Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСУ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар! Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің бас­ты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жос­пар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін. Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар! Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының есебін бастайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік. Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланыс­ты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды. b9265aa247fb65c66e63c119a8a9f985

І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері

Бүгінде бізге де әлем дамуының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор. Біріншіден, қазіргі жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жүзінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыз. Біздің экспорттық өнімдерімізге сұраныстың төмендеуінің негізгі себебі де осында. Екіншіден, әлемнің барлық экономикаларында да экономикалық өсімнің баяулауы байқалуда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсеткіштерді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты. Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ. Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңіріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі. Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасындағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.

ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері

Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келіп жетті.

Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің экономикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллардай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткізді. Арам ниетті құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестік құрылысқа қатысушылар мемлекеттің ізгілікті ерік-жігерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты. Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің экономикалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжірибеміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр. Біріншіден, біз қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды. Үшіншіден, біз «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен денсаулық сақтау жетілдірілуде. Осы шаралардың бәрі де мемлекетке, қоғамға біздің экономикамызға қосымша төзімділік береді. Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық. Бесіншіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы баррельіне 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді. Алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индустриялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр. Жетіншіден, қазақстандық­тар­дың экономикалық мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыз­дан астамға артқаны байқалып отыр.

* * *

Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдема­қылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады. a0a0f2c6f38855efdc23166e0534ac1f Құрметті қазақстандықтар! Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уақыттың өзінде-ақ біз оны жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткіздік. Біріншіден, Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды. Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді. Үшіншіден, бүгін, 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толыққанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ресми түрде хабарланатын болады. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің еліміздің толыққанды сауда-экономикалық әріптес ретінде мойындалуын айғақтайды. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономикамыздың шешуші секторларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз

Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар. Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы бас­ты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес. Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлем­нің неғұрлым дамыған отыз­дығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз. Екінші – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мем­лекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау мейлінше қажет. Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
  1. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты
Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет. БІРІНШІ. Қаржы секторын тұрақтандыру Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру. Біріншіден, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесіне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъектілеріне жұмыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажет. Оның нәтижелері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қабылдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алмаған банктер қаржы жүйесінен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стандарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор. Екіншіден, инфляциялық таргеттеу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс. Үшіншіден, Ұлттық банктегі институттық кемшіліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек. Төртіншіден, 2016 жылы зейнет­а­қы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың бас­қаруына берілуі тиіс. Зейнетақы жина­лымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зейнетақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек. Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс. Қаржы сек­торына қатысушылардың бәрімен қалыпты жұмыс ба­бындағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттірмес шараларды қабылдағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсілдермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы. ЕКІНШІ. Бюджет саясатын оңтайландыру «Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі. Бүгінде біз бюджетке салықтық тү­сімдердің 20 пайызға дерлік төмен­дегенін айтып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қосымша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес. Біз алдағы жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қай­та қарау қажет. Ең алдымен, бюд­жеттің кіріс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады. Салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ. Үкімет салықтық әкім­ші­лен­ді­рудің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік беріледі. Үкіметке жария ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті күшейтуді тапсырамын. Мен мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүргендердің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырамын. 2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады. Енді бюджет шығындарын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы. Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет. Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары бүкіл ауылшаруашылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет. ҮШІНШІ. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр? Ең алдымен, үлкен мемле­кеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіп­орындар. «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады. Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйым­дар­дың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдар­ла­масын жасауды тапсырамын. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар. Жеке­шелендіруден кейін осы үш басқа­рушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс. Жекешелендіру әділетті нарық­тық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвес­торларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүлкінен айрылғандардың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын. Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс. Біріншіден, Үкіметке антимоно­полиялық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге антимонополиялық ведомство туралы мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек. Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталан­дыруларға қатысты бұрмалауларды жою қажет. Үкіметке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыруды тапсырамын. Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мемлекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс. ef3a59f2d88c178acfba442badf3435e

* * *

Кәсіпкерлер, іскер азаматтар! Мемлекет сіздердің бизнес­те­ріңізді дамытып, аяққа нық тұру­ла­рыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.

* * *

Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жекешелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар. ТӨРТІНШІ. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері Таяудағы онжылдықта Қазақстан­ның алдында тұрған міндеттер: – экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету; – өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу; – экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу; – 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру. Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған эконо­миканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрия­ландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек. Біріншіден, трансұлттық корпора­цияларға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвес­тициялар» тарту үшін оңтайлы орта қалыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Инвестициялық ахуалды жетіл­діруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ және басқа да халықаралық қаржы инс­титуттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жос­парын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңірлерде жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвес­тициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек. Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын жоғарылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің еңбек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет. Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық –Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құрылыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қазірдің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын. Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым барысында ЭксимБанкпен 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір мемлекеттік бюджет есебінен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ, бұл жобаларға шетелдік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек. Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріптестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің барлық ресурстарын іске қосу қажет. Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады. Бесіншіден, Қазақстан экономи­касының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет. Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болады. Назарбаев Университеттің «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негіз­делген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді. БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік сая­сат Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады. Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз! Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы! Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфра­құ­рылымдарды дамыту мен елді мекен­дерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде. Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды