Токио олимпиадасында роботтар қызмет көрсетеді

Токио олимпиадасында роботтар қызмет көрсетеді

Токио олимпиадасында роботтар қызмет көрсетеді
ашық дереккөзі
Жапониялықтар Токио Олимпиадасына ерекше дайындалуда. Ел билігі мен халқы төрткүл дүниенің саңлақтары сайысатын байрақты бәсекені бұрынғыдан өзгешелеу өткізбек. Күншығыс елі заманауи технологияларды пайдаланып, Олимпиада тарихында бұрын-соңды болмаған бастаманы қолға алып отыр. Спорт додасында қонақтарға қарапайым адамдардан бөлек, роботтар қызмет көрсетеді. Токио Олимпиадасының басталуына 1 жылдан аз уақыт қалды. Келер жылдың 24 шілдесінде кезекті Жазғы Олимпиада ойындарының  тұсауы кесіледі. Қазір Күншығыс елінің билігі төртжылдықтың ең маңызды спорт оқиғасына тыңғылықты дайындалып жатыр. Жапон елі спорттағы әлеуетін ғана емес, технологиядағы жетістіктерін де паш етуді көздеп отыр. Бұл осы жолғы жазғы олимпиаданың басты ерекшелігі болмақ. Олимпиада ойындарына арнайы роботтар құрастырылған. Құлтемірлер келушілерге барынша көмектесіп, жол көрсетеді. Жалпы Токио Олимпиадасы адамзат тарихындағы ең инновациялық дода болмақ. Ұйымдастырушылар осы сенімнен шығу үшін байрақты бәсекеге адамның жүзін танитын жүйе енгізбекші. Яғни жарысқа қатысатын спортшылардың, қызметкерлер мен ақпарат құралдары өкілдерінің суреттері роботтың базасында сақтаулы болады. Осылайша, аталған жүйе адамдарды автоматты түрде танып, ішке кіруге рұқсат береді. «Бұл бастама Олимпиада кезінде қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізеді», – дейді мамандар. «Олимпиада кезінде жарыс өтетін жерлерге бөтен адамдар мен бөгде заттардың кіріп кетпеуі қатаң қадағаланады. Ал бетті танитын жүйе бұл жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді деп ойлаймыз. Өйткені компьютер, күзетшілерге қарағанда, адамның бетін дәлірек таниды және қателесуі мүмкін емес. Қысқасы, бұл бастама алдағы жазғы ойындарда бізге керемет көмекші болмақ» – дейді Токио олимпиадасының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Цуёси Ивасита 2020 жылы төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі додада жанкүйерлер өздерін жайлы сезінулері үшін де барлық жағдай жасалмақ. Ұйымдастырушылар шіліңгір шілденің аптап ыстығынан жанкүйерлерді қорғау үшін барлық кешендерге салқындатқыштар орнатады. Ал автобус аялдамаларына су бүркитін аппараттар қойылмақ. Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэ «Қазір бізде күн қатты ысып кетті. Спортшылар үшін бұл қалыпты жағдай. Олар дайындықтарын жүргізе береді. Ал әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жанкүйерлер үшін ауыр болмақ. Сондықтан олар ешқандай қолайсыздықты сезбейтіндей жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Келесі жылы Токио-2020 Олимпиадасында 42 спорт нысаны жұмыс істейді. Оған 11 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Ал мультиспорттық доданы ұйымдастыруға 200 мыңнан аса ерікті көмектеседі. Қалай болғанда да төрткүл дүние асыға күтіп жүрген байрақты бәсеке тартысқа толып болып, көпшіліктің көңілінен шығады деп сенеміз», – деп отыр.