9 Тамыз, 15:46 589 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасын қабылдады

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады.

Кездесу барысында Н.Назарбаев «Самұрық-Қазына» АҚ қаржылық көрсеткіштері туралы ақпаратқа қаныға келе, кейбір мәселелер жөнінде талқыға салды.

А.Есімов ұсынған есепке сәйкес, алғашқы жарты жылдықта таза табыс 749 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық.

Айналым бойынша операциялық табыс пен кіріс 492 млрд теңге және 3,3 трлн теңгеге жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда 36 және 12 пайызға көп.

Қордың қаржылық әлеуетіне көңілі толған Елбасы әлеуметтік жобаларға белсенді түрде ат салысу керектігін еске салды. Әсіресе, «Қамқорлық» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.

«Мемлекет, әкімдік, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес қауымдастықтар бұл іске мән беріп, балаларды қолдауға кірісіп кетті. Алайда, қазір оңалту орталықтарының жұмысы көптің көңілінен шықпай отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуді тапсырамын», –  деді Елбасы.

«Себебі, бізге аймақтарда көппрофильді оңалту орталығын салу керек. Сондай-ақ, мектептерде қосымша кабинеттер ашу маңызды. «Самұрық-Қазына» осындай қайырымдылық жобаны қолдауға әрдайым дайын. Бұл іске де жауаптылықпен қарауы тиіс» деп қорытындылады Елбасы өз пікірін.

Бұдан өзге Елбасы Қор басшысына білім жобаларын жүзеге асырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан талантты балаларды қолдауды міндеттеді. Сондай-ақ, медицина саласындағы жобаларды қаржыландырып, материалдық базаны жақсартып, білікті кадрларға мүмкіндік жасауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар