22 Тамыз, 13:38 303 0 Аймақ Túrkistan Gazeti

Түркістанда фронт-офиc ашылды

Қазақстан Үкіметі барлық аймақтарда инвесторларды сүйемелдеу бойынша фронт-офистер қызметін жүзеге асыру ережесін бекіткен болатын. Аталмыш тәсіл инвестордың құжат жинау және дайындау процесіне қатысуын азайту және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейді.

Қазіргі уақытта өңірде бизнесті дамыту, инвесторлар үшін қо­лай­лы жағдай жасау, экспорттық әлеуетті арттыру және туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Сонымен, Түркістан облысында «TURKISTAN INVEST» фронт- офисі құрылды. Ол инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай ақ, экспортты дамыту жұмыстарын атқаруда.

«Қазіргі уақыт инвесторлар және экс­порт­таушылармен жұмыс жүргізудің жаңа тәсілін талап етеді. Инвестиция және экспорт параллельді түрде дамуы тиіс бағыттар, себебі шетелдік инвес­тор­ларды тарта отырып, экспорттаушылар үшін әлемдік нарыққа жаңа жол ашылады. Осылайша, еліміздің экспорт геогра­фия­сын айтарлықтай кеңейту мүмкіндігі пайда болмақ. Осының негізінде өңірде аймақтық экономиканы дамыту саясатын әзірлейтін Инвестициялар және экспорт басқармасы құрылды. Сондай-ақ осы екі бағытты «бір терезе» режимінде жұмыс істейтін фронт-офиске біріктіру тиім­ді», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Сонымен қатар, инвестицияларды тарту тетіктерінің тиімділігін арттыратын бірыңғай инвесторлар базасы құрылды. Түркістан облысының  фронт-офисі өңірдің экономикалық әлеуетіне жасаған талдаудың   негізінде басым инвести­ция­лық бағыттар анықталып, тың жобалар әзірленді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 106,9 млрд теңгеге 11 жоба дайындалды. 86 инвестициялық жобадан тұратын тізбе әзірленді. Олардың жалпы құны 338 млрд теңге.  Аталған жобалардың  ішінде 4 317 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 179 млрд теңгеге 43 жоба 2019 жылы жүзеге асырылады. Оның ішінде құны 53,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба шетелдік капитал қатысуымен іске асырылуда. Бұл жобалар  жұмыссыз жүрген 443 азаматты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады.

Шетелдік инвесторлар және экс­порт­таушылардың қолайлылығы үшін қажетті ақпаратты қамтитын және фронт-офиспен жұмыс барысын айқын болуына негіз болатын бірыңғай сайт дайындалуда. Статистика мәліметтеріне сәйкес, Түркіс­тан облысының негізгі капиталына са­лын­ған инвестициялар көлемі 2019 жылдың 5 айында 87,3 млрд теңгені құ­рады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,8 пайызға жоғары.

Экспортты дамыту бойынша да көп­теген жұмыстар атқарылған. Экспорт географиясы бойынша талдау жасалынып, барлық мүмкін тосқауылдар мен шешім­дер анықталды, соның негізінде экспорт­таушылардың бірыңғай базасы жасалды.

Қазіргі «Цифрлық Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша бүкіл эко­но­мика цифрлық форматқа ауысқан­дықтан, аймақта ШОБ дамытудың негізгі факторы бола алатын «Turkestan Digital Trade» көп функционалды цифрлық сауда алаңы іске қосылды.

Статистикаға сәйкес, Түркістан облы­сының өңделген экспорттық өнімдерінің көлемі 2019 жылдың 6 айында 342,3 млн АҚШ долларын құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,5 пайызға артты.

Айта кету керек, фронт-офис тәулік бойы жұмыс істейді. Кеңседе қоңырау шалу орталығы (call-center: 20-14) жұмыс істейді, байланыс қолайлығын арттыру мақсатында мобильді құрылғы арқылы байланыс орнатылады.

Соңғы жаңалықтар