Жиенбай жырауға арналған өнер фестивалі өтті

Жиенбай жырауға арналған өнер фестивалі өтті

Жиенбай жырауға арналған өнер фестивалі өтті
ашық дереккөзі
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында белгілі жырау Жиенбай Дүзбенбетұлының 155 жылдығына арналған мәдени шара өткізілді. Аталмыш шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жиенбай жырау 1864  жылы  Қызылорда  облысы, Қармақшы  ауданында  дүниеге  келді. Сыр сүлейі  дәстүрлі өнерді  жалғастыра  отырып, өзі  де  өлеңдер  жазып  отырған. Мысалы,  «Бастау», «Толғаулар» секілді  шығармалары  осы  күнге  дейін халық  арасында  айтылып  келеді. Мерекелік шаралар екі күнге созылды. Алғашқы күні Алматы, Тараз және облыстың барлық ауданынан арнайы келген ақындардың қатысуымен республикалық ақындар мүшайрасы өткізілді. Еліміздің әр өңірінен келген арқалы ақындар бас қосқан бәсекеде бірінші орынды Шиелі ауданынан келген Бекжан Ержігіт алса, одан кейінгі орындарды қызылордалық Тұрар Бекмұрзаев,  Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Гүлжанат Қадырбекова иеленді. Ауылдың орталық алаңында «Жыр жампозы - Жиенбай» атты облыстық жыраулар фестивалі өтті. Онда дәстүрлі жыраулық өнердің белгілі майталмандары Тұрмағамбет ауылын кәусар жырларымен шалқытты. Жыр фестивалін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, жыраулық өнердің көшін бастаушысы Алмасбек Алматов  жүргізді. Өнер фестиваліне қатысқан барлық жыршы-жырауларға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев аудан әкімнің алғыс хатын табыстады. Аталмыш ауылда жұмыс жасайтын «Тұрмағамбет» ЖШС демеушілігімен жергілікті жерде жыраулық өнерді дәріптеп жүрген Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматовқа шапан жабылып, ауылдың 60 жылдық төсбелгімен марапатталды. Аудан сахнасының майталмандары халық әндерін орындап, ауылдың жас өнерпаздары да өнерлерін ортаға салды. Жыр да, терме де, күмбірлеген күй де шертіліп мереке шырайын ашты. Ауылдық клуб үйінде «Сүлейлер өсіп – өнген қарашаңырақ» атты ғылыми-танымдық конференция өтіп, «Жүз жырауды тербеткен алтын бесік» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен бірге ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, волейболдан турнир, және мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, ат бәйгесіне жалғасты.