, Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақала­ла­рына ерекше көңіл бөлу қажеттігін де әңгіме­леді. Білімді дамытудың страте­гия­сын сөз етті.

Президент қала мен далада да білім деңгейі бір шамада болу керектігін әкім­дер­ге, білім саласы жетекшілеріне ескерт­ті. «Материалдық, техникалық, қаржылық және сауаттылық жағынан да қала мен дала мектептерінде айырма­шы­лық бол­мауы керек»  деді. Бұл көп­ші­ліктің кө­кейін­дегі жиі айтыла бермейтін сөз бо­латын. Соның назарға алынғанына қуан­дық.

Отандық ғылымды қаржыландыру мә­селесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы ұлт ағартушысы Ахмет Бай­тұр­сынұлының мынадай тамаша сөзін тілге тиек етті: «Елді түзетуді бала оқы­ту­ды түзетуден бастау керек». Сонда бала оқытуды жүйелесек, біз керемет елдің ір­ге­тасын қалаймыз дегені ғой. Өте керемет, қай заманда айтылса да, бүгін де өзектілігін жоймаған ғибрат. Бұл жерде ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын да меңзеп тұр. Яғни, білімді бала жадына тәрбие арқылы сіңірген дұрыс. Бұл тек Үкіметтің ғана жұмысы емес, бұл – әрбір азаматтың, ата-ананың жауап­кер­ші­лі­гіндегі шаруа. Жауапкершілікпен жасал­ған жұмыстың нәтижесі сөзсіз көрінеді.

– Менің білуімше, осы Тамыз кеңе­­сінде қоғам талқысында жүрген бірқатар түйткілдер де сөз болды. Мәселен, жаңа өзіңіз айтқандай, бала тәрбиесі, «Үш тұғырлы тіл», әліппе мәселесі, жалақының жыры... Осы дүниелерге қатысты ойыңызды біл­гіміз келеді.

– Иә, қазіргі таңда үш ауысымдық мек­­тептерге қатысты әңгімелер бар. Шағын мектептерді жабу қажет деген пікірлер айтылып жүр. Ал ауылдағы мектеп жабылса, онда сол ауылдан түгел айырыламыз. Бұл орайда, керісінше, мектептерге жағдай жасап, ауылды көр­кейтуге күш салуымыз қажет деп білемін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында үштілділікке мән беру қажеттігін айтты ғой. Ұстаз ретінде айтсам, ауыл балаларының ағыл­шын тілін меңгеруі қиын. Ал қаладағы балалар, көпке топырақ шашпаймын, керісінше ана тілін ұғынбауда. Әдеби тілді түсінбейді. Өйткені, олардың ата-аналарының тілі орысша. Бұл баланың да, ата-ананың да кінәсі емес.

Кешегі жиында қозғалған Тұңғыш Президенттің осы тұрғыдағы үштілділік саясатын Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдайтынын айтты. Бүкіл әлем меңгеріп жатқан тілді біз де меңгеруге тиіспіз. Бұл – өте қажет дүние. Осы орайда айтарым, әрбір қазақ баласы алдымен өз тілін жетік білуі керек. Ол сонда ғана өзге тілді де бойына оп-оңай құйып алады. Мен мұны осы өмірімде де, еңбек жо­лымда да көріп, көз жіткізгенмін. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті». Бұл – Ахмет Жұбановтың айтқан сөзі. Бұл орайда Мемлекет бас­шысы ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқыту туралы ой тастады. Мұны енді жергілікті тиісті мекемелер қолға алуы тиіс.

Ал бала тәрбиесіне келсек, шын мә­нін­де кейбір ата-аналардың мектепті орынсыз кінәлап, мұғалімдерді жерден алып, жерге салатын кездері болады. Бұл ешкімге пайдасын тигізбейтін дүние. Ата-анаға да, ұстазға да, екеуінің ара­сын­да жүрген бүлдіршінге де пайда әкел­мейді. Осы жағынан алғанда, «Ұстаз мәртебесі туралы» заңды қаңтар айына дейін енгізу туралы ұсыныс жасалды. Енді осы қолдау тауып, орындалатын болса, дұрыс іс болады деген ойдамыз. Ұстаздық – ұлық қызмет саналуы тиіс.

– Алқалы жиында гимназия, ли­цейлер алты күндік оқу тәртібінде, жай мектептер бес күн ғана оқитыны айтылды. Аталған бастама қанша­лық­ты жөн деп ойлайсыз?

– Бес күн оқу деген, әрине жақсы ғой. Алайда, су бетіне шыға бермейтін көп­те­ген факторлар бар. Гимназияларда сағат саны көбірек жай мектептерге қа­ра­ғанда. Балаға жүктеме көп. Сағаттар кес­теге сый­май жатады. Қазір бір ауы­сымдағы мектептер жоқ. Бір сыныпта қырық, тіпті одан да көп оқушылар бар. Бұл мек­теп­терде бос бөлме жоқ деген сөз. «Білім туралы» заңға сәйкес, бір сыныптағы оқу­шы саны жиырма бестен кем болмау ке­рек, әрі кеткенде отыздан аспағаны жөн. Одан көп болса, білім беру өз дәрежесінде бола бермейді. Өйт­кені, өзі бір сабақ қы­рық минут болады, қырық минутта бір мұғалім қырық балаға не тәлім бере қояды? Осы жа­ғы­нан келгенде білім сапа­сына нұқсан келіп жатқаны рас.

Әйтпесе, тың бастамалар қолға алы­нып жатыр. Күні кеше Алматы қал­а­сын­дағы ұстаздардың Тамыз кеңесі өтті. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мұға­лім­дердің жағдайын жақсартуға, білім сапасын көтеруге, қосымша тәлім-тәр­бие, білім беруге негізделген шығар­ма­шылық үйле­рін көбейтуге күш сала­ты­нын айтты.  Мұндай бастамалар барлық өңірде қолға алынып жатыр деп ойлай­мын.

Сөз орайында айта кетейін, Қазақ­станда білім саласына келгенде мем­ле­кеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мәселен, сонау тоқсаныншы жылдары мемлекетіміз қандай жағдайда қалды? Сонысына қарамай Елбасымыз «Бола­шақ» бағдарламасын құрып, жас ұрпақ білім әлеуеті зор елдерде оқып, олардың алды қазір елге қызмет етіп жүр. Осы орайда айтарым, білімге салынған қара­жат қай­та­рымды. Одан бөлек Назарбаев уни­верситеті ашылды, зияткерлік мек­тептер жыл санап көбеюде. Мұның барлығынан түлеп ұшқан ұрпақ елімізге қызмет етеді, туған жерін көркейтуге үлес қосады.

Тамыз кеңесінде әліппенің қай­та­рылатыны айтылды. Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы маңызы зор баяндама жасап, көптеген жаңашыл­дық­тарды жеткізді. Енді сол азаматтарға күш-қуат берсін деп тілеймін. Қанағат­та­нар­лық көп ойға қанықтық. Оның бәрі бір күннің шаруасы емес. Өйткені, білім – ең күрделі, қиын сала. Білім мәселесі қоғам­ның мәселесі.

– Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысына да түрлі үстемелер қо­сылып, көбею үстінде. Бұл саладағы кадр тапшылығын жоятын шығар деген үміттеміз...

– Рас, Тамыз кеңесінде жалақы мәсе­лесі де сөз болды. Жалақы деген ептеп кө­теріліп жатыр. Бірақ ұстаз жал­ақы­сының көтерілуі оның еңбек өтілі мен аттестациялауға байланысты болып тұр. Яғни, айлық ақшасын көбейткісі келген мұғалім сапалы білім беріп жүргенін дәлелдеуі керек. Бірақ нарық бір орында тұрақтап тұрған жоқ. Бюджеттік меке­ме­лер қызметкерлерінің жалақысы кө­бей­се болды, нарық тауарлары да еселеп қым­баттап кетеді. Жас мұғалімдер қашан жоғарыдағы көрсеткіштерге ие болғанша аз жалақымен қалай күнін көреді? Осы мәселені қайта қарау керек сияқты.

Жас педагогтардың жалақысы қашан көтерілмейінше, мектепте жақсы маман тұрақтап қалуы үлкен проблема күйінде қала береді. Біздің жалақымыз еңбек өтіліне, жоғарылаған санатымызға бай­ланысты. Ал ондай көрсеткіштерге жету үшін кемінде он жыл керек. Жас мұғалім он жылға дейін қалай өмір сүреді? Сондықтан кадр тапшылығы қалада да бар, ауылда да бар. Мәселені қайта қара­май, жалғаса береді деп ойлаймын.

– Ұстаздық, басшылық еңбек жо­лың­ызда көкейге түйгеніңізді айт­саңыз, білім беруді жетілдіруге әлі қандай қадамдар жасалуы керек?

– Жамбыл облысының Билікөл өңірінде туып-өстім. Осында мектеп бі­тіріп, алғашқы мұғалімдік жұмысымды бастадым. Сондағы ұстазым, мектеп ди­рек­торы, бүкіл аймақта беделді, мәр­тебелі педагог Сайлаухан Слямханов ағай тұлға ретінде ерекше адам еді. Сол ди­ректордың қол астында тәрбиеші, мате­матика мұға­лімі, директордың орын­басары қызмет­те­рін атқардым. Шын­дығында, бұл кезең менің бола­ша­ғымды анықтаған нағыз өмір уни­вер­ситеті еді. Сайлаухан ағай қызмет­кер­лерінің, шәкірттерінің үнемі көңілдерін өсі­ріп, өздеріне сенімді болуға үйретіп, жолға салып, көтермелеп жү­ре­тін. Сон­дағы жинаған тәжірибе менің өмірлік қазынам болды десем, артық емес. Ол кейін бір мектепке үздіксіз 25 жыл басшылық еткен шағымда негізгі рухани тірегіме, 45 жыл оқушыларға мате­ма­ти­кадан сабақ бергенімде басты оқу-әдіс­темелік құралыма айналды.

Осы жерде азырақ шегініс жасасам дей­мін. Өзім ширек ғасырдай еңбек еткен Алматы қаласындағы №159 мек­тепті ашу бастапқыда өте қиынға соқты. Ол кезде бүкіл Алматыда 3-4 қана қазақ мектебі болды. Сол тұстағы көрнекті қазақ зия­лы­лары, әдебиетші ірі ғалым Рахман­құл Бердібаев, белгілі режиссер Асқар Тоқ­па­нов, жазушы Жүніс Ыбырай, Тоқтар Абайділдаев т.б. қайраткерлер күні-түні жоғары жақтың табалдырығын тоздырып жүріп, 1991 жылы тамыз айында аш­қыз­ған еді. Бұл – тәуел­сіз­ді­гіміз­ге қол жет­кізген жыл. Міне, сол бей­нет текке кеткен жоқ. Тәуелсіздіктің құр­дасындай болған Ы. Алтын­са­рин атындағы №159 мектеп 2001 жылы және 2011 жылы рес­пуб­­ликамыздағы «Ең таң­даулы мек­теп» конкурсының екі дүркін жеңімпазы болды. 2008 жылы осы мектептің оқу-тәр­бие жұмысының бағасы ретінде ди­рек­торы болып жүрген маған Қазақ­станның Еңбек Ері атағын, «Алтын жұл­дыз» бен «Отан» орденін берді. 2006 жылы және 2016 жылы мектебіміз Алматы қаласы бойынша ең үздік мектеп деп та­ныл­ды. Бұлар рес­пуб­лика, қалалық дең­гейіндегі мәртебеміз болса, күнделікті табыс­тар­ы­мыз, оқу­шы­ларымыздың, мұ­ға­лім­­дері­міз­дің еңбек жетістіктері ұшан-теңіз еді.

Ұстаздар қауымына айта кеткім ке­леді, қарама-қайшылықтардан, қиын­дық­тардан жаңа даму туындайтын заң­дылық бар. Мәселен, Цифрлық Қазақстан қоға­мын құруға ұмтылып жатырмыз. Соның бір көрінісі – мектептерде енгізіліп отыр­ған электрондық журнал­дар және тағы басқадай электрондық құ­жаттамалардың қолданылу және сақ­талу режимі. Олар қағаз нұсқасына қарағанда – бөлекше. Ал енді қайсысы тиімді екенін уақыт көр­сетеді. Бәлкім, келе-келе олардың қолдану тиімділігі басқа технологиямен ауысуы да мүмкін. Сондықтан, сабыр етсек, уақыт факторы бәрін реттейді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Білім кү­ні құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Асхат Райқұл

Соңғы жаңалықтар