16 Тамыз, 16:21 357 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

Ақтөбелік еріктілер 4 жастағы қызды өгей әкесінен құтқарды

Ақтөбеде 4 жастан асқан қыз анасы қайтыс болған соң өгей әкесімен қалған. Ішімдіктің ортасына айналған үйден кір-қожалақ баланы полиция алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сал ауруына шалдыққан баланың мүшкіл хәлі туралы еріктілерге әлеуметтік желі арқылы хабар түскен. Хабар берген ақтөбелік ол үйдің ішімдік ұясы, ашулы адамдардың денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін де ескертті. Еріктілер жанына полиция қызметкерлерін ертіп, 4 жастан асқан қызды үйден алып шықты.

«Екі жыл бұрын қыздың әкесі қайтыс болып, анасы азаматтық некедегі күйеуімен тұрған. Тамыз айының 8-інде анасы көз жұмып, кішкентай мүгедек қыз өгей әкесінің қарауында қалған. Бұл үй ішімдік ішетін адамдардың жеріне айналып кеткен. Біз полициямен бірге барып, кішкентай қызды алып кеттік. Қыздың күйі адам шошырлық жағдайға түскен. Шашы таралмаған, беті жырылған. Әрең тыныс алады, өкпесі сырылдайды. Дене қызуы көтеріліп, дерті асқына түскен. Кейін қалалық қорғаншылық органдарымен бірге «Үміт» сәбилер үйіне апарып, бақылауға алдық. Біз алдағы уақытта да барып, көмек көрсетіп тұрамыз», - деді ерікті Екатерина Голотина. «Үміт» сәбилер үйіне қабылданған 4 жастағы қыз қазір ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа ауыр. «Туа бітті жүрек ауруымен есепте тұр. Оған кезінде ота да жасалған. Әрі анасынан баласына ЖИТС жұқпалы ауруы берілген секілді. Бұл диагноз әлі анықталады», - деді сәбилер үйінің бөлім меңгерушісі Нұргүл Сарманова.

Соңғы жаңалықтар