15 Тамыз, 18:25 338 0 Қауіпсіздік Túrkistan Gazeti

Нұр-Сұлтанда полицей шақалақты өртке оранған үйден алып шықты

Елорда тұрғындары өртеніп жатқан үйден жаңа туған сәбиді алып шыққан полиция қызметкеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ-нен хабарланғандай, 12 тамыздың түнінде Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шыққан. Пәтер иесі Жанар Сәдуақасқызы өз үйінде 14 жастағы қызы мен жаңа туған ұлымен отырған. Тілсіз жауды байқағаннан кейін ол бірден өрт сөндірушілерге хабар беріп үлгереді. Ақыры, өз үйінен өздігінен шыға алмайтынын аңғарғаннан кейін есікті ашық қалдырған күйі балконға шығып, сыртта жүргендерді көмекке шақыра бастаған.

«Мен ұлымның аузын дымқыл шүберекпен жауып қойдым. Барынша ауа жұтқанын қаладым. Бірақ, үйді көк түтін алып кеткеннен кейін демалудың өзі қиынға түсе бастады. Жанымда 14 жастағы қызым бар еді. Күйеуім бұл уақытта Қарағандыдан келе жатқан. Қанша уақыттың өткенін білмеймін... Біраздан соң үйге полиция қызметкерінің кіріп келе жатқанын байқадым. Полицияны шақырмаған едім, сондықтан таңғалып қарап қалыппын. Құқық қорғаушы бәрімізді тыныштандырып, ешқандай қорғайтын киімсіз бізді сыртқа алып шықты. Сол күнді ойласам әлі күнге дейін жаным түршігеді. Тәртіп сақшысына алғысымды қалай білдірерімді білмеймін. Дінмұхамед секілді полицейлер көп болса деген тілегім бар. Оның қайсарлығы мен кәсібилігінің арқасында біз қауіптен аман қалдық. Оның әріптесі де рация арқылы жағдайдың бәрін бақылауында ұстап отырды. Біз осы екі полиция қызметкеріне көп рахмет айтамыз», - деді Жанар Сәдуақасқызы.

Өрт кезінде қайсарлық танытқан полиция қызметкерлерінің есімі – Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті патрульдік полицияның полк қызметінің инспекторы, аға лейтенант Дінмұхамед Масадықов пен аға лейтенант Ернар Ақанов. «Үйде кішкентай бүлдіршіннің барын білген кезде ең алдымен соны құтқаруды ойладым. Себебі, ересек адамдар көк түтінге шыдас бергенімен, сәби оны көтере ала ма!? Қолымнан келгенінің бәрін жасадым. Бәрі сәтті аяқталғанына қуаныштымын», - деді Дінмұхамед.

Соңғы жаңалықтар