ТҮРКІ және ТҮРКІСТАН

ТҮРКІ және ТҮРКІСТАН

ТҮРКІ және ТҮРКІСТАН
ашық дереккөзі
Редакциядан: Қазақ қана емес, жалпы түбі бір туысқан түрік, түркімен, әзірбайжан, өзбек, қырғыз тағы басқа халықтарға түркі, Түркістан атаулары аса қадірлі, тіпті қасиетті. Ұзынсаны отыздан асатын бүгінгі түркі халықтарының (атаудың да) шығу тегі жайлы қайталап еске түсірсек артық емес. 
  Түркі тектес халықтардың, ұлыстардың болашағын ойлағанда алдымен олардың тарихи сабақтастығын, тілдік, этнографиялық, типтік ұқсастығын, бір-біріне деген ізгі ниеттілігін қарастыра әрі байланыстыра отырып зерттегеніміз жөн. Себебі, мұның өзі солардың бірін-бірі жете танып білуіне, қандастық туыстығына жақындатуына және сол елдер мен ұлыстардың дамуына тигізер әсері мол. Олай болса, әңгімені әріден бастаған жөн. Жалпы, исі түрік халықтарына, ұлыстарына ортақ екі атау бар. Бірі осы «Түрік» сөзі болса, екіншісі — Түркістан деген ұғым. Екеуі де ортақ, әрі киелі. Біріншісі — олардың жалпы негізгі атын білдірсе, екіншісі — осы халықтар мен ұлыстардың негізгі отанын, ордасын әспеттейді. Ертеректен бар бұл атаулардың тарихын алдымен жазып көрейік. Түрік деп мен түркі сөзін айтып отырмын. Себебі, ғалымдар XIX ғасырда жалпы түріктерді Анадолы (Анатолия) түріктерінен ажыратып айту үшін алғашқыларын түркі деп атаған. Сөйтіп, түрік сөзі тек Түрік республикасының азаматтарына қолданыла бастаған. Байырғы түрік сөзінің өзі қай кезден бар деген пікірге келетін болсақ, ғылымда бұл жайында әлі бір жүйеге келе қоймаған сан алуан құнды болжамдар бар. Солардың бірі «Түрік» сөзі, бұл кісі есімі. Бұлай деп алғаш XI ғасыр тарихшысы Махмұд Қашғари бабамыз айтқан екен. «Түрік қауымы, — дейді ол «Диуан лұғат-ат-түрік» яғни «Түрік тілдерінің сөздігі» деген еңбегінде, — Түрік бин Иафес бин Нұхтың балалары болды» («Ана тілі», 1993 ж., 17 маусым, 6-бет. №24). Мұндағы бин деп отырғаны ұлы, баласы деген сөз. Сонда Түрік Иафестің ұлы, Нұхтың немересі болып шығады. Қашғари пікірін шежіреші Әбілғазы Бахадүр-хан да қолдайды. Хандық билікті қойып, тарихты, шежірені жазуға ден қойған ол әйгілі «Түрік шежіресінде» Түрікті Иафестің 8 ұлының үлкені деп жазады. Оның айтуынша: «Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар» деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы деген лақап қойды» («Түрік шежіресі», «Ана тілі» басп., Алматы, 1992, 12 б..) Әйгілі Нұх пайғамбардың баласы Иафес екендігі «Қиссасу-ләнбияда» да айтылған. Онда Япет деген атпен белгілі. Библияда Иафет деп жазылса, «Тарихи гумуми» кітабында Яфс деп жазылған. Аңыз бойынша ұзақ өмір сүрген Нұхтан жан алушы Әзірейіл сонша ұзақ жасадың, бұл дүниені қалай бағалар едің дегенінде, ол: «Бұл дүние құдды екі есікті үй екен, бір есігінен кіріп, екіншісінен шығып бара жатырмын» деп жауап беріпті (Әріпбайұлы Әшім әл-Сүрари, Әріпбайқызы Раушан. «Хиса-сул Әнбия», 1992 ж., 60-6). Бірақ, аталған еңбектерде Нұх, Яфес, Түріктердің өмір сүрген уақыты айтылмайды. Тек, Әбілғазы ғана Түріктің баласы Түтікті Парсы патшасы Кеймарспен (Кеюмерс) замандас деген. Түрік сөзінің этимологиясы, яғни шығу тегі жайлы екінші пікірдегі зерттеушілер мұның мағынасын «дулыға» деп түсіндіреді. Дулыға бұл ертедегі батырлардың басына киетін әскери бас киімі. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деп аталатын кітабында: «Ерте кезде түріктердің арғы ата-бабалары со халқы деп аталған. Ол халықты Ежен Шейку басқарған. Оның үлкен ұлы Шудың бас жағындағы тауда мекен еткен және сонда оның ордасы болған. Бұл таудың биіктігі сонша, халқы суықтан азап көрер еді. Нәділше еліне от жағуды үйретіп, халқын аман алып қалады. Сол кезде оның жақындарына бағынып отырған басқа да тайпалар оған келіп, оны Ту-кю деп атаған. Ту-кю дулыға деген мағынаны береді. Қытай тілінде «р» әрпі жоқ. Егер де оның ортасына сол — «р» әрпін қоссақ, біз одан «түркю, яғни түрік деген сөзді оқимыз» деп жазады (орысша басылымының 13-бетінде). Қытай жазбаларында алғаш пешті жасаушы да осы Нәділше (Надулуше) екендігі айтылған. Міне, Шәкәрім осы Ту-кюдің елін бертін келе Түрік атты үлкен мемлекетке айналды деген пікірді алға тартады. Бұл болжамды қолдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев екі кітаптан тұратын «Дулыға» атты үлкен тарихи еңбек жазған. Түрік сөзін зерттеуші ғалымдарымыздың бірқатары Ашин атты ханның да есімін ұмытпай, түрік сөзіне қатыстылығын орынды ескерткен. Ендігі бір пікір аңыз желісіне құрылып, түрікті көк бөріден таратады. Белгілі түрік зерттеушісі Зия Гокалып болса түрік сөзін «түрелі», яғни заң мен тәртіп иесі деп пайымдайды. Сондай-ақ, 1911 жылы жарық көрген бір зерттеу еңбегінде түрік сөзінің мағынасы күш-қуат делінген екен («Заман-Қазақстан», 27.01.95, №3/79/, 8-6). Түрік сөзінің мағынасын зерттеуге өзіндік үлес қосқан Қойшығара Салғара­ұлы «Алтын тамыр» кітабында атап өткен. Оның пайымдауынша, Түрік, Татар, Монғол халықтарының қай-қайсысы да аттары осылай аталған кісілердің, яғни осы аттас кісілердің кіндігінен тарамаған. Олар сол кезде өмір сүрген ру-тайпа бірлестігінің не тұтас хандықтың аты («Алтын тамыр», А., «Жазушы», 1986, 143, 153 бб). Тарихқа соңғы кездері ден қоя бастаған ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай түрік сөзінің этимологиясын «тіріг» мағынасы «адам» деген жаңа пікірді алға тартады («Ана тілі», 1984, 18 тамыз, №23, 8-6.). Түрік сөзінің мағынасын «арсыз» деушілер де табылады. Қалай дегенде, бұл сөздің мағынасын ойланып барып және өзіне дейінгі ғалымдардың не дегенін анықтап біліп барып жазған дұрыс. Мұны, сонымен бірге, тек отандық зерттеушілер ғана емес, батыс зерттеушілері де, орыс ғалымдары да барынша ден қойып зерттей түскен. Атап айтқанда, француз түріктанушысы Луи Базэн бұл сөзді «түрүк» деп ұғады, ал ағылшын түріктанушысы Дж. Клоссон «түркү», орыс түріктанушысы Лев Гумилев «түркүт» деп ұққан. Соңғысының «Көне түріктер» атты еңбегінде: «Кінәз Ашиннің нөкерлері осындағы (автор бұл жерде Монғол Алтайын айтып отыр. Б. А. ) байырғы жұртқа сіңісіп кетеді де, оларға «түрік», яғни «түркіт» деген ат береді» (Алматы, «Білім» басп., 1994, 24-6.). Ол, сонымен қатар, түрік сөзінің мағынасын «күшті», «мықты» дегенді білдіреді деп тұжырымдаған. Академик А. Н. Коненовтің ойлауынша түрік сөзінің түбірі «түркүн» яки жинақы атау. Мағынасы, «түр» — халық болса, «күн» мен деген сөз. Мұны ғалымның «Родословна туркмен» Сочинение Абу. л. Гази хана Хивинского» атты кітабынан ұшырастырамыз (М. — Л., КСРО ҒА басп., 1958 ж., 81-6). В. В. Радловтың да бұған кезінде зор мән бергені бар-тын. Өз сөздігінде ол: «Түрік сөзі — батыр, батыр ер, қаһарлы» дей келе, екінші жағынан «білімсіз жыртқыш, қаңғыбас» деп түсіндіреді («Жер-судың аты — тарихтың хаты». Әбілбек Нұрмағамбетұлы, А., «Балауса», 1994, 55-56 бб.). Радловтың ойы түрік сөзінің мағынасы осы екі ұғымның бірін білдіреді дегенге саятын сықылды. Сонымен, түрік сөзінің өзі бір жағынан кісі есімі делінсе, енді бір жағынан бас киім мағынасында, үшінші жағынан күшті деген ұғымда болса, тағы да басқа жақтарынан жыртқыш, қаңғыбас, сондай-ақ жинақы сөз деген мағыналардың бірі екен. Сонда ол мұның қайсысы болмақ? Егер де түрік сөзі алғашқыда тек «түрік» деп айтылса, бұл сөздің жинақ екенін айту қиын. Жыртқыш дейтін олар аң емес, ал қаңғыбас, арсыз деп одан жәбір көргендер ғана айтуы ықтимал, ешқандай халық мағынасы ұсқынсыз атты өздеріне атау ретінде алмайды. «Тіріг» яки «адам» деген ұғым да біраз ойландырғанымен дәлелдеуді көбірек қажет етеді. Ал, адамды бас киім ретінде атау да сенімсіздеу. Аңызда айтылатын көк бөріден пайда болыпты дегеннің өзі аңыз екені белгілі. Мұны мистикалық ұғым, соған табынудан туған пікір деу орынды. Күшті, күш-қуат, мықты не тәртіптің иесі деу әбден лайық, бірақ ертедегі сөздіктерден мұны кездестіре алғанымыз жоқ. Сонымен бірге, түрік сөзі қытай тілінде ту-кю екені айтылды. Бұлай деп олар Ашин ханның бодандарын айтқан екен. Зерттеуші П. Польо мұны «туркют» яғни түріктер деп аударыпты. Ал, Ашин сөзін Лев Гумилев қасқыр, бөрі деп түсіндіреді. Сол замандарда туларына (байрақтарына) көк бөрінің басының суретін салып жауға шапқаны аян. Олай болса, түрік сөзі бөрідей батыл дегенді білдірсе керек. Енді осы түрік сөзі қашаннан бері бар дегенге келсек, оны түріктер ел ретінде пайда бола бастаған сонау 5-6 ғасырлардан іздеген жөн. С. Г. Кляшторный мен Т. И. Сұлтановтар «Казахстан. Летопись трех тысячелетий» атты еңбектерінде бұл сөзді алғаш VІ-ғасырдың екінші жартысында жазылған еңбектерден табылатынын және кең тарағанын жазады. Соғдылар түріктерді түрік деген. Көптік жалғауда ол — түркүт, яғни «түркі» болып айтылады екен. Олардың пайымдауынша қытайлар түрік сөзін осы соғдылардан алған, Түрік сөзін мұнан әрі қарай византиялықтар, арабтар, сириялықтар ала бастаған. Кейін ол әртүрлі иран тілдеріне, тибеттіктерге көшкен. Түрік сөзі қағанат құрылғанға дейін он, кейінірек он екі патшаның одағы болыпты. Ол 460 жылдан кейін Алтай маңында құрылған, — деп жазады екі ғалым (А., «Қазақстан», «1992, ж., 78-6.). Шындығында, түрік сөзі алғаш қолданылғаннан кейін көп ұзамай төңірегіне, одан басқа да аймақтарға әйгілі бола бастаған. Алтайлық түріктерді Лев Гумилев Батыс ғұндардан шыққан, бірақ тікелей емес, мисстикалық жолмен шыққан дейді. Батыс гун мемлекеті 468 жылы жойылғаны белгілі. Демек, олардың ізін ала түріктер біртіндеп күшейіп, әл жинап, бір мықты елге айнала бастаған. Ал, олардың халық ретінде, мемлекет ретінде еңсе көтеруін ғалым 545 жыл деп бағалаған. Сонда біздердің мемлекет халық болып табылған уақытымызға биыл 1450 жыл толмақшы екен. Бұл естен шығарылмайтын дата. Енді 50 жылдан соң, аманшылық болса, исі түрік халқына 1500 жыл болмақ. 546 жылы түріктердің әскербасы әрі көсемі Бумын елге қаған болып сайланып, түрік елі Түрік қағанаты атанады. Міне, осы даталар біз үшін киелі болуы тиіс. Түрік қағанатына бұрынғы сақ, үйсін, қаңлы, ғұн мемлекеттерінің қайсыбір тайпалары еніп, араласып кеткен. Осыған және басқа да жағдайларға орай түріктердің жер иелігі де кеңейіп, шығысында Байкал көліне, батысында Қара теңіз жағалауына дейін созылған. Сөйтіп, қағанат Қытай мен Византияны байланыстырған мемлекет болды. «Ұлы Жібек жолы» да осы байтақ территория арқылы өткен. Лев Гумилев «Қиял патшалығын іздеу» деген көлемді кітабында IV-VI ғасырларда ірі мемлекет Қытай елі көршілері      ғұндармен, тибеттіктермен, сэнбилермен қырқысып жүргенде құба жон, құла түзде Гуннудан әлдеқайда күшті мемлекет Түрік мемлекеті құрылады деп әділ бағасын берген. Оның баяндауынша, бұл қағанат 550-569 жылдар ішінде ғана Сары теңіз бен Қара теңіз аралығында жатқан ұлан байтақ даланы, Орта Азия жерін иемденіп, күшті, қуатты державаға айналған. Онымен Византия, Иран, Сібір угорлары, Грекия санасып, сауда-саттық қарым-қатынастарын орнатуға мәжбүр болған. Елшіліктерін де ұйымдастыр­ған. Сөйтіп, Ұлы Түрік қағанатынан Қытай да аяғын тартып, Орта Азия жеріне қарай қанша көз тіккенімен үш ғасыр         бойы      өз шекараларындағы Ұлы қорғаннан бері қарай аса алмаған (аталған еңбек, Алматы, «Балауса» басп., 1992., 43-44 бб.). Махмұд Қашғари ежелгі түріктердің күнбатыста Рум (Рим), күншығыста Қытайға дейін байтақ, сегіз мың фарсах шамасындағы созылып жатқан жерлерді иемденгенін жазып өткен. Осы алып аймақта түріктің ертедегі ру-тайпалары: байырқу, бұғу, бұлақ, беклі, едіз, қыбыр, түргеш, қарлұқ, дұлға, торғай, шігіл, йағма, тухси, қырғыз, иамақ, ұйғыр, басыл, бұлғар, оғыз, түрікмен және басқалары мекендеген. Олардың көбі бүгіндері ел, ұлыс болып отырған: қазақ, қырғыз, түрік, түрікмен, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, ноғай, алтай, хакас, саха, татар, шуваш, башқұрт, шорлар мен тофалар, құмықтар мен долғандар, қарайымдар мен қарашайлар, қырымшақтар, гагауздар, қырым татарлары, малкалар, кумандар, қашқайлар, әзірбайжандар, шулымдар және басқалардың арғы аталары. 603 жылы Ұлы Түрік қағанаты екіге бөлініп, Батыс және Шығыс қағанаттары болып аталды. Түрік қағанаттығын, мемлекеттілігін нығайтуға Бумын, Елтеріс, Білге қағандар, Тоныкөк, Күлтегін секілді батырлар, Томирис секілді ғажайып ел басқарған әйелдер зор күш жұмсаған. Олардың бәрін бірдей жазып өту, әрине мүмкін емес. Бір ғана Алпамыс батырдың әйелі, Шығыстағы ел басқарып бек болған жеті қыздың бірі — Гүлбаршынның еңбегі де ересен. Ол батырдың сүйікті жары ғана емес, ел қамқоршысы да бола білген. Сол себепті жұрты оның атына Баршынкент деген қала тұрғызып, өзі өлген соң әсем күмбезді Көккесенені яғни Баршынның кешенін тұрғызған. Кесененің қираған орны қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төмен­арық темір жол станциясы маңында, қорымға айналған. Түрік қағанаттары кейін салжұқ, қараханид және оғыздардың мемлекет болуы нәтижесінде өздерінің саяси күшінен бірте-бірте айырылып, мемлекет болудан қалған. Ал, Шыңғысхан мен оның балаларының XIII ғасырдағы батысқа қарай жасаған қанды жорықтары салдарынан байырғы түрік тайпалары мен рулары ыдырап, майдаланып, олардың қол астына қарап, енді бірі басқа да жұрттарға сіңіп кеткен. Бірлі-жарымдары ғана өз теңдіктерін әрең сақтап қалған еді. Мұнан соңғы қанды жорықтардың кезінде де түрік жұртының тоз-тозы шығып, әртүрлі ұсақ тайпалардың, ұлыстардың қатарына жатуға мәжбүр болды. Бір-бірінен территориялық, саяси және мәдени байланыстары да ажырай бастады. Сөйтіп, байырғы түрік жұртының ұрпақтары бірі сол өздерінің шаман дінінде қалса, бірі ислам дініне көшіп, басқасы христиан, т.б. діндерге өтіп кете барған. Олардың бұлайша бөлшектеніп кетуіне көрші орыс империясы мен жоңғар мемлекеті біраз «септігін» тигізген. Басқыншылық десе ішкен асын жерге қоятын олардың императорлары түрік жұртын аямай шауып, бөлшектеп, бір-бірінен территориялық байланыстылығын үзіп, тұралатқан. Әсіресе, орыс империясының Сібір мен Орта Азияға, жоңғарлардың қазақтарға көрсеткен жәбірлері аз болмады. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадан» әбден титықтаған қазақ жұрты «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын әйгілі «Елім-ай» әнін қайғыра отырып шығарған. Түркістан деп аталатын өлкемізді 1867 жылдан 1881 жылға дейін билеген генерал-губернатор Кауфман болса ислам дінін елемей, бұл өлкеге қажетсіз деп тапқан. Сөйтіп, өлкенің солтүстік-батыс аймағын, яғни қазақтар шоғырланған бөлігін православие дініне кіргізбекші болып әпербақандық жасады. Әрине, оның зәбірі тек оларға ғана емес, көптеген түрік халықтарына тиіп жатты.

Б. АЙСЫНОВ.

Қызылорда қаласы.

«Түркістан» №46