Еуропа лигасы: «Астана» БАТЭ командасын ойсырата жеңді

Еуропа лигасы: «Астана» БАТЭ командасын ойсырата жеңді

Еуропа лигасы: «Астана» БАТЭ командасын ойсырата жеңді
ашық дереккөзі
Футболдан UEFA Еуропа плей-офф сатысындағы алғашқы кездесуінде елордалық «Астана» өз алаңында Беларусьтің БАТЭ командасынан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Плей-офф кезеңінде жолы болған команда жарыстың топтық сатысына жолдама алады. Сондықтан екі команда да бүгінгі кездесуде өздеріне қолайлы есепке қол жеткізуге барынша күш салды. «Астана» сапында алғашқы минуттан Ненад Эрич, Антонио Рукавина, Лука Шимунович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон , Дорин Ротариу, Фирмин Мубеле, Марин Томасов шықты. Ал БАТЭ бапкерлері Антон Чичкан, Александар Филипович, Слободан Симович, Захар Волков, Алексей Риос, Евгений Яблонский, Станислав Драгун, Дмитрий Бага,  Игорь Стасевич, Эрвен Мукам және Максим Скавыш сынды жігіттерге сенім артты. Ойынның алғашқы минутынан біздің команда тізгінді қолға алыға тырысты. Қарсыластар қақпасы маңында қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Нәтижесінде алғашқы болып есеп ашты. Кездесудің 23-минутында Марин Томасов командалас әріптесінен доп алды. Содан кейін бірнеше қарсыласын алдап өтті. Сосын алыстан допты шірене теуіп, қарсыластар қақпасын тулатты. Айта кетерлігі, бұл Марин Томасовтың биылғы еурокубок ойындарында соққан жетінші голы саналады. Елордалық футболшылар бірінші кезеңде бұдан кейін де көптеген шабуылдар ұйымдастырған еді. Дегенмен олардың барлығы діттеген жеріне жеткен жоқ. Бірінші кезеңнің соңында оң қанаттан әуелете берілген допты «Астана» ойыншысы Юрий Логвиненко баспен қақпаға соғып кетті. Екінші кезең басталғаннан кейін көп ұзамай «Астана» есепті үстемелей түсті. БАТЭ қақпасына белгіленген пенальтиді Рунар Сигурйонссон шебер орындай білді. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін мүмкіндіктер болды. Десе де ойын соңына дейін бұдан басқа гол соғылған жоқ.  «Астана» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Екі команда бұдан бұрынғы жылдарда да еурокубок ойындарында кездесті.  Беларусь клубы 2016 жылы Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде елордалық «Астана» клубымен жолықты. Алғашқы кездесуде БАТЭ сырт алаңда олар қарсыласына 0:2 есебімен жол берсе, араға апта салып өз алаңында 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша, «Астанадан» айналып өте алған жоқ.  Одан бұрын 2013 жылы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында Қарағандының «Шахтерына» есе жіберген еді. Енді қарымта ойын 29 тамызда Борисов қаласында өткізіледі.